35748 әскери бөлімі мергендер взводының сержанты Әсілбек Қарабай Қазақстан Қарулы күштері сержанттарының арасындағы XIV бүкіл армиялық конкурсында жеңімпаз атанды. Бұл жарыста ол «Үздік взвод сержанты» аталымында жеңіске жетіп, батылдық пен кәсіби шеберліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Байқауда Қарулы күштердің 118 үздік сержанты бақ сынады. Олар – өз әскери бөлімдерінде, әскер түрлері мен тектерінде іріктеу жарыстарынан топ жарып, ақтық кезеңге қатысуға жолдама алғандар.
Әсілбек осы конкурста жеңіске жету үшін көп еңбектенді. Алдын ала жаттығулар жасап, сайыс барысында табандылық пен қайсар мінез көрсетті. Осылайша, ол өзінің әскери бөлімінде, содан соң «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында үздік екенін дәлелдеді. Отан қорғайтын жауынгер қай кезде де мықтылығын көрсетіп жүру керек.
Іріктеу жарыстарында Әсілбек ерекше дене жаттығуларымен көпшілікті тәнті етіп қоймай, сонымен қатар әскери тарих саласында да терең білімі бар екенін байқатты. Оның еңбекқорлық қасиеті мен өз ісіне деген адалдығы жарыста жеңіске жетуіне себепші болды. Дегенмен сайыстың соңғы кезеңдері барлық қатысушыға бірдей өте қиынға соққанын мойындау керек.
Жарыс барысында сержант Әсілбек Қарабай «Айбын» әскери-спорт кешенінде бірқатар жауынгерлік, спорттық сынақтардан өтті. Бұл кешенде әскерилер 100 метр, 3 шақырым қашықтыққа жүгірді, кермеде тартылып, қоян-қолтық ұрыстан жекпе-жекке шықты. Аталған сынақтар тек физикалық күшті ғана емес, ептілікті, төзімділік пен стрестік жағдайларда тез шешім қабылдай білуді қажет ететіні белгілі.
Жамбыл облысында орналасқан «Айша бибі» полигонында Әсілбек «Қайсар» әскери-кәсіптік кешенінде сайысты. Онда ол қиылысқан жерлер бойынша ұзақ қашықтыққа жүгіруден жарысты. Мұнда да сарбаз өзінің қарумен оқ ату, граната лақтыру шеберлігін көрсетті, өзінің жоғары кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдеп, мергендер взводының сержанты лауазымына лайықты екеніне күмән қалдырмады. Сондай-ақ сержанттар «Керуен шеруі» деп аталатын тағы бір сынақтан өтті. Бұл ер азаматтардың нағыз төзімділігін сарапқа салған жарыс болды. Сол байқауда үміткерлер 10 шақырым қашықтықты салмағы 15 килолық сөмкені арқаланып еңсерді.
Ал «Сері» әдеби-көркемөнер байқауында Әсілбек пен оның қарсыластары әскери дайындық машықтарынан бөлек әртүрлі өнері мен таланттарын ортаға салды. Бұл байқауда қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеті бойынша өзара бақ сынасты.
Сонымен, Әсілбек Қарабайдың «Үздік взвод сержанты» аталымын жеңіп алуы – оның жеке марапаты ғана емес, әскери бөлім мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының да үлкен жетістігі. Сөз жоқ, әріптесінің биік тұғырдан көрінуі оның қызметтестеріне үміт пен жігер сыйлады. Қазіргі тілмен айтқанда, қарапайым сержанттың жарыстағы жеңісі қасындағы әріптестеріне тек алға ұмтылуға керемет мотивация берді.
«Әсілбек Қарабай – өз кәсібіне нағыз адал жан, талапты да еңбекқор адам. Мүмкін осы қасиеттерінің арқасында болар, ол байқаудағы сынақтардан сүрінбей өтіп, үлкен мақсатына қол жеткізді, жеңімпаздың ендігі жетістігін басқа әріптестері де жалғастырар деген үміттеміз», деді әскери бөлім басшылығы.
ШЫМКЕНТ