18 желтоқсан күні елордада 30-дан астам шыршаның шамы бір мезетте жағылды. Таңғажайып сәтті қаланың 15 мыңға жуық тұрғыны тамашалады, деп жазады Egemen.kz.
Бас қаладағы ең биік шырша - 25 метр. Мұндай шыршалар «Астана Арена» алаңы мен «Қазақ елі» монументі маңында бой тіктеді.
Барлық шырша маңында жаңа жылдық фотоаймақтар, архитектуралық нысандар, мұз айдыны мен сырғанақтар жасақталған.
Шырша шамын салтанатты жағу рәсімінде келушілерге арнап Қайрат Баекенов, Ринат Малцагов, AYREE, балалар хоры мен би ұжымдары өнер көрсетті.
Нұра ауданындағы сегіз аймақта шырша шамы жағылды. Безендірілген шыршалар орталық саябақта, «Зеленый квартал» ТК скверінде, Үркер тұрғын алабындағы Айғыржал скверінде, «Сарыарқа», «Керуен Сити», «Азия парк», «Хан Шатыр» және «Айланд» сауда-ойын-сауық орталықтарының жанында және Сығанақ пен Ш.Айтматов көшелерінің қиылысында орналасқан.
Сарайшық ауданындағы Қазақ елі алаңында шырша шамын жағу кезінде қала тұрғындары үшін мерекелік бағдарлама, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Мұнда 2 мұз айдыны, екі сәулесі бар сырғанақ, биіктігі 25 метрлік шырша, шағын архитектуралық нысандар мен жарық-люминациялық пано бар.
Сондай-ақ Сарайшық ауданындағы «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы маңында жаңа жылдық шырша шамы жағылды.
Алматы ауданында жаңа жылдық шыршалар шамы Тәуелсіздік даңғылындағы Оқушылар сарайының аумағында, «Sana Sport» Спорт кешенінің аумағында, Рысқұлбеков көшесіндегі «Алма» саябағында, Astana Music Hall (құмыра) маңында және Қошқарбаев даңғылы, 80/1 мекенжайында жағылды.
Есіл ауданында, ЭКСПО аумағында 23 метрлік шырша да жарқырап тұр. Шырша 4000-нан астам ойыншықпен безендірілген, олардың ішінде диаметрі 15-тен 40 см-ге дейінгі шарлар, гирляндалар және т.б. бар. Алаңда сырғанақтар мен мұз айдыны жасақталған. Елорда тұрғындары мен қонақтары шағын архитектуралық нысандардың фонында ертегі кейіпкерлерінің жанында суретке түсе алады.
Байқоңыр ауданында жаңа жылдық шыршалар мына орындарда безендірілді: Жастар сарайының аумағы, К.Ататүрік атындағы саябақ, Ж.Тәшенов көшесінде, Өндіріс тұрғын алабында (Ақбидай мен Кеменгерұлы көшелерінің қиылысы) және Кирпичный тұрғын алабында (Чехоев және Жолымбет көшелерінің қиылысы), «Қоянды» саяжай алабы. Сонымен қатар, ауданда Кеншілер, 5 және Досмұхамедұлы, 6 мекенжайлары бойынша бес метрлік екі шырша орнатылды.
Сарыарқа ауданында әртүрлі биіктіктегі 3-тен 18 метрге дейінгі алты шыршаның шамы жарқырап тұр. Олар мына мекенжайларда орнатылған: қалалық алаң, Бөгенбай батыр даңғылы, 43 мекенжайындағы сквер, «Көктал» саябағы, Есіл өзенінің жағасы және Юбилейная көшесі, 22.