• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2010

КЛУБТЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ

527 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Баспасөз, телевизия және радио күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этносаралық қатынастар мәселесіне қатысты жетекші журналист-сарапшылар клубының алғашқы отырысы болып өтті. Күн тәртібінде – Ел бірлігі доктринасын жүзеге асыру мәселелері, сонымен қатар, біртұтас ақпараттық кеңістіктің құрылуы. Клуб Қазақстан халқы Ассам­блея­сы жанындағы тұрақты жұмыс істейтін кеңестік-сараптық және ақпараттық орган болып табылады. Құрамына этносаралық тақырыпты қозғайтын республикалық, жергі­лік­ті бұқаралық ақпарат құралдары­ның жетекші журналистері және этносаралық қарым-қатынастар саласындағы сарапшылар кіретін клубтың ашылуы Ассамблеяның 15-сессиясы барысында қабылданып, ал тұсаукесері өткен жылдың 17 қарашасында өткен болатын. Алғашқы отырысқа Ассамблея Төр­ағасының орынбасары, хатшы­лық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Байланыс және ақпарат вице-ми­нистрі Нұрай Оразов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­теті журналистика және саясат­тану факультетінің кафедра мең­герушісі, профессор Ғ.Шаяхметов, сондай-ақ бірқатар басылымдардың бас редакторлары қатысты. Алды­мен келе жатқан журналистер ме­рекесімен құттықтаған Ералы Тоғжанов көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын этностық мәселенің өте кірпияздығын айтып өтті. Алысқа бармай-ақ, көршілес қыр­ғыз елін алып қаралық. Этностық мәселе дегеніміз осы, деді ол. Бұдан соң отырыс тақырыбы Қазақстанның Ел бірлігі док­три­насына ойысты. Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының негізгі ойы да, мағынасы да – тәуелсіздік. Он­дағы үш бөлім сол тәуелсіздікті әрі қарай нығайта түсуге бағытталған. Сондықтан Қазақстан үшін тәуел­сіздіктен артық қасиетті, терең құндылық болуы да мүмкін емес. Елімізге тәуелсіздік 1991 жылы келгенімен, оның қалыптасу кезеңі бертінге дейін біртіндеп жүзеге асты. Ал қазіргі уақытта біз сол жылдары еліміздің тәуелсіздік іргетасы мықты қаланғанының куәсі болып отырмыз. Доктрина­да­ айтылатын көп мәселе – жаңа ұғым. Тәуелсіздікті ел бірлігі ар­қы­лы нығайту мәселесі – ең маңызды мәселе. Бұрын біз жалпы қоғамдық келісім туралы сөз қозғап келген болсақ, бүгінгі күні нақты елдің бірлігі туралы мәселені алға шыға­рып отырмыз, деп атап өтті Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төраға­сының орынбасары. Клуб мүшелері отырысының екінші жартысында “Казахстанская правда” республикалық газетінің бас редакторы Татьяна Костина осы газеттегі этностық тақырыпта жарияланатын материалдар туралы шеберлік-сыныптарын өткізді. Венера ТҮГЕЛБАЙ.