Жаңаөзен қаласының бүгінгі әлеуметтік-экономикалық келбеті, қаладағы қордаланған мәселелер мен оларды шешу жолдары өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың мұнайлы қаладағы тұрғындармен есептік кездесуінде тілге тиек болды. Әкім қала тұрғындарымен кездесіп, жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Алдымен қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев Жаңаөзеннің 2024 жылдың қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, 2025 жылға арналған негізгі жоспарлары туралы баяндама жасады.
Ж.Қайнарбаевтың айтуынша, қалада 2024–2026 жылдар аралығында жалпы құны 174 млрд теңгеден асатын 13 жаңа ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған, ол жобалар жүзеге асқанда мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылатын болады.
Жоспарланған жобалар қатарында бетон шығару зауыты, Жаңа газ өңдеу зауыты, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Eni S.p.A.» компаниясының бірлескен гибридті электр стансасы, сондай-ақ 2025 жылы «KazPetroDrilling» АҚ-ның сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын өндіретін зауыты, шағын құс фермасы жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазір аталған жобалар жұмысы тиянақты жүргізіліп жатыр. 2025 жылы сәуір айында ашылады деп жоспарланған сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын өндіретін зауыт құрылысы қарқынды. Негізгі цех құрылысының, асхана мен жатақхана құрылыстарының іргетастары қаланып, қабырғалары көтеріліп, монтаждау жұмыстары мен өзге де ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі цехтың бетон төсенішін жасау жұмыстары қолға алынып, модульді ғимараттың құрылысы 95%-ға, модульдік ғимараттың ішкі инженерлік коммуникациялық монтаж жұмыстары мен негізгі цехтың темір конструкцияларын монтаждау 70%-ға орындалған. Сондай-ақ негізгі цехтың құбырлар, сумен қамтамасыз ету жабдықтары жұмысы да 30% шамасында еңсерілген екен. Межеленген уақыттан кеш қалып жатқан тұстар да жоқ емес, бірақ жұмысты сәуір айына дейін аяқтау басты назарда.
Жолаушылар тасымалы саласында биыл қала аумағында 5 қосымша бағыт ашылып, қазіргі уақытта 10 маршрут бойынша 33 автобус қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ Кендірлі туристік аймағын дамыту аясында киелі орындарға жаңа бағыттар ашу, яғни «Кендірлі – Темір Баба қорымы – Қауынды», «Қорғанбай ойпаттары – Кендірлі-Қаясан – Адамтас – Ақсу» туристік маршруты арқылы Қарақия ауданына қарасты «Өнере бұлағы – Қарынжарық ойпаты – Булыойық үңгірі – Қызылкүп шатқалы – Боқты тауы – Сенектің құмы – Бозжыра – Бекет ата» маршрутына жалғастыру көзделіп отыр.
Әлеуметтік саланы жақсарту мақсатында Кендірлі ауылында 50 адамға арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды, нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Жаңаөзен қаласы мен оған қарасты ауылдарда 442 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бір ауыл – бір өнім» ұлттық жобасы аясында форум мен жәрмеңке ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстыруға мүмкіндік алды. Нәтижесінде, екі жоба финалға шығып, олардың әрі қарай дамуына арнайы ғимарат бөлінді.
Жаңаөзен қаласында тұрғындар үшін сапалы жол инфрақұрылымын құруға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған 13 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 8 жоба «Ауыл – ел бесігі», «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары шеңберінде қолға алынған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Теңге, Кендірлі, Қызылсай, Рахат ауылдарында жол салу, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында Рахат ауылындағы, Мерей шағын ауданындағы жол құрылыстары қарқынды жүргізіліп, Маңғыстау облысының 2021–2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму кешенді жоспары аясында қалада алғаш рет жастарға арналған 350 орындық «Bolashaq Sarayi» салынып жатыр. Жалпы ауданы 3 мың шаршы метрді құрайтын бұл руханият орталығында балалар мен жастардың шығармашылық, техникалық қабілеттерін дамытуға арналған роботтехника және бағдарламалау, 2D/3D модельдеу, шет тілдері, киім дизайны мен тігін ісі, қолөнер, вокал, халық аспаптарында ойнау бағыттары бойынша арнайы кабинеттер ашу жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында келер жылы Рахат ауылында жалпы ауданы 3 474 шаршы метр болатын 300 орындық заманауи мәдениет үйі, Жаңаөзенде қалалық жастар ресурстық орталығының жанынан заманауи коворкинг орталығы ашылады.
Жаңалығы көп Жаңаөзендегі кездесуде тұрғындар аймақ басшысы Н.Қилыбайға толғандырған мәселелерін жеткізіп, шешімін күткен түйткіл істерді ортаға салды. Халықтың басым көпшілігі тұрғын үй, жұмыссыздық, жол мәселесі, кәсіпкерлік, білім саласы мен үлескерлерге қатысты мәселелерді көтерді.
Маңғыстау облысы