Таиландтағы Азия чемпионатының финалында еліміздің тоғыз боксшысы өнер көрсетті. Жетеуі өзбектермен жұдырықтасса, қалған екеуі Тәжікстан, Қытай өкілдерімен күш сынасты. Нәтижесінде, аталған жарысты біздің жігіттер 4 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен қорытындылады.
Чемпионаттың соңғы күні көңілсіздеу басталды. 48 кг салмақ дәрежесіндегі Санжар Тәшкенбай Шодиержон Меликузиевпен қолғап түйістірді. Бұған дейін қандасымыз дәл осы өзбек боксшысын түрлі жауапты жарыстарда екі рет жеңген. Бірақ бұл жолы біз күткендей болмады. Қос өрен аянбай айқасты. Бәсеке барысында екеуінің де шекесі жарылып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Үшінші раундта Тәшкенбай нокдаунға түсті. Төрешілер соны есепке ала отырып, Меликузиевті жеңімпаз деп таныды.
Көп кешікпей тағы бір әлем чемпионымыз шаршы алаңға шықты. 54 кг салмақтағы Махмұд Сабырхан жастардың әлем біріншілігінің жеңімпазы, ересектердің құрлық чемпионатының қола жүлдегері Шахзод Мұзаффаровпен күш сынасты.
Бәсеке басталған бетте тізгінді қолына алған Оралбек Ілиясовтың шәкірті уақыт өткен сайын қарқынын күшейте түсті. Мұзафаров барынша қарсылық көрсеткенімен, Махмұдың шеберлік деңгейі одан бір бас жоғары екені анық аңғарылды. Жеңіс қазақ боксшысының еншісіне жазылды.
Одан кейін Қазақстан мен Өзбекстанның жуан жұдырықты жігіттері арасындағы төрт жекпе-жектің барлығы да «өзбек ағайындардың» пайдасына шешілді. Осы күнге дейін көрші елдің өкілдерін үнемі сабап келген Оразбек Асылқұлов (57 кг) шешуші тұста атақты Миразизбек Мирзахалиловқа лайықты қарсылық көрсетті. Бірінші раундта қандасымыз басым болды. Бірақ қалған екі кезеңде әлем, құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы соққыларын дәлірек жұмсап, жеңісті Оразбектің уысынан жұлып әкетті.
Дулат Бекбауов (67 кг) пен Мужибилло Тұрсыновтың кездесуі де кескілескен айқаспен өтті. Шеберлер шегінбей айқасты. Қазылар біраз ойлана-толғана келе жеңісті Тұрсыновқа берді. Бұл шешімге наразы болған Дулат марапаттау рәсіміне шығып, күміс медальді мойнына ілуден бас тартты.
Абылайхан Жүсіпов (71 кг) пен Хавасбек Асадуллаев арасындағы сайыста да дәл сондай жағдай орын алды. Тең дәрежеде өткен бәсекеде төрешілер өзбектің ығына жығылды.
Чиангмайда өзін жақсы қырынан көрсеткен Диас Молжігітов (75 кг) шешуші тұста Джавохир Умматалиевтің осал тұсын таба алмады.
86 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов жастар арасындағы Азия біріншілігінің жеңімпазы (U-22) Жасурбек Юлдошевты жеңді. Сөйтіп, аталған жарыстың бұған дейінгі межелерінде қазақ пен өзбек боксшылары арасында тең есеп (2:2) тіркелсе, финалда екі жерлесіміз ғана жеңіске жетіп, қалған бесеуі жеңілістің кермек дәмін татты.
92 кг салмақтағы Сағындық Тоғамбай тәжістандық Парвиз Кәрімовтың тас-талқанын шығарды. Мырзағали Айтжановтың шәкірті оны үш рет нокдаунға жібергеннен кейін бәсеке дереу тоқтатылды.
Аса ауыр салмақта айқасқан Айбек Оралбай команда капитанына тән мінез көрсетіп, қытайлық Әбудурешити Ремуладан басым түсті.
Осылайша, Таиландта өткен Азия чемпионатында еліміздің әнұраны төрт мәрте шырқалды. Бұл жарыстың бас жүлдесі мен күміс медалі кімдерге бұйырғанын жоғарыда айттық. Жартылай финалда сүрінген Ерасыл Жақпеков (80 кг) қоланы қанағат тұтты. Сәкен Бибосынов (51 кг), Бейбарыс Жексен (60 кг), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) жеңіс тұғырына көтеріле алмай, елге еңселері түсіп оралды.
Командалық есепте біздің жігіттер екінші орын алды. Ал қоржынында 8 алтын, 2 күміс, 1 қоласы бар Өзбекстан жеке-дара көш бастаса, үздік үштікті Тәжікстан (1+1+3) түйіндеді.
Жарыс аяқталған бетте БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов: «Біз 67, 71 кг салмақ дәрежелерінде өткен финалдық сайыстарының нәтижелерімен келіспейміз. Бұл жерде төрешілер тарапынан ағаттық кетті. Қалған жекпе-жектерде дұрыс шешім шығарылды. Шәкірттерімнің жіберген қателіктерінің барлығын көрдім. Енді сол олқылықтардың орнын толтыру бағытында еңбек етеміз. Алдағы уақытта физика мен техникаға көбірек мән беруді көздеп отырмыз. Осы орайда, Нұрбек Оралбай бастаған мықты боксшыларымыздың біразы осы жарысқа қатыспағанын да ескерген жөн. Ең бастысы, бізде жақсы резерв бар. Дарынды жастарды ұлттық құрамаға тартамыз», деп ой түйді.