• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Желтоқсан, 2024

Экономиканы отандық өнім өрге сүйрейді

65 рет
көрсетілді

Еліміз егемендік алғалы өндіріс өріс жайды. Қоғамның даму қозғалтқышы өнеркәсіп те жаңа даму кезеңіне қадам басты. Экономикамыздың бәсін биіктеткен бұл бағытты дамытуға дендеп кірістік. Нәтижесінде, әрта­рап­тандыру әр кіргізіп, заманауи технологиялар табысты арттыра түс­ті. Шетелдік инвестиция игілігін де көріп отырмыз. Кәсіпорындар әлеуеті әуелеген сайын жаңа зауыттар мен фабрикалар ашылып жатыр. Мәселен, биыл жыл басынан бері 570 млрд теңгеге 40 жаңа жоба іске қосылып, 6,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылған.

Ұлықталған ұлттық тағам

Егемендік алып, еңсе тіктеген шақта көп дүние күйреп жатты. Сол елең-алаңда бел жазбай еңбек қылып, кәсіп табиғатын жан-тәнімен сезініп жетілген бизнес иелері бүгінде отандық өндірістің шикізаттық емес моделін қалыптастыруға ерен үлес қосып жатыр. Солардың бірі – жаңа технологияны пайдалана отырып құнарлы ұлттық өнімдер шығарып жүрген «Adal-As» компаниясының негізін қалаушы Ермек Мезібаев.

15 жылдан бері ұлттық тағам дәстүрін дамытып жүрген бизнесмен бабалар тұтынған табиғи өнімнің күш-қуатын бүгінгі тұтынушыларға сіңіргісі келеді. Жергілікті бал қосылған торт, дәмді әртүрлі бауырсақ, тәтті печенье, құрт, сүзбе, жент дайындайды. Кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерін әзірлейтін компаниялармен серіктес болып, басқа да тағам түрлерін нарыққа ұсынады.

– Қазір біздің компания «Astal» атты өнім шығарып жатыр. Нағыз табиғи әрі диеталық тағам. Құрамында кәдімгі өзіміздің талқан және кептірілген жеміс-жидектің әртүрлі қоспасы бар. Адам асқазаны әу бастан кішкентай болады. Көлемі 450-500 грамм ғана. Қорыту кезінде оған күш түсірмеу үшін осы көлемде ғана тамақтануымыз қажет. Бірақ біз дұрыс тамақтанбаудың салдарынан небір дерт жабыстырып жатырмыз. Ал «Astal» өнімі өте құнарлы. Ол майлы тағамдардың орнын алмастырып қана қоймай, адамға өзінше күш-қуат береді. Мысалы, 10 күн осыны тұтынған азаматтарды білемін, олар­­дағы қант құрамы азайып, қан қысымы тұрақты бола бастаған, – дейді кәсіп­кер Е. Мезібаев.

Өз кәсібін жандандырып қоймай, 40 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпкердің ендігі мақсаты – «Astal» тағамдық өнімін әлемге таныту. Қазір өнімдерді Ресей және Қы­тай­ға экспорттау мәселесі де қолға алынып жатыр.

 

Аккумулятор өндірісі

Жетісу жеріндегі аккумулятор өндірісі өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылатын қуатты аккумулятор батареяларын шыға­рады. Аумағы 14 гектардан асатын зауыт биыл 6 желтоқсан күні іске қосылды. Меке­ме мақсаты – отандық әрі шетелдік на­рыққа сапалы өнім ұсыну. «ASMA Industrial» мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, теле­коммуникацияда, теміржол саласында қол­данылатын өнеркәсіптік аккумуля­тор бата­рея­ларын жасайды. Зауытты негіз­гі шикі­­затпен отандық компаниялар қам­тиды. Жеке-жеке тоқталар болсақ, қор­ғасынды «КазЦинк», күкірт қышқылын «Қаз­атомөнеркәсіп» береді. Алдағы уақыт­та шығарылатын өнімнің 60%-ын шетел­дер­ге экспорттап, қалған 40%-ын ел ішінде сатуды жоспарлап отыр.

Жақында Мемлекет басшысы осы зауыт­қа барып: «Мемлекет мықты болсын десек, ең алдымен, өңірлеріміз қуатты болуы керек. Өндірісі дамыған елге айналу үшін осы салаға көңіл бөліп отырмыз. Страте­гиялық маңызы бар Жетісу облы­сына ерекше назар аударамыз», деді. Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі – 8,5 млрд теңге. Қазір 180 адам жұмыс іс­тейді. Жылына 210 мың аккумулятор шығар­­мақшы.

– Біздің мекеме – стационарлы аккумуля­тор­лар шығаратын елдегі жалғыз зауыт. Шығаратын өнімдерімізді негізінен квази­­мем­лекеттік сектор, «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком», KEGOC сынды ұлт­­тық компаниялар алады. Жалпы, «Самұрық-Қазына» құрамындағы ком­па­ния­­лар­мен келісім жасап жатырмыз, – дейді «ASMA Industrial» бас директоры Серікбай Ажмағамбетов.

 

Шираған шина зауыты

Биылғы маусымда Саран қаласында «Tengri tyres» компаниясы жеңіл автомобильдерге арналған шиналардың сериялық өнді­рісіне кірісті. Баға позициясы бюджеттік сегментке жатады. Өнім ел нарығына, сондай-ақ Ресей мен басқа мемлекеттерге экспорттауға арналған. Зауыт жыл сайын 3 млн жеңіл шина мен 500 мың жүк шинасын шығарады. Қазір штатта 660 адам бар. Оны 1 100 қызметкерге дейін өсіру жоспарланып отыр.

Толық өндірістік циклы бар заманауи жоғары автоматтандырылған кәсіпорын резеңке қоспасын өзі дайындайды. Содан кейін бұл қоспадан жеке элементтер жасалады. Күрделі химиялық үдерістен дайын өнімге дейін бірсыпыра жұмыс атқары­­ла­ды. Әрбір шина мұқият тексеруден өтеді. Мәселен, дайын өнімді соңғы рет тексеру автоматтандырылған жүйемен жасалады. Мұндай бақылау әр шинаның сапасын арттырып, талапқа сай болуын қамтамасыз етеді.

Айтпақшы, зауыт шина өндірісі ғана емес, ел экономикасы мен өнеркәсібінің дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Себебі зауыт бүгінде отандық өндірісті әлемдік стан­дарттармен бір деңгейге қойып, жаң­ғыртып отыр. Айтқандай, Абай Құнанбаев атындағы Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында шина өндіру кафед­расы бар. Оқудан кейін жас­тар зауытқа мамандығы бойынша орналасады. Бұдан басқа, кәсіпорын Академик Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетімен де ынты­мақ­тастық келісі­мі­не қол қойған.

 

Жеті жаңа кәсіпорын

Елде жаңадан ашылып жатқан өндіріс нүктелері баршылық. Барлығын тізбелеп отыру шарт емес. Биыл резеңке мен пластмасса бұйымдарын өндіретін 7 бірдей жаңа кәсіпорынның жұмыс бастағанының өзі елеулі жаңалық. Олардың жалпы құны – 250,2 млрд теңге. Нәтижесінде, 1 567 тұрақты жұмыс орны ашылған.

«QazIndustry» талдау дирекциясының мәліметі бойынша, кәсіпорындар жеңіл және жүк көліктеріне арналған шина, полиэтилен құбыры, термоқаптама, стрейч-пленка, басқа да бұйымдар шы­ғарады. Өнімдердің басым бөлігі елдің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге бағыт­талған.

Жобалар толық қуаттылыққа шыққан­да, өндірілген өнім көлемі 110 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Сондай-ақ полимер мен полиэтилен құбырларын, тамшы таспаларын өндіретін тағы 2 жоба жоспарда тұр. Олардың құны 3,2 млрд теңгені құрап, қосымша 110 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.