• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:48

Шығынын үнемдеп, табысын ұлғайтқан компания

23 рет
көрсетілді

Отандық кәсіпорындар өз қызметтерін жетілдіруге бағытталған шығындарының бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шараларын алуды жалғастырып жатыр. Бұл бағыттағы қолдау арқылы зауыт, фабрика мен цехтар өндірісті дамыту мен жаңғыртуды жоспарлауға мүмкіндік беріп, олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Осы жылдың IV тоқсанында мемле­кеттік ынталандыру шаралары темір­бетон бұйымдарының жетекші отандық өндірушісі – баспалдақ сатыларын, қабыр­ғалық іргетас блоктарын шығаратын «KazConstructionGroup» компаниясына көрсетілді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 120 мың текше метр бетонды құрайды.

«QazIndustry» компанияға мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында технология­лық үдерістерін жетілдіруге жұмсалған 10,3 млн теңге көлеміндегі шығындарын өтеді. Бұл қаражатқа кәсіпорын жаңа жабдық­тар сатып алып, өндіріс тиімділігін айтарлық­тай арттырды. Нәтижесінде, компания өндіріс­ті жаңғыртып қана қоймай, өнім сапасын жақ­сартып, тапсырыстарды орындау уақытын қысқартып, жаңа жұмыс орындарын ашты.

«QazIndustry ұсынған мемлекет­тік қолдау шаралары біздің кәсіп­орнымызды дамытуда маңызды рөл атқарды. Біз өндірістік үдерістерді айтарлықтай жақсарттық, бұл өнім көлемін арттырып қана қоймай, ел экономикасының дамуына өз үлесімізді қосуға мүмкіндік берді», деп атап өтті «KazConstructionGroup» ЖШС бас директоры Мұратбек Мұхамбедиев.

Жаңа жабдық дайын бетонды құйып, оны айналмалы қорап арқылы арнайы қалыптарға жет­кізуге арналған. Бұл техника жұмыс барысын автоматтандырып, өнді­ріс қарқынын едәуір жеделдетті. Аталған жабдықтың арқасында бір­қатар нәтижеге қол жеткізілді. Біріншіден, өндіріс көлемі 113%-ға өсті. Жаңа технологияны енгізу арқылы кәсіпорын бірдей уақытта өнімді көбірек шығара бастады, бұл қаржылық көрсеткіштердің жақ­саруына ықпал етті. Екіншіден, өндірістік цикл уақыты 25%-ға қысқарды. Енді кәсіпорын тапсырыстарды жылдамырақ орындайды, бұл клиенттердің сұранысын қа­нағаттандыруға және нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол ашады.

Үшіншіден, жаңа жабдықтың арқасында өндіріс ауысымдылығын арттыру мүмкіндігі пайда болып, компания қосымша 10 жұ­мыс орнын құрды. Қазір «Kaz­ConstructionGroup» компаниясында 46 адам еңбек етеді. Төртін­шіден, шығындар үнемделіп, рен­табельділік артты. Жабдықтың тиім­ділігі 35%-ға артып, өндіріс шы­ғындары 40%-ға дейін үнемделе бас­тады. Осылайша, өнімнің өзіндік құны төмендеп, компанияның пайдасы 12%-ға өсті.

«KazConstructionGroup» компа­ния­сының нақты нәтижелері мем­лекеттік ынталандыру шараларының табысқа жетудегі маңызды рөлін дәлелдейді.

«Мемлекеттің қолдауы кәсіп­орын­ды сәтті жаңғыртуда және оның на­рықтағы орнын нығайтуда шешу­ші рөл атқарады. Біз дамуды жалғас­тырып, жаңа жетістіктер­ге жетуге және өнім сапасын жақсар­туға ұмты­ла­мыз», деді компания басшысы.