• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:20

Академиялық көптомдықты сапалы етіп шығару өте маңызды

15 рет
көрсетілді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» академиялық көптомдығы басылымы бойынша ғылыми-редакциялық алқаның көшпелі отырысы өтті. Жиында осыған дейін атқарылған жұмыс нәтижесі қорытындыланды.

Екі апта бойы ғылыми-редакциялық алқа Қазақстан тарихы академиялық басылымы аясындағы жеті томның бастапқы қолжазбасын оқып шығып, ғылыми сараптама жасады.

Бұл іске көптомдық ав­торлары мен жетекшілері, сон­дай-ақ Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің бас­шы­­лы­ғы, еліміздің ғылыми-зерттеу инсти­тут­тарының, мемле­кеттік архивтің өкіл­дері мен қызметкерлері, тарихшы ғалымдар мен сарапшылар атсалысты.

Көшпелі отырысты қорытындылай келе, Мемле­кет­тік кеңесші екі апта­ға созылған бірлескен жұмыстың нәти­жесінде Қазақстан ғылыми қауымдас­тығының өкілдері басылымның құрылы­мына және көптомдық қолжазбасының мазмұнына қатысты ұсыныстар бергенін айтты.

Ерлан Қарин алдағы уақытта ғылыми-редакциялық алқа ұсыныстарды қарап, оларды мұқият талдау және қолжазбаны редакциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізетініне назар аударды. Сондай-ақ редакциялық алқа жан-жақты ғылыми ұстанымға баса мән беруі керек екенін атап өтті. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, академиялық көптомдықты мерзіміне қарамастан сапалы етіп шығару өте маңызды.

«Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жаңа академиялық көптомдық ғылыми қауымдастықтың ұжымдық еңбегі саналады. Көптомдықты әзірлеу жұмысына еліміздің тарихшылары мен археологтерінен бөлек, этнологтері, мұрағат, мұражай қызмет­кер­лері, географтар, лингвистер, сарапшы­лар және басқа да мамандар жұмылдырылды.

Көптомдықты әзірлеуге қатысты алдағы уақытта атқа­рылатын жұмыс аясында ғылы­ми форумдар, конференциялар өткізіліп, арнайы секциялар, дөңгелек үстелдер мен әдістемелік семинарлар ұйымдастырылады. Онда зерттеулердің ғылыми нәтижелері, отандық ғалымдар мен сарапшылардың, басқа да мамандардың ұсыныстары қарастырылады.