• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Президент тапсырмасы: жас ғалымдарға пәтер сертификаттары табысталды

39 рет
көрсетілді

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарға 10 пәтер сертификатын салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру үшін Республикалық комиссия Алматы қаласында баспана беру үшін мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарының кезекті тізімін айқындады.

Министр Саясат Нұрбек жас ғалымдармен кездесу барысында ғылым мен инновацияны дамыту – ел дамуының экономикалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі екенін айта отырып, Мемлекет басшысының қолдауымен ғылым саласында айтарлықтай өзгерістер болғанына тоқталды.

«Мемлекет басшысы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға қол қойды. Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде 1500 жоба іске асырылуда. Жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 отандық ғалым тағылымдамадан өтеді. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Ғылыми кадрларды әлеуметтік қолдау тек бар мамандарды қолдап қана қоймай, ғылыми-техникалық прогреске үлес қосуға дайын жас ғалымдардың жаңа буынын тартуға мүмкіндік береді. Жас ғалымдардың көбеюі өз кезегінде ғылымды дамытуға, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға және жаңа экономикалық кластерлер құруға ықпал етеді», деді Саясат Нұрбек.

Кездесу барысында жас ғалымдардың атынан сөз сөйлеген Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығының материалтану зертханасының меңгерушісі Лаура Мұстафа елімізде жас ғалымдарға көрсетіліп жатқан қолдау жайлы, ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда жас мамандарға арналған бағдарламалар мен мүмкіндіктердің кеңейтіліп жатқандығын атап өтіп, алғысын білдірді.

Бүгін көптен күткен жаңа пәтер сертификатын алғандар қатарында ғалымдар отбасысы да болды. Жас ғалымдар Айдар Молдажанов пен Ақмарал Құлмахамбетова – философия докторлары, PhD

«Біздің қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Жас ғалымдарға осындай беріліп жатқан мүмкіндік үшін алғыс білдіреміз! Енді ғалымдар өз пәтерлерінде тұрып, тұрғын үй мәселесін шешуге алаңдамай, ғылымға көбірек уақыт бөле алады», деп бөлісті олар.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі осы жылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың (40 жасқа дейін қоса алғанда) тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өтінім келіп түсті.

Кездесу соңында, министр жас ғалымдарды қолдау мақсатында ведомство бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асыратынын, осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

Атап өтейік, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 31 мамырда Алматы қаласының 10 жас ғалымына тұрғын үй сертификаттарын табыстады. Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша 290 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды.