• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Инвестиция 11 Желтоқсан, 2024

«SpaceX» отандық стартапқа инвестиция құя ма?

46 рет
көрсетілді

Уақыт – бұл бизнестегі негізгі ресурс. Компаниялар мәмілелерді неғұрлым тез және оңай жасай алса, соғұрлым олар тиімді жұмыс істейді. Дәл осындай мін­детті келісімшарттарға онлайн қол қоюға мүмкіндік беретін «TrustMe» отандық стартапы орындай алады.

«Tesla», «Skype» және «SpaceX» сияқты алпауыт­тардың инвесторы Тим Дрей­пер осы стартапқа 1 млн доллар көлемінде инвестиция құюға дайын. Кәсіпкердің жалғыз шарты – компания 2024 жылдың соңына дейін 300 мың доллар көлемінде табысқа жетіп, ішкі нарықта сұранысқа ие екенін дәлелдеуі керек.

«TrustMe» – Силикон алқабындағы акселератор нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік 10 стартап қатарына енген, SMS арқылы 90 секундта маңызды келісімшарттарға қол қоюға мүмкіндік беретін «TrustContract» қызметін ұсынатын, 2 000-нан астам компанияға көмектесіп үлгерген компания. Бұл бастаманың экологияға әсері туралы да айтпай кетпеске болмас. Өйткені қағаз шығы­нын азайту – технология мен экологиялық тиімділік тұр­ғысынан өте маңызды шара.

«Шотымда жеткілікті ақша болған кезде IT сала­сында өзімді сынап көргім келді. Технологиялар арқы­лы қоғамға пайдамды тигізе алатынымды түсіндім. Осы­лайша, адамдар мен компания­лар өзара әрекеттескен түрлі мекемелер туралы шы­найы пікір қалдыра алатын экожүйе – «TrustMe» тұ­жырымдамасын ойлап тап­­тым. Кастдев өткіздік, ги­по­тезамыз расталды және өнім жасауға кірістік. «TrustContract» бизнес-үдеріс­терді жақсартуды ғана емес, сонымен қатар барлық заңды талаптарға сай толық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл – кішігірім кәсіптен үлкен компанияларға дейін пайдалы ресурс. Қазір әрбір азаматтың қолдауы – отандық технологиялардың әлемдік аренада да мойындалуына үлкен көмек», дейді «TrustMe» сервисінің негізін қалаушы Шыңғыс Дәулетбаев.

Жеке капиталы 2 млрд долларға бағаланған Тим Дрейпер бүкіл салаларға әсер ете алатын стартаптарды іздейді. «Оның инвестиция құюы – тек қаржылық қолдау емес, бір жағынан стартаптың сапасы мен әлеуетін мойын­дау», дейді компания өкілдері.

Шыңғыстың айтуынша, бас­ты клиенттері – шағын және орта бизнес субъектілері. Тар­қата айтқанда, көлік тасымалы, сауда-саттық, туризм, тағы басқа бағыттар. Қазір елімізде шамамен бір жарым миллион жеке кәсіпкер мен 600 мың компания бар, соның арасынан 700 субъекті – «TrustContract» клиенттері. Күніне 200 компания осы платформаны пайдаланып, қол қояды. Қазірге дейін «TrustContract» көмегімен 100 мыңнан астам келісімшарт жасалған.