Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті – этносаралық қарым-қатынас саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту.
Осы орайда Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үдерісінде жемісті жұмыс істеп келеді. Тарих қойнауына кетіп бара жатқан жыл ішінде татулық пен бірліктің мызғымас тұғыры ретінде өңірде бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған бірқыдыру бірегей жобаларды атқарды.
Ізгі істің ізашары іспетті Ұлу жылының шымылдығы үш маңызды оқиғамен түрілді: кенен ой мен кемел әрекеттің ордасы Ұлттық құрылтай өзінің ІІІ отырысын наурыз айында өңірімізде өткізді; қоғамда құқықтық нормалары бар институт ретінде қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясы сәуір айында өзінің кезекті 33-сессиясын «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбына арнады; 2 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын ұсынды.
Президент осы үш оқиға барысында еліміздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарын айқындап берді. Халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтатын тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық секілді негізгі идеологиялық тұжырымдарды қадап айтты.
Мемлекет басшысы заң мен тәртіп, еңбексүйгіштік пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты идеялық негіздерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан күтпеген және жылдам дамып келе жатқан ХХІ ғасырда өзінің лайықты орнын табады деп атап көрсетті.
Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.
Бұл жолда әрқашан біздің ұлттық сипатымыздың ерекшелігі болып келген ашықтық пен толеранттылық көмекке келеді. Әсіресе, еліміздегі тұрақтылықты, бірлікті сақтау, көпэтносты, көпконфессиялы мемлекеттің ішінде бір орта қалыптастыру, мемлекеттік саясаттың бірізділігін жүргізу барысында халқымыздың осы аталған игі қасиеттері жетекші рөл атқарады.
«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» – бөлінбейтін ұғым. Бұл үш баған – озық және табысты елге айналудың басты кілті. Бұл жерде балалар мен жастарды тәрбиелеуге, оларға осы озық құндылықтарды сіңіруге ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіруді жалғастыруымыз керек. Жаңа буын арасында осы құндылықтарды насихаттау ХХІ ғасырдың жаһандық қауіп-қатерлерін еңсеруге сенімді негіз болады.
Мемлекет басшысы алдағы жылдарға үш басым міндетті айқындап берді. Біріншіден, Ассамблея қызметін жаңа гуманитарлық-идеологиялық доктринамен үйлестіру:
– патриотизм, мәдениет пен дәстүрлерге құрмет негізінде және заманауи әдістерді пайдалану арқылы жастарды тәрбиелеу мен құндылықтарды насихаттау;
– жалпы, Отанға тиесілілік, толеранттылық және тілдерді меңгеру негізінде жалпыазаматтық сананы нығайту.
Екіншіден, жаңа сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру:
– нашақорлық, ойынқұмарлық, зорлық-зомбылық, вандализм, ысырапшылық сияқты бес әлеуметтік кеселге қарсы күрес;
– бейбітшілік пен келісімді сақтау, этносаралық араздықты тұтатуға және этностық белгілер бойынша кемсітушілікке жол бермеу;
– бірлікті нығайту, қоғамды бөлу, азаматтарды ақпараттық соғыстарға тарту әрекеттеріне қарсы тұру.
Үшіншіден, Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту:
– мемлекеттік органдармен, Парламентпен, мәслихаттармен өзара іс-қимылды кеңейту;
– шешімдер қабылдау, мемлекеттік бағдарламалар мен басқа да бастамаларды әзірлеу, іске асырудағы рөлін арттыру;
– жастар бағытын дамыту, жастарды ассамблея қызметіне тарту;
– Достық үйлерінің интеграция және жобаларды жүзеге асыру орталықтары ретіндегі рөлін күшейту.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ халқының төңірегіне топтасуды түпкі өзегі ете отырып, қазақстандық патриотизм мен біртектілікті берік орнықтыруға және этносаралық келісімді қамтамасыз етуге қызмет етіп келеді. Осы мақсатқа жету жолында оның жүздеген шаралары іске асып, қазақстандық тұтастық бүгінде күнделікті өмірлік нормаға айналды. Бұл міндеттер аясында туындайтын кешенді де келелі жұмыстарды атқаруға ассамблеямен бір сапта облыстық басқармалар, аудан әкімдері, оқу орындары, жастар ұйымдары мен азаматтық қоғам институттары өз әлеуетін сарқа жұмсап келеді.
Атырау облысында Қазақстан халқы ассамблеясының құрамында 18 этномәдени бірлестік бар. Облыс орталығындағы Достық үйі – осы этнос өкілдерінің басын қосқан ортақ шаңырағы, шығармашылық әлеуетін әйгілейтін мәдени ошағы. Мұнда этномәдени бірлестіктердің түрлі ұлттық мерекелері және қайырымдылық іс-шаралары өтеді. Қызметтің басым бөлігі этносаралық келісімді нығайту, патриотизмді насихаттау идеясын тарату, этносаралық дау-жанжалдың алдын алу бағытында болып келеді. «Татулық» татар-башқұрт, Атырау облысының «Орыс-славян казактар қауымдастығы» филиалы, «Иверия» грузин, «Былина» орыс, «Тхоньиль-Атырау» кәріс, «Светоч-Атырау» славян, «Довира» украин, «Видергебурт» неміс, «Еділ-Жайық» қарақалпақ, «Ынтымақ» өзбек, «Новруз» әзербайжан, «Вайнах» чешен-ингуш, «Алия» еврей, «Пәрвәз» ұйғыр, «Каспий» дағыстан, Атырау облысының дүнген этномәдени бірлестіктері республика бойынша шығармашылық ұжымдарымен де, қайырымдылық керуенімен де кеңінен танымал. Жарғақ құлағы жастыққа тимей атқаратын жұмыстары, әуелгі кезекте, қасиетті Атырау жерінде қолайлы этносаралық климат құруға және қалыптастыруға бағытталған.
Өңірде облыстық ассамблея құрылымдары – Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Журналистер клубы, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі, Ғылыми-сараптамалық топ, Медиация кабинеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Қазақстан халқы ассамблеясы институты белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Жыл басынан бері Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары аясында облыста 700-ден аса іс-шара өтіп, 23 мыңнан аса адам қамтылды.
Қарашада Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблеясының XXVІІІ сессиясы өтті. Аймақ басшысы ретінде облыстағы ассамблея қызметінің жұмысына оң баға бере келіп, жыл ішінде жүзеге асқан жұмыстарымен жан-жақты таныстым. Жиында өңірдегі білім беру, тәрбие, мемлекеттік тілді дәріптеу, жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, этносаралық келісімді нығайту секілді тақырыптар жан-жақты талданды.
Сондай-ақ этносаралық келісімді нығайтуға, бірлік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесі үшін сала қызметкерлері – ассамблея өкілдерін «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе мен «Светоч-Атырау» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткованы және «Алия» еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Михаил Щадиловты Құттықтау хатпен ұлықтап, Ассамблея жастары мен Аналар кеңесінің мүшелеріне Алғыс хат табыстадым.
Атқарылған жұмыс ауқымды, оның бәрін атап шығу мүмкін емес, бәлкім, шарт та болмас. Ең бастысы, осы жылдағы атқарылған игі істеріміз – осы жолдағы әрбір қадам бізді бір үйдің баласындай үйіріп, бір қолдың саласындай біріктірді.
Қазақстан халқы ассамблеясы қазақтың қанына сіңген жақсы қасиеттің заңды жалғасы іспеттес болып қабылданады. Ассамблея ұйытқы болған ізгі бастама ұлттар арасындағы достық, қоғамдық және рухани келісімді бекіте түсті. Түрлі этностар өкілдерінің ассамблеяның арқасында қайта түлеп, тамырын танып, ортақ асыл арнаға қосылған жарқын жүзін көргенде атқарылған істің баянды болғанына қуанасың. Тұрақтылық, келісім мен бірлікті ту етіп, қазақ халқының маңына топтасқан біртұтас қазақстандық ұлттың қабырғасын қатайтуда ассамблея атқарар іс әлі өте көп. Ассамблея үшін, ең алдымен, ел мүддесі жоғары тұрады.
Серік ШӘПКЕНОВ,
Атырау облысының әкімі,
Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы