Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында Қазақстанның 2024 жылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық өсімінің қорытындылары туралы баяндады. Еліміздің экономикалық өсімі 4,4%-ды құрады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Байбазаров бұл нәтижеге 5,1%-ға өсім көрсеткен мұнайдан тыс сектордың негізгі үлес қосқанын атап өтті.
«Бірқатар негізгі салаларда оң динамика атап өтілді. Мәселен, экономиканың нақты секторындағы өсім 5%-ды құрады, ал қызмет көрсету саласындағы өндіріс 4,5%-ға, ауыл шаруашылығында – 13,4%-ға өсті, ал құрылыста көрсеткіштер 10,3%-ға артты. Сонымен қатар экономиканың басқа секторларында көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалады: сауда 8,2%-ға, көлік қызметтері – 8,1%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 5,3%-ға ұлғайған. Жалпы алғанда, ЖІӨ өсімінің 70%-дан астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласымен қамтамасыз етілді», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров негізгі капиталға салынған инвестициялардың 3,1%-ға өскенін атап өтті, бұл ретте ең үлкен инвестиция шикізаттық емес салаларда тіркелген. Атап айтқанда, білім беруде инвестициялар көлемі 2,2 есеге, ғылыми және техникалық қызметте – 42,1%-ға, көлік саласында – 27,2%-ға, ал өңдеу өнеркәсібінде – 18%-ға өскен.
Өңірлер арасында ең үздік көрсеткіштер Қарағанды, Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысында тіркелген. «Биылғы қаңтар-қазан айларында сыртқы сауда айналымы $116,9 млрд-ты құрады. Экспорт $68,5 млрд-қа жетті, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – $23,3 млрд. Тауарлар импорты $48,4 млрд-ты құрады. Саудада оң баланс 33,4%-ға дейін артып, $20,1 млрд-қа жетті», деді вице-премьер.