• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:05

«Қарызсыз қоғам» – өмірді жақсартуға мүмкіндік береді

74 рет
көрсетілді

«Amanat» партиясында халық арасында кеңінен сұранысқа ие болған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жұмысы қорытындыланды. Аталған жоба екі жылдан аз уақыт ішінде Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру және «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытындағы маңызды бөлігіне айналды. Партияның көмегімен 780 мың отандасымыздың қаржылық сауаты жақсарды.

Мемлекеттің барлық ресурсы ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Себебі бұл – Президенттің саяси және әлеуметтік реформалары­ның басты мақсаты. Жиынға қатысушыларға қарата айтқан сөзінде «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасы елдегі жаңа саяси мәдениеттің үлгі­сіне айналғанын атап өтті. Жоба­ны табысты жүзеге асыру мақ­сатында партия, Парламент, Үкімет, жергілікті билік органдары, қаржы секторының өкілдері мен белсенді азаматтар бірлесіп жұмыс істеді.

Мәжіліс төрағасы халықтың шектен тыс несие қарызына батуы қо­ғамдағы ең өткір проблемалар­дың бірі екенін жеткізді. Оны шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Прези­дент тапсырмасы бойынша жеке тұлғалардың банкроттығы және несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту туралы заңдар қабылданды, ал бес жыл бұрын біржолғы кредиттік амнистия жарияланып, 500 мың адамның несиесі кешірілді.

Алайда Е.Қошанов атап өткен­дей, жағдайды түбегейлі түзету үшін мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу маңызды. Дәл осы мақсатта «Amanat» партиясы Мемлекет басшысы жоғары баға берген азаматтардың қаржылық сауатын арттыру жобасын бастады.

«Шын мәнінде, «Қарызсыз қоғам» жобасы партиялық жобадан жалпыұлттық деңгейге көтеріл­ді. Біз Президент алға қой­ған ауқымды, стратегиялық мін­детті – қоғам мәдениетін өзгер­ту мәселесін бірлесе шешіп келе­міз. Біз азаматтарға мәселені мем­лекет шешіп бергенін күтіп отыра бермей, өмірді өз күш-жі­герімен жақсартуына мүм­кін­дік береміз, өзінің және жақын­дарының тағдырына жауап­кершілік алуға үйретеміз. Соны­мен қатар азаматтардың бойы­на адал еңбек етіп, лайықты табыс­қа жетуге және болашаққа сенім­мен қарауға мүмкіндік беретін жаңа қабілеттерді дарытамыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы – жаңа мемлекеттік стратегияның бір бөлігі. Бұл – Мемлекет басшысы­ның Әділетті Қазақстанды құру бағытының негізгі идеясы және «Адал азамат» бастамасының өзегі», деді Мәжіліс спикері.

Бүгінде жобаға қатысушы­лардың 40%-дан астамы қарыз жүктемесін, 70%-ы ай сайынғы несие төлем мөлшерін, ал 41%-ы несиелердің жалпы санын азайтты. Сондай-ақ жазғы каникул кезінде «Қарызсыз қоғам» сарапшылары мектептердің, колледждердің және жоғары оқу орындарының 7,5 мың ұстазын қаржылық сауатты арттыру әдістемесіне оқытты. Биыл 500 мыңнан аса оқушы мен 100 мың студент білім алды. Осы шараның барлығы мемлекеттің араласуымен проблемалық несиелер үлесін 18%-дан 7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Мұның бәрі – Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік органдар­дың, депутаттық корпустың және партияның үйлесімді, командалық жұмысының нәтижесі.

Сонымен қатар «Amanat» пар­тиясының төрағасы «Қарыз­сыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту қажет екеніне тоқталды. Атап айтқанда, жоба аясында қаржылық интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, бизнесті дамыту, тұрғын үй алу, білім алу сияқ­ты мемлекеттік қаржылай қолдау бағ­дарламалары арқылы ұсынылатын жаңа қаржылық құралдарды үйре­ту бағыттары қарастырылуға тиіс.

Өз кезегінде Премьер-ми­нистрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет азаматтарды қолдаудың маңызды әрі тиімді құралы ретінде «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруға ерекше назар аударатынын жеткізді. Атап айтқанда, студенттер мен оқушыларды қаржылық сауат­ты­лыққа және кәсіпкерлік негіз­дері­не оқыту жұмысы жалғасады. Жобаның ауқымын кеңейту мақсатында мемлекеттік органдар тарапынан тұрақты әрі жан-жақты қолдау көрсетіледі. Яғни жоба түлектерінің жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге баса мән беріледі.

Бұдан әрі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеуге қойылатын талаптардың қатаңдатылғанына және несие бойынша сыйақы­ның шекті мөлшерлемелері төмен­детілгеніне назар аударды. Сонымен қатар коллекторларға азаматтардың несиелерін сатуға екіжылдық мораторий енгізілді. Оның айтуынша, осы және өзге де шаралар қарыз алушылардың жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

«Halyk Bank» басқарма төраға­­сы Үміт Шаяхметова банк «Қарыз­сыз қоғам» жобасын қаржы­лан­дырумен ғана емес, азаматтарды оқытуға тікелей атсалысу арқы­лы да белсенді қолдау көр­сет­етінін атап өтті. Бастаманың маңыз­ды бөлігі – азаматтарды жұмыс­пен қамту. Бұл қадам несие алу­шылардың қарызын өтеуіне және қаражат жинауына көмектеседі.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Свет­лана Жақыпова, Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбек, сондай-ақ еліміздің бар­лық өңірінен келген менторлар мен жоба қатысушылары қатысты. Кез­десу соңында серіктестер мен жоба са­ра­пшыларына алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, жобаны жүзеге асыруға 12 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысып жатыр. Жобаға қатысуға ниет білдірген азаматтарға ыңғайлы болуы үшін qogamfin.kz онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқу курсына жазылып, пайдалы материалдар мен бейнесабақ­тар­ды жүктеп алуға болады.