• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Банк 18 Желтоқсан, 2024

Банк жүйесінде тәуекел азайған

82 рет
көрсетілді

Әлемдегі ең беделді рейтинг агенттіктерінің бірі «S&P Global Ratings» еліміздің банк жүйесіне қатысты бағалауын жақсартты. Бұрын банк жүйесі 8-топта тұрса (мұнда тәуекелдер көп деген сөз), қазір 7-топқа көтерілді.

«Bicra» рейтингінде бір саты көтерілдік. Банк секторының салалық тәуекелдері азайған. Яғни бұрынғыға қарағанда тұрақтырақ әрі қауіпсіз болып отыр. «S&P Global Ratings» мәлімдеуінше, бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жасаған шаралар әсер еткен. Олар жыл бойы банк жүйесіндегі дағдарыстың алдын алуға, нарықтық өзгеріс кезінде тұрақты операциялық қызмет жасауға тырысқан. S&P пікірінше, бұл шаралар елдің қаржылық орнықтылығын жақсартуға ықпал еткен. Мәселесі көп кредиттердің үлесі азайған. 2020 жылы 18% болса, қазір 7-7,5%-ға төмендеген. Бұл жетістік елдегі 7 банкке өз рейтингін жақсартуға мүмкіндік берді.

Сонда қандай шаралар жа­сал­ған деген сұрақ тууы мүмкін. «S&P» бұл сауалға да жауап бере ке­тіпті. Біріншіден, жыл бойына банктердегі тәуекелдерді бақылау күшейген. Екіншіден, активтердің сапасын бағалау (AQR) жүйесі енгізіліп, банктердің жағдайы нақты тексеріле бастаған. Үшіншіден, тұтынушылық кредиттерді бақылау қатаңдады, яғни халыққа шамадан тыс несие берілмеуін қадағалады. Төртіншіден, қадағалау жүйесі жетілген.

Зерттеуге қарап, банк жүйе­сінің тұрақты екенін әрі қауіптің азайғанын көреміз. Банк сек­то­рының макроэкономикалық сын-тегеуріндер мен геосаяси тәуекелдерге орнықтылығы бай­қа­лады. Ал бір қызығы, агенттік отандық банктер активтерінің сапасы мен қаржылық көрсеткіштері күт­кеннен де асып түскенін хабарлап отыр.