• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Өнім 11 Желтоқсан, 2024

Нарықты жаулаған «Саумал»

68 рет
көрсетілді

Осакаров ауданындағы «Eurasia Invest» ЖШС-нің ұнтақталған «Саумал» бие сүтін әлемдік нарыққа шығарғанына бірнеше жыл болды.Сапасы мен құнарлылығы жоғары болғандығынан бұл өнімге сұраныс көп. Ел ішінен бөлек, Қытай, Ресей, Германияға экспортталып үлгерді. Қанаты қатайған кәсіпорын бие сүтін өндіріп қана қоймай, егін шаруашылығына ден қойып келеді.

Cаумалы әлемді шарла­ған фермада екі мыңнан астам жылқы бар. Жылқыларын сауын кезінде арнайы темір қоршауға қамайды. Бие желі­­ніне сауыншының қолы тимейді. Аппаратпен идіріп, сауып алады. Бір сауғанда 3-4 литр сүт береді. Жемшөбін уақтылы бергендіктен күніне бес мезгіл сауылады.

Сүт машинасы бие сүті­нің сапасын қаз-қалпында сақ­тап, зауытқа, яғни сублимация үде­рі­сін жүргізуге жібереді. Бие сүті­нің дәрумені мен микроэлементі­нің қалпы бұзылмай, сол жерде кептіріліп, ұнтақталады.

– Өндірістегі әр кезеңді жіті ба­қылауға аламыз. Сүттің әр үдерістен өткенін біздің машықтанған технологтер назарда ұстап, сапасын қадағалап отырады. Сублимация үдерісінен соң сүт мұздатылады. Сосын кептіріледі. Осы кезеңнен соң өнім да­йын болады. Әбден тексерістен өткен соң ұнтақты арнайы герметикалық пакеттерге ораймыз. Ол да үлкен жұмыс. Өнімнің балғындығына, құнары мен сақтау мерзімінің ұзаруына бұл пакеттердің өзіндік пайдасы бар, – дейді шаруашылық басшысы Серік Жүнісов.

2 000 жылқы аз байлық емес. Сәй­кесінше, шаруашылықтың жайы­лым жері де, шабындығы да, егістік алқабы да бар. 11 000 гектар жерге шөп егеді. Кәсіпкер егістік алқабынан өнім көлемін арттыруға ден қойған. Үйір-үйір жылқысын осы егістіктен түскен өніммен өсіріп отыр. Егінді күтіп-баптайтын білікті агрономдар мен сақадай сай техникалар – шаруаның басты күші.

Биыл автоматтандырылған суа­ру жүйесін құру үшін ауқымды жұ­мыстар қолға алынған. Енді бұдан былай дақылдарды қолмен емес, арнайы автоматтандырылған құрылғы арқылы суарады. Суару саласының мамандарымен бірлесе сорғы стансасы орнатылып, магистралдық құ­бырлар тартылды. Су беру жүйе­лері де жасалды. Әрі жоғары сападағы автоматтандырылған жабдық қойыл­ды. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін суару жұмыстарын жүргізіп те көріпті. Жаңаша тәсілмен суарылған өнімді де алып үлгерген.

– Жоба аяқталғаннан кейін оны іске қостық. Сапасы да, жұмыс істеу үлгісі де көңілімізден шықты. Осы автоматтандырылған суару жүйесінің арқасында өнім көлемі артып, сапа едәуір жоғарылады. Өйткені егістіктің сай-саласына су барды. Әрі озық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, өндірісті жаңғыртуға қадам жасадық. Бұл өндіріс қуаттылығы артты дегенді аңғартады. Заманауи техниканың арқасында ауыл шаруа­шылығы жұмыстары біршама жеңіл­деді. GPS және автоматты басқару жүйелерімен жабдықталған техника­ларымыз егу, суару және жинау қызметін мүдірмей атқарады. Бұрын­ғыдай емес, жаңа техникалар көмегі­мен шығынымыз азайып, егін сапасы артып, ырысымыз молайды, – дейді шаруашылық жетекшісі.

Келер жылы кәсіпорын өзінің көкөніс қоймасын салмақшы. Бүгінгі күні қойманың іргетасы құйылып, қабырғасы қаланған. Қоймада тон­на-тонна картоп пен түрлі көкөніс қоры сақталады. Осы жерден өнім­дерін нарыққа шығарып, кәсіпорын шығынын азайтып, табысын арттырамыз деп жоспарлап отыр. Мұны­мен қоса, сұлы, арпа секілді дәнді дақыл­дарды сақтау үшін жаңа астық қоймасы салынып жатыр. Заманауи климаттық бақылау жүйесімен жабдықталған қойма өнім сапасын жоғалтпайды. Ұзақ уақыт қалпын бұзбай сақтауға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл жұрты екі қолға бір күрек табады.

 

Қарағанды облысы,

Осакаров ауданы