Алматының таңғажайып табиғаты туристерге таптырмас қазына. Әсіресе қыс айларында ақ ұлпа қарға оранған асқар Алатау тіпті ажарлана түседі. Танымал итальяндық «Condé Nast Traveller» журналы Алматы туралы кең көлемді материал жариялап, әсем шаһарды Шығыс пен Батыс тоғысқан, дәстүр мен заманауи трендтер үйлесім тапқан мекен деп сипаттады.
Әлемнің әр бұрышынан тау баурайындағы сұлу қаланың сымбатына сүйсіне келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Журналға жарияланған Лючия Галлидің мақаласы мен Джакомо Брецельдің фотосуреттері қала-ны бай мәдениет, табиғи сұлулық, заманауи динамика үйлескен ерекше саяхат бағыты ретінде паш еткен. Автор мақалада Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан туристік орындарға ерекше тоқталып өткен. Іле Алатауының асқақ таулары, Алтынемел ұлттық паркінің «ән салатын» құм төбелері, су астындағы орманымен әйгілі Қайыңды көлі, Көлсай көлдері, бірегей Шарын шатқалы саяхатшылар назарын аударатыны айтылған. Сондай-ақ тарихы бай шаһардың ескі қала аймағына жататын Панфилов көшесі, Көк базар, Көктөбе секілді көрікті орындары да назардан тыс қалмаған.
«Журнал мегаполистің гастрономиялық байлығын да ерекше атап өтеді. Дәстүрлі қазақ тағамдарынан бастап, жергілікті асхананы неономадтық интерпретацияда ұсынатын заманауи мейрамханаларға дейін көрсетілген. Алматы – мақалада мәйекті мәдени мұрасымен, сәнді сәулетімен, ерекше қонақжайлылығымен шабыт іздейтін әрі жаңа бағыт ашуды жаны сүйетін туристер үшін тартылыс орталығы ретінде бейнеленген», дейді Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әлемдегі саяхат және туризм туралы ең ірі басылымдардың біріне жарияланған ауқымды мақала Алматының Орталық Азиядағы ең әлеуетті туристік бағыттардың біріне айналып, табиғи сұлулығы, мәдени әралуандығымен саяхатшыларды қызықтырып келе жатқанын тағы бір дәлелдейді.
Алматының табиғи ерекшеліктерінен бөлек, еліміздің мәдени орталығы екені де материалда кеңінен қамтылған. Осы орайда Мажарстанның «Карчаг Кинче» өнер музейінде халқымыздың бай мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерінен сыр шертетін ауқымды көрме өтіп, оны 12 мыңнан астам шетелдік тамашалағанын айтуымыз қажет. «Қазақстанның көшпелілері: өткені мен бүгіні» деп аталған өнер жәрмеңкесі Алматы қаласының музейлер бірлестігі, Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Экспозицияға қазақ халқының бай тарихи, мәдени мұрасын танытатын 200-ден астам бірегей экспонат қойылған. Көрмеге келушілер назарына ұрпақтар сабақтастығының символына айналған Абай Құнанбайұлының домбырасы мен басқа да тарихи жәдігерлер ұсынылған.
«Жоба үлкен қызығушылық тудырды, бұл еліміз бен Мажарстан арасындағы мәдени алмасудың маңыздылығын көрсетеді. Бұған дейін осындай көрмелер Түркия, Оңтүстік Корея, Аустрия, Италия, Чехияда өткен. Енді Сербияда «Ұлы Даланың мәдени мұрасы» атты көрме ашылады. Жалпы, қала билігі мәдениет саласын дамытуға ықпал ететін түрлі тағылымдық іс-шараларға, білім алуға бағытталған, халықаралық байланысты нығайтуға мүмкіндік жасайтын жобаларға ерекше көңіл бөліп отыр. Айталық, музей қызметкерлері әлемнің үздік мәдени орталықтарында, соның ішінде әйгілі Луврда білім алып қайтты», дейді Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
АЛМАТЫ