• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:18

Сақтық шарасы күшейтіледі

76 рет
көрсетілді

Көктемде болған су тасқыны Атырау жұртына үлкен сынақ болғаны анық. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін сақтық шараларына ерте бастан қамдану керек екені де белгілі.

Қазіргі таңда Атырау облысында су тас­қынының алдын алуға дайындық қа­лай жүріп жатыр? Бұл мәселе Премьер-ми­нистрдің орынбасары Қанат Бозым­баевтың мұнайлы өңірге сапарын­да талқыға түсті. Ол алдымен Жылыой, Махам­­­бет аудандарына барып, елді мекен­дерді су тасқынынан қорғау мақсатындағы жұмыстарға бақылау жүргізді.

Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының маңындағы Қамыскөл көлінің жағалауы нығайтылып жатыр. Осындағы Жем өзені арнасының 23 ша­қырымы және Құрсай каналында 35 ша­қырым тереңдетілген. Бұл жұмыстарға 100-ден аса техника тартылған.

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Құлсары қаласында тұрғын­дармен кездесіп, мемлекет тарапынан тұрғын­дарды қолдау шараларының маңы­зы туралы айтып берді. Биыл көктемдегі су тасқынынан зардап шеккендерге салынған тұрғын үйдің сапасына назар аударды.

Ал Махамбет ауданында Жайық өзені­нің бойындағы жағалауды нығайту жұмысы қолға алынған. Батыр атындағы ауданның орталығы – Махамбет ауылында 4,5 шақырымға созылған жағалау нығайтылған. Махамбет пен Сарытоғай ауылдары аралығындағы көпір құры­лы­сы аяқталды. Тұрғындар ауыл ішіндегі жолдың жөнделіп жатқанын көріп отыр.

Атырау қаласының маңындағы Талғай­ран, Ақжар және Еркінқала ауылдарын­да да Жайық өзенінің жағалауында қор­ға­ныс бөгеті салынып жатыр. Ал Алмалы ауылының тұсында Сарыөзек каналы­ның бойындағы 5,6 шақырым бөгет нығайты­лып, Жайық өзенінің жағалауында ұзын­дығы 2,5 шақырым жаңа бекіткіш орнату жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуын­ша, Гоголь каналының арнасын тазарту, су ағынын ұлғайту үшін кеңейту жалға­сын тауып отыр. Өйткені бұл – тас­қын судың Каспий теңізіне құйылуына жол аша­тын негізгі каналдың бірі. Оның ұзын­дығы – 30 шақырым, ені – 18 метр, ал терең­дігі – 2 метр. Қазір каналдың 9,5 шақырымында тереңдету жұмысы атқарылған. Сондай-ақ көктемнен бері Жайық өзенінің Каспий теңізіне сағасын тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жұмыстың жалпы ұзындығы 10 шақырым болса, осы кезге дейін 9,5 шақырымы тереңдетілген.

Қ.Бозымбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен су тасқынын болжау мен модельдеудің жаңа жүйесі – «Tasqyn» жобасы әзірленген. Бұл жобаны жыл соңына дейін іске қосу көзделіп отыр.  

– «Қазгидромет» РМК-ның мамандары қыс маусымының жылы болатынына болжам жасады. Бірақ қар көп болуы мүмкін. Сол себептен барлық қажетті іс-шара алдын ала жасалуы керек. Болуы ықтимал сцена­рий­дің бәрін ескеруіміз қажет. Осы орай­да дайындық жұмыстарының қарқы­нын арттырған жөн. Әсіресе мердігер меке­ме­лер­дің екі ауысыммен жұмыс іс­теуін ұйым­дастырып, қосымша адам күші мен тех­ни­каларды тарту қажет. Төтен­ше жағ­дай­лар министрлігі барлық өңір­дегі су тас­қы­нына қарсы іс-шараларды бақы­лау­ға алады. Атқарылған жұмыстарға, дайындыққа ұдайы мониторинг жүргізеді, – деді Қ.Бозымбаев.

 

Атырау облысы