Биыл ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Негізгі міндеттер қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, шалғай және ауылдық елді мекендердегі азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мәселесі айқындалды.
Осыған байланысты Үкімет 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірлеп, бекітті. Құжаттың стратегиялық міндеті – басым жобаларды айқындау, нысаналы көрсеткіштер мен инфрақұрылымның негізгі бағыттарын белгілеу. Даму жоспары төрт негізгі бағытқа бөлінген 204 жобаны қамтиды, олар – энергетикалық (46 жоба), көлік саласы бойынша (59 жоба), сумен жабдықтау және су бұру (89 жоба), сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымдар.
Биыл еліміздің жылу энергетикасына, жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) және электр энергетикасына айтарлықтай әсер еткен бірнеше маңызды келісім мен заңдарға қол қойылды. Энергетика министрлігінің «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 14 жобаны іске асыруға 52,7 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 6 жоба жылумен қамтуға, 8 жоба электрмен жабдықтауға қатысты.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды ынталандыру үшін еліміз қайтарымды инвестициялардың жылдық лимитін 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Қазір инвестициялық келісімдер шеңберінде жалпы қуаты 2,48 ГВт болатын 19 келісім қолданыста, оның ішінде қайтарымды инвестициялар лимиті ұлғайғаннан кейін 13 келісім (жиынтық қуаты 1,4 ГВт) жасалды.
8 шілдеде Мемлекет басшысы жылумен жабдықтау саласында жинақталған кешенді проблемаларды шешуге бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» жаңа салалық заңға қол қойды. Заң шеңберінде инфрақұрылымды жаңғырту және салаға инвестиция тарту көзделген.
Халықаралық әріптестермен ынтымақтастық еліміздің экологиялық орнықты энергетика жолындағы ұстанымын нығайтты. 7 наурызда Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасында 1 ГВт жел электр стансасының жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл жоба Жетісу облысында іске асырылады, инвестор халықаралық компания – Acwa Power. 12 қарашада ел Үкіметі мен «Qazaq Wind Power» ЖШС арасында Жамбыл облысында жел электр стансасының жобасын іске асыру туралы тағы бір маңызды келісімге қол қойылды. Жобаның негізгі инвесторы – «Masdar» компаниясы, ал ЖЭС қуаты 1 ГВт құрайды. Бұл келісім еліміздің ЖЭК дамыту және көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі стратегиялық бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Сондай-ақ қараша айында Қазақстан-Қытай үкіметтері арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірқатар жобаны іске асыру туралы келісім жасалды. Аталған келісім шеңберінде жалпы қуаты 1,8 ГВт жел және күн электр стансаларын салу жоспарланып отыр, бұл энергия көздерін әртараптандыруда маңызды қадам болуға тиіс.
Сонымен қатар еліміз Қатар мемлекетінің қатысуымен бірнеше жобаны белсенді дамытуда. 20 наурызда Қызылорда облысында қуаты 1,1 ГВт бу-газ қондырғысы мен Абай облысында қуаты шамамен 350 МВт су электр стансасының құрылысын қосқанда, бірлескен жобаларды іске асыру туралы Қатар елімен үкіметаралық келісімге қол қойылды. 17 сәуірде Ресей Федерациясымен тағы бір үкіметаралық келісімге қол қойылды, ол Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жиынтық қуаты шамамен 1 ГВт болатын үш жылу электр орталығын салу жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейді.
Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында 12 мың шақырым автомобиль жолын жөндеу және салу жұмысы басталды, оның 7 мың шақырымы жыл соңына дейін бітуге тиіс. Атап айтқанда, Қарағанды – Алматы (879 км), Талдықорған – Өскемен (768 км), Ақтөбе – Қандыағаш (96 км), Атырау – Астрахан (212 км) автожолдарын реконструкциялау аяқталды.
Теміржол көлігі саласында магистралды теміржол желісін жөндеу жалғасып жатыр, биыл 1401 шақырымға жөндеу жүргізілді (оның ішінде күрделі жөндеу – 570 км, компоненттік жөндеу – 187 км және алдын ала жоспарлы жөндеу – 644 км). Сонымен қатар 143 жолаушы вагоны, 185 локомотив және 1,5 мың жүк вагоны жаңартылды. 10 айда жаңа 113 жолаушы вагоны жеткізілді, жыл соңына дейін тағы 30 вагон әкелінуге тиіс. Жалпы 11 айда теміржол көлігімен 19,2 млн жолаушы және 390,5 млн тонна жүк тасымалданды. Жолаушылар тасымалы 2023 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға өсті.
Биыл туристік сегментті дамыту мақсатында «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» жаңа бағыты іске қосылды. Бұл жоба ішкі және халықаралық туризмді дамытуда, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени, экономикалық байланысты ынталандыруда маңызды қадам болды.
Өткізу қабілетін арттыру және жүк тасымалына жағдайды жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 1,3 мың шақырым болатын төрт ірі теміржол жобасының құрылысы жалғасып жатыр.
Теңіз инфрақұрылымы айтарлықтай нығайды. Ақтау портында жылына 300 мың ЖФБ өткізу қабілеті бар контейнерлік хаб салынуда. Құрық портында жаңа астық терминалы мен «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысы басталды.
Жылына 1 млн тонна қуаттылығы бар жаңа астық терминалының ашылуы елімізде транзит пен логистиканы дамыту бағытында маңызды оқиға болды. Жоба аясында бір уақытта 28 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін 18 силос салынды. Терминалдың конвейерлерінің өнімділігі сағатына 300 тонна. Бұл терминал астық экспортын, оның ішінде Қазақстан – Иран бағыты және Кавказ аймағы елдеріне жеткізу көлемін арттыруды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар осы жылы Алматы мен Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушы терминалдары пайдалануға берілді. Алматыдағы терминалдың өткізу қабілеті 6 есе артты (жылына 2,5 млн-нан 14 млн жолаушыға дейін), ал Қызылордада 7 есе өсті (жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін). Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Шымкент қаласы әуежайында жаңа терминалды іске қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ биыл Шақпақ баба асуындағы туннельдің құрылысы, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір, Шамалған стансасындағы жолайырығы сынды бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталды.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты да (ТХКБ) тұрақты өсіп келеді. Өткізу қабілеті жылына 6 млн тоннаға, оның ішінде 100 мың ЖФБ контейнерлік тасымалдарға дейін ұлғайып отыр. 11 айда жүк тасымалының көлемі 63%-ға өсіп, 4,1 млн тоннаға жетті, ал контейнерлік тасымалдар 2,6 есеге артып, 50,5 мың ЖФБ құрады. Сонымен қатар Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру орталығы іске қосылды. Жаңа платформа ТХКБ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жұмыс істейтін болады. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу мерзімін 15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде 450 мыңнан астам жүк автокөлігі тіркелген, олар күнделікті ел аумағында жүк тасымалдайды. Көлік жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және автожолдарға артық жүктемені болдырмау үшін ауыр салмақты көліктердің салмағы мен өлшемдерін тиімді бақылау қажет. Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2025 жылға дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасын (АӨС) орнату жоспарланып отыр. Стансалар тәулік бойы жұмыс істейді және автокөлік құралдарының салмағы мен өлшемдерін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді.
Елімізде бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру бағытында қозғалыс барысында автокөлік құралдарын автоматты түрде өлшеуге арналған «Сергек» қағидатын енгізу жоспарланып отыр.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске өзгерістер енгізілді. Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі процессинг орталығымен интеграциялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл әкімшілік үдерістерді толық автоматтандыруға, оларды барынша ашық әрі жылдам жүргізуге мүмкіндік береді.