• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 18 Желтоқсан, 2024

«Жаңа асу» жеңімпаздары

54 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде коммерцияландыру әлеуеті бар үздік жобалар байқауының жеңімпаздары «Жаңа асу» грантына ие болды.

Бұл грантты оқу орны 2022 жылы тағайындаған. Биыл бай­қауға уни­верситеттің үш мыңнан астам оқытушысы, докторанттары мен постдокторанттары қатысты. Сөйтіп, университеттегі директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, белгілі кәсіпкер, инвестор Талғат Дүйсеков басқарған комиссия жалпы құны 84 миллион теңгені құрайтын 10 жобаны анықтады.

«Қазір Мемлекет басшысы тарапынан ғылым мен ғалымдарды жан-жақты қолдау ұдайы артып келеді. Бір жағынан, отандық ғылым алдында ғалымдардың инновациялық әзірлемелерін коммерцияландыру және олар­ды экономикаға енгізу мін­деті тұр. Бұл – ортақ мақсат. Сон­дық­тан екі жыл бұрын ЕҰУ зерт­­теушілерін қолдау бағы­тын­­да «Жаңа асу» гранты тағайын­далды. Биылғы байқауға 36 жоба қатысып, оның 10-ы үздік деп танылды. Оның ішінде энергетика, микробиология, экология саласына арналған жобалар бар. Енді бұдан әрі де бизнес-идеяларды, коммерцияландыру болашағы бар жобаларды дамытып, ғалымдарды жан-жақты қолдауға барлық жағдай жасаймыз», деді университет ректоры Ерлан Сыдықов.

Одан кейін сөз алған ЕҰУ ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева екі жыл ішінде «Жаңа асу» гранты ғылы­ми-техникалық қызмет нәти­желерін коммерцияландыруды қолдаудың табысты құралы болғанын жеткізді.

«Бастапқыда 3 миллион теңгені құ­раған бұл гранттың алғашқы иегерлері­нің кей­бірі бүгінде 150 миллион теңге табыс деңгейіне жеткені қуантады. Менің ойымша, бұл факт ғылымды қажет ететін бизнесті қалыптастыруға ең аз инвестициялардың да жоғары нәтижелілігін айқын көрсетеді. Отандық ғалымдар мен олардың әзірлемелерінің әлеуетіне сену керек», деді ол.

Жаңа грант иегері, ЕҰУ механика-математика факультетінің докторанты Айдана Кәріпова жасөспірім қыздарға арналған «Sezin» мобильді қосымшасын әзірлеген.

«Бұл – еліміздегі қазақ тіліндегі ал­ғашқы мобильді қосымша. Онда қыздар­дың жеке дамуына бағытталған білім  мазмұны бар (электрондық кітапхана, онлайн оқыту курстары, сұлулық блогі, лайфхактар, т.б.). Мен осы жобаға авторлық құқық патентін бір жарым жыл бұрын алдым. Қосымша жасау идеясы мектепте оқып жүргенде ойыма келді. Өзім ауыл мектебінде білім алдым. Сонда мен қыздарға мұндай ақпараттық қолдаудың қаншалықты қажет екенін тү­сіндім. Менің мақсатым – кез келген қиындыққа тап болған әрбір бойжеткенге көмектесу, қолдау көрсету», деді жоба авторы.

Ал Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ экология кафедрасының 3-курс докторанты Медет Ахтаев көміртегі шығарындыларын азайтып, отынды үнемдеуге сутегі отынын ге­нерациялау жүйесін енгізу бі­регей ғылыми жобасымен айналысады.

«Біз бұл идеяны екі салада сынап көрдік. Жобаның бірегейлігі сол, әлемдік аналогтер жаңа жабдықтарға арналған болса, біздің әзірлемелерді отандық өнді­рістегі қазіргі дизельдік жабдыққа енгі­зуге болады. Болашақта жоба еліміз­дің ауыр өнеркәсібіне орасан пайда әкеледі деп сенемін», дейді докторант.

Сондай-ақ байқауда Физи­ка-техника­лық ғылымдар инс­титутының (ФҒЗИ) докторанты Азат Нұрқасимовтың «Оң температуралық коэффициенті бар полимерлі композит не­гізіндегі отандық өзін-өзі реттейтін жылу кәбілін өндіру технологиясын құру», Жаратылыстану факультеті докторан­турасының ғылы­ми қызметкері Нұргүл Ықсаттың «Ауыл ша­руашылығы дақылдарының вирус­тық ауруларын диагностикалаудың РНҚ техно­логияларын әзірлеу және зерттеу», Механика-ма­тематика фа­куль­­тетінің оқы­тушысы Дәурен Балта­бай­дың «Әртүрлі мақсаттағы робот-ма­ни­­пуляторлардың 3D үлгілерін жасау және бағдарлама жасау», Экономика фа­культетінің докторанты Арай Есейқы­зының «Daneqer» жобасын басқаруға ар­нал­ған бағдарламалық модельдеу ойы­ны», Филология факультетінің дека­ны Серікзат Дүйсенғазының «Таны­мал шетелдік музыкалық шығармалар мәдениетінің қазақ тілінде жаңғыруы: ән мен тіл тоғы­сы», тағы басқа жобалар жеңіске жетті.