«AMANAT»-та «Қарызсыз қоғам» жобасы қорытындыланды. Аталған жоба екі жылдан аз уақыт ішінде Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру және «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытындағы маңызды бөлігіне айналды. Партияның көмегімен 780 мың отандасымыздың қаржылық сауаты жақсарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекеттің барлық ресурсы ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Себебі бұл – Президенттің саяси және әлеуметтік реформаларының басты мақсаты. Жиынға қатысушыларға қарата айтқан сөзінде Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасы елдегі жаңа саяси мәдениеттің үлгісіне айналғанын атап өтті. Жобаны табысты жүзеге асыру мақсатында партия, Парламент, Үкімет, жергілікті билік органдары, қаржы секторының өкілдері мен белсенді азаматтар бірлесіп жұмыс істеуде.
Мәжіліс Спикері халықтың шектен тыс несие қарызына батуы қоғамдағы ең өткір проблемалардың бірі екенін жеткізді. Оны шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі шаралар қабылдауда. Президент тапсырмасы бойынша жеке тұлғалардың банкроттығы және несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту туралы заңдар қабылданды, ал бес жыл бұрын біржолғы кредиттік амнистия жарияланып, 500 мың адамның несиесі кешірілді.
Алайда, Ерлан Қошанов атап өткендей, жағдайды түбегейлі түзету үшін мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу маңызды. Дәл осы мақсатта «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы жоғары баға берген қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыру жобасын бастады.
«Шын мәнінде, «Қарызсыз қоғам» жобасы партиялық жобадан жалпыұлттық деңгейге көтерілді. Біз Президент алға қойған ауқымды, стратегиялық міндетті – қоғам мәдениетін өзгерту мәселесін бірлесе шешіп келеміз. Біз азаматтарға мәселені мемлекет шешіп бергенін күтіп отыра бермей, өмірді өз күш-жігерімен жақсартуына мүмкіндік береміз, өзінің және жақындарының тағдырына жауапкершілік алуға үйретеміз. Сонымен қатар, азаматтардың бойына адал еңбек етіп, лайықты табысқа жетуге және болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін жаңа қабілеттерді дарытамыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы – жаңа мемлекеттік стратегияның бір бөлігі. Бұл – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру бағытының негізгі идеясы және «Адал азамат» бастамасының өзегі», деді Мәжіліс Спикері.
Бүгінде жобаға қатысушылардың 40%-дан астамы – қарыз жүктемесін, 70%-ы – ай сайынғы несие төлем мөлшерін, ал 41%-ы – несиелердің жалпы санын азайтты. Сондай-ақ, жазғы каникул кезінде «Қарызсыз қоғам» сарапшылары мектептердің, колледждердің және жоғары оқу орындарының 7,5 мың ұстазын қаржылық сауатты арттыру әдістемесіне оқытты. Биыл 500 мыңнан астам оқушы мен 100 мың студент білім алды. Осы шараның барлығы мемлекеттің араласуымен проблемалық несиелер үлесін 18%-дан 7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Мұның бәрі – Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың және партияның үйлесімді, командалық жұмысының нәтижесі.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының Төрағасы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту қажет екеніне тоқталды. Атап айтқанда, жоба аясында қаржылық интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, бизнесті дамыту, тұрғын үй алу, білім алу сияқты мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары арқылы ұсынылатын жаңа қаржылық құралдарды үйрету бағыттары қарастырылуға тиіс.
Өз кезегінде, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет азаматтарды қолдаудың маңызды әрі тиімді құралы ретінде «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруға ерекше назар аударатынын жеткізді. Атап айтқанда, студенттер мен оқушыларды қаржылық сауаттылыққа және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жұмысы жалғасады. Жобаның ауқымын кеңейту мақсатында мемлекеттік органдар тарапынан тұрақты әрі жан-жақты қолдау көрсетіледі. Яғни, жоба түлектерінің жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге баса мән беріледі.
Бұдан әрі Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеуге қойылатын талаптардың қатаңдатылғанына және несие бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері төмендетілгеніне назар аударды. Сонымен қатар, коллекторларға азаматтардың несиелерін сатуға екі жылдық мораторий енгізілді. Оның айтуынша, осы және өзге де шаралар қарыз алушылардың жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова банк «Қарызсыз қоғам» жобасын қаржыландырумен ғана емес, азаматтарды оқытуға тікелей атсалысу арқылы да белсенді қолдау көрсететінін атап өтті. Бастаманың маңызды бөлігі – қазақстандықтарды жұмыспен қамту. Бұл қадам несие алушылардың қарызын өтеуіне және қаражат жинауына көмектеседі.
Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен келген менторлар мен жоба қатысушылары қатысты. Кездесу соңында серіктестер мен жоба сарапшыларына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, жобаны жүзеге асыруға 12 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысуда. Жобаға қатысуға ниет білдірген азаматтарға ыңғайлы болуы үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқу курсына жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.