• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.02
  • EUR:
    545.19
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 08:35

Қазақ өнерімен танысты

20 рет
көрсетілді

Эстония және Финляндия елдерінде Қазақстан Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай Астана қаласының мәдени күн­дері өтті. Таллин және Хельсинки қала­ларында ұйымдастырылған мәде­ни-сазды кештерге Е.Рахмадиев атын­дағы мемлекеттік академиялық филармония ұжымдары мен солистері, Франциядан арнайы келген скрипка­шы, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­­раткері Марат Бисенғалиев қа­тысты.

Қазақстандық әртістер Эстония Музыка және театр академиясының концерт залында өнер көрсетті. «Ұлы дала дауысы» деп аталған кеш бағдарламасын Марат Бисенғалиев ашып, британ композиторы, романтикалық бағыттағы музыка өкілі Эдвард Элгар мен қазақтың классик композиторы Мұқан Төлебаевтың шығармаларын орындады. «Қорқыт» этно-ансамблі Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі мен ансамбльдің көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбектің «Аманат», «Көк түріктер» атты авторлық шығармаларын ұсынды.

Кештің көркін астаналық филармония солистері келтірді. Атап айтқанда, халық­аралық байқаулардың лауреаты Әнел Смаи­лова «Көзіңнің мөлдірін-ай», Нұрайым Ерталапқызы «Беу, Айдай» әндерін әуелетті. Ал халықаралық байқаулардың лауреаттары Фируза Рахметова, Нұрсәт Алмас, Шахризада Тыныштық және Алтынбек Арыстанбектің орындауындағы опералық шығармалар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Хельсинкидің «Musiikkitalo» концерт залында өткен концертте опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сүндет Байғожин Абайдың «Айттым сәлем, ка­ламқас» әнімен жиналған қауымды ерекше күйге бөледі. Әншіні рояльмен белгілі композитор Ринат Ғайсин сүйемелдеді.

Айта кетейік, бұл кештер Астана қаласы мәслихаты депутаттарының Эстония және Финляндияға ресми сапарына сәйкес келді.

«Музыка тілі – ұлтына қарамастан бәріне түсінікті тіл. Ал мәдени көпір елдер  арасындағы ең берік байланыс орнатудың жолы. Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен Астана қаласының мәдени күндері өнердің халықтарды жақындастыра алаты­нының жарқын үлгісіне айналды. «The Voice of the Great Steppe» концерттік бағдарламасы достықты бейнелеп, Қазақстан мен Фин­ляндия арасындағы мәдени байланыс­ты нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болды», деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов. 

Кеш барысында қазақтың ән-күйлерімен қатар өзге тілдегі туындылар да орындалды. Соның ішінде «Қорқыт» этно-ансамблі әйгілі фин әуені «Levan Polkka» шығармасымен көрерменді таңғалдырды.