Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Жезқазған қаласы жастары арасында өткізілген «Мен – жас қазақстандықпын» байқауының қорытындысы шығарылды.
Жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, қоғамдық-саяси, мәдени, экономикалық өмірге деген белсенділігін арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсетуді мұрат тұтқан байқауға 50-ден аса өтініш түскен екен, олардың 10-ы сыйлық иегері атанды. Байқауға қатысушыларды Жезқазған қаласының әкімі Қ.Шайжанов құттықтады.
«Әр салада еңбек ететін жастардың арасынан үздіктерін анықтап, оларды басқаларға үлгі ету керек. Мағжан атамыз айтқандай, жастарға сеніп, олардың еңбектеріне лайықты бағасын бере білген абзал», деді Қайрат Абдоллаұлы.
Жас мұғалима Фариза Төлегенова – «Үздік жас ұстаз», Жезқазған қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің бокстан оқытушы-жаттықтырушы Айдар Сайдалин – «Үздік жас спортшы», Динара Сағындықова – «Үздік жас кәсіпкер», Жезқазған қаласының Медицина орталығының дәрігер-кардиологі Еркеназ Жаңабай – «Үздік жас медицина қызметкері», Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған универ-
ситетінің студенті, «Үздік 100 студент» республикалық байқауының жеңімпазы, қала белсендісі Инабат Мұханбедияр – «Үздік студент», сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау басқармасындағы Ұлытау облысы прокурорының көмекшісі Наурызбай Есіркеп – «Үздік жас құқық қорғау қызметкері», «Халықтар достығы мен мәдениеті» үйінің қоюшы-операторы Данияр Ульянов – «Үздік жас мәдениет қызметкері», Айшолпан Рахмет – «Үздік жас волонтер», Жезқазған кен байыту фабрикасының шаң тұтқыш қондырғылары және аспирациялық желі телімінің слесарь-жөндеушісі Қанат Мусин «Үздік жас өндіріс қызметкері» атанды. Олардың бәріне 200 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық табысталды.
Жезқазған