Полиция қызметкерлері ұсынған деректерге сәйкес, 2024 жылдың 10 айында Алматыда әйелдерге қатысты 7705 қылмыс тіркелген, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға кеміген.
Еліміздің ірі мегаполисінде әйелдер қауіпсіздігі қаншалықты бақылауға алынған? Бұл сұрақтың жауабын «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Айнаш Есали іздеп көрді.
Автор «Отбасындағы озбырлық: себебі, салдары, сабағы» атты мақаласында әлімжеттіктің тақсіретін тартып келе жатқандар жетіп артылатынын тілге тиек еткен. Мәселен, 2024 жылдың 10 айында Алматыда әйелдерге қатысты 7705 қылмыс тіркелген, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға кеміген. Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқу орындары мен ұйымдарында 160 дәріс, тренинг мен кездесу өткізілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар 776 әйелге кеңес берсе, 150 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылып, 9 әйел «Аналар үйі» баспанасынан қолдау тапты.
Алмалы аудандық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Айгерім Құласбекованың айтуынша, биыл отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу амалдары едәуір күшейтілді. Профилактикалық есепке 6800-ден астам адам қойылды, 6200-ден астам қорғаныс ұйғарымы шығарылды. «Серіктестік – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу құралы» жобасы аясында 105 озбыр психокоррекциялық бағдарламаларға жіберілді.
Еске сала кетейік, осы жылдың сәуірі айынан бастап Қазақстанда үйдегі зорлық-зомбылық қылмыс санатына жатқызылды, ендігі жерде отбасы мүшесін ұрып-соққан, денсаулығына жеңіл, орташа, яки ауыр зақым келтірген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің №244 (30973) санынан оқи аласыздар.