Қостанайда Әнел Баймұрзина есімді жедел жәрдем фельдшері шақырту кезінде келеңсіз оқиғаға тап болып, ауруханадан бірақ шыққан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Фельдшердің айтуынша, оқиға түнгі ауысымда болған. Жедел жәрдем қызметкерлеріне ентігу мен жүрекке байланысты шағым айтқан тұрғыннан шақырту түскен.
«Айтылған мекенжайға келдік. Шақыртқан адамдар бізді агрессивті түрде қарсы алды. Өз жұмысымызды бастап, науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсете бастадық. Бірақ оның қыздары бізге кедергі жасап, егер бірдеңе істесек, бізді қарғайтынын, түрмеге отырғызатынын айтып, қоқан-лоқы көрсетті. Кейін науқастың тыныс алуы мен жүрек соғысы тоқтап қалды, біз реанимациялық шаралар жүргізе бастадық. 30 минут бойы тырыстық, алайда реанимациялық шарадан нәтиже болмаған. Сол кезде науқастың қайтыс болғанын айтып, көңіл айттық. Дәл сол сәтте олар маған шабуылдап, тепкілеп, шашымнан тартып, ұра бастады», деді зардап шеккен фельдшер Аlau.kz-ке.
Жедел жәрдем жүргізушісі көрші пәтерге жүгіріп, полиция шақыруды өтінген.
Әнел Баймұрзинаның айтуынша, оның миы шайқалып, самайында гематома пайда болған. Фельдшер ауруханаға жатқызылып, артынша полицияға шағым түсірген.
«Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде үй иелері мен медицина қызметкерлері арасында жанжал болғаны анықталды. Жанжал барысында 41 және 51 жастағы әйелдер фельдшерге дене жарақатын салған», деп түсіндірді облыстық ПД қызметкерлері.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды.