Тәуелсіздік күні мерекесінде бірқатар өңірде жаңа білім нысандары ашылып, ел тұрғындары қуанышқа бөленді.
Дәлірек айтқанда, Астана қаласында екі ауысымда 4 мың оқушыға арналған он бірінші «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Бұл білім ордасы «Үркер» тұрғын алабында орналасқан. Жаңа оқу ошағы бас шаһардағы оқушы орны тапшылығын шешуге септігін тигізбек. Осы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін елордада 24 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Түркістан облысындағы Еңбекші Дихан мен Манкент ауыл адамдары үшін ақ түйенің қарны жарылды. Бұл қос елді мекенде екі жаңа мектеп бой көтерді. Білім ордасының бірі – Президент бастамасымен жүзеге асып отырған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Аталған мектеп 600 оқушыға арналып, заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін барлық құрал-жабдықпен қамтылған. Айта кетейік, бұл – Түркістан облысында берілген екінші «Жайлы мектеп».
Ал Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында 400 оқушыға арналған жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Мұнда балалар шығармашылығын дамыту мен демалуға арналған кеңістіктер, сондай-ақ жеке шкафтар қарастырылған. Бұдан бөлек, спорт және акт залдары, кітапхана, асхана, шеберхана және 36 пәндік кабинет бар. Бұған қоса Қостанай облысының Қостанай және Арқалық қалаларында мемлекеттік екі жаңа балабақшаның лентасы қиылды. Бұл мектепке дейінгі ұйымдар барлық заманауи стандарттарға сай жасалған. Олар жатын, ойын бөлмелерімен, хореографиялық, гимнастикалық, музыкалық және спорт залдарымен, педагог-психолог, логопед, медициналық, қосымша білім беру кабинетімен қамтылған.
Мереке күні еліміздің төрт өңірінде қосымша білім беру нысандары берілді. Мәселен, Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Бадамша ауылында өнер мектебі бой көтерді. Онда 550-ге жуық бала білім алады. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында Оқушылар сарайы мен Өнер мектебі есігін ашты. Мұнда 19 қосымша білім беру бағытымен 250-ден астам бала оқиды.
Сонымен қатар Павлодар облысының Екібастұз қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Самғау» атты балалардың заманауи шығармашылық үйі пайдалануға берілді. «Балаларға қосымша білім беру жүйесінің жаңа үлгісі» ғылыми-техникалық бағдарламалары аясында салынған нысан 12 бағыт бойынша жеткіншектерді оқытуға арналған жоғары технологиялармен жабдықталған. Орталық күніне 3000-ға дейін баланы қабылдайды. Оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар да бар.