• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.02
  • EUR:
    545.19
Басты сайтқа өту
Сенат Кеше

Сенаторлар есірткі саудасына қарсы заңды мақұлдады

45 рет
көрсетілді

Бүгін Сенатта өткен Палата отырысында сенаторлар депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Онда бірқатар маңызды нормалар қарастырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді жаңа заң аясында есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен курьерлер функцияларын орындайтын адамдар үшін жаза сараланады. Ұйымдастырушылармен күрес күшейтіліп, бас бостандығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұзарту жазасы қарастырылады.

Сондай-ақ қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған лауазымды адамдар үшін, сол сияқты, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз өндіргені үшін он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгілей отырып, неғұрлым қатаң қылмыстық жауаптылық шараларын енгізу ұсынылады. Бұл есірткінің айналымына байланысты қызмет бабын теріс пайдалануға қарсы тежеуші фактор болмақ.

«Заң нормаларына сәйкес Қылмыстық кодексте есірткі өндірісімен айналысатындардың және оларды таратушылардың аражігі ажыратылып, жауапкершіліктері қайта қаралды. Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға «күшті әсер ететін заттар» жаңа ұғымы енгізіліп, олардың айналымы реттелетін болды. Мақұлданған заң алдағы уақытта азаматтарымыздың құқықтарының қорғалуын арттыруға және есірткі қылмысымен күрестің тиімділігін күшейтуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Сенат Спикері.