Биылғы 11 ай ішінде мемлекеттік бюджет кірісі 2 трлн теңгеге азайып, Үкіметтің межелі жоспары орындалмады. Ел қазынасына 3,5 трлн теңге салық түспей қалды. Кейінгі жылдары жоспар орындалмай, тапшылықтың туындауы қалыпты әдетке айналып келеді. Себебі неде?
Үкімет жауапкершіліктен қашпайды
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке 19 трлн теңге түсіп, жоспар 90%-ға орындалған. Оның ішінде республикалық бюджетке 11,8 трлн теңге кіріп, жоспардың 82%-ы жабылған. Алайда салықтың салы суға кетіп, көзделген кіріс толыққанды түспей қалды. Әу баста 14,3 трлн теңге салық жинау жоспарланғанымен, іс жүзінде 10,8 трлн теңгеге қанағат етуге тура келді. Демек жоспарланған ақшаға 3,5 трлн теңге жетпейді. Вице-министр бұған салық түсімдерінің төмендеп кеткені себеп дейді. Ал салық түсімдері жоспардың 76%-ын құрайды.
Ержан Біржанов
«Жоспардың орындалмай қалғанының себептері көп. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, үшінші елдерден келетін импорт көлемі едәуір азайған. Нақты айтар болсам, 6,4%-ға яғни 2,3 млрд долларға кеміген. Одан кейін негізгі экспорттық металдар бағасы төмендеп кетті. Бұл өз кезегінде 602 ірі салық төлеушінің аванстық төлемдер сомасының 267 млрд теңгеге төмендеуіне әсер етті. Қосылған құн салығын қайтару да ұлғайып, 981 млрд теңге болды. Тағы да өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ 2,5 есе көп. Соған қарамастан, салықтың орындалмауы салықтық емес төлемдердің 1 трлн теңгеге ұлғаюымен өтеледі», деп түсіндірді Е.Біржанов.
Жергілікті бюджеттердің кірістері 108%-ға орындалып, 7,2 трлн теңгеге жеткен. Жоспар 525 млрд теңгеге асыра орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда кіріс 26,5%-ға, яғни 1,5 трлн теңгеге өскен. Бюджет шығыстарына келер болсақ, ол жақта жағдай қалыпты. Мәселен, мемлекеттік жоспар – 94%, республикалық жоспар – 96%, жергілікті жоспар 92% сәтті жүзеге асыпты. Шыққан шығыстарға қарасақ, әлеуметтік бағыт басты назарда болған. Мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелерді орындаған:
Зейнетақы мен жәрдемақыға 5,2 трлн теңге; Өңірлерге субвенцияларға 4,8 трлн теңге; ӘМСҚ-ның нысаналы жарнасына 1,6 трлн теңге.Жергілікті бюджеттердің шығыстары 13 трлн теңгені құрады:
Әлеуметтік салаға 6,6 трлн теңге (51%); Тұрғын үй коммуналдық шаруашылыққа 1,9 трлн теңге (14,6%); Көлік және коммуникацияға 1,2 трлн теңге (9,3%); Ауыл шаруашылығына 750 млрд теңге (5,7%).Бюджетті орындаудың маңызды компоненттерінің бірі – мемлекеттік сатып алу үдерісі. Олардың көлемі биыл 8,8 трлн теңге болды. Бұл тұрғыда бюджет қаражатын оңтайландыру есебінен 840 млрд теңге үнемделді. Жалпы, кейінгі жылдары ел бюджетіне қатысты жоспар орындалмай, тек тапшылық қалыптасып келеді. Бұған Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров былай пікір білдірді:
«Бюджеттің тапшылықпен қалыптасуы – заң бұзу емес. Бюджетті жоспарлау мен атқаруға қатысқандардың бәрі жауапты. Біздің жұмысымыз жауапкершіліктен тұрады. Үкімет жауапкершіліктен қашпайды. Мемлекет қаржысын басқару мен жұмсауда белгілі бір шектеу енгізілді. 2025 жылы Үкімет бюджет шығынын қысқартып, кірісін арттыру мақсатында жұмыс істейді. Биыл республикалық бюджетке он шақты рет түзету енгіздік», деді ол.
Мәселе – нашар жоспарлауда
Бюджет тапшылығы мемлекеттiк қарыздың ұлғаюына, инфляцияның өсуiне, басқа да келеңсiз салдарға әкеледі. Мамандардың айтуынша, фискалдық тәртіпті сақтау – экономиканың орнықты өсуі мен әл-ауқаттың артуы жолында негізгі міндетке айналып келеді. Тапшылық артқан кезде мемлекет қаржысының орнықтылығын қамтамасыз етуге байланысты шаралар қабылдау қажет. Көптеген ел тапшылықтың өсу мәселесін шешу үшін бюджет ережелерін қабылдайды.
Аягөз Ханет
«Бюджет ережесі – шешім емес, бірақ ол табиғи ресурстарға бай елдерге бюджет балансын сақтауға көмектесе алатын өте маңызды құрал. Бюджет ережелері шикізат ресурсын өндіруден түсетін кірісті басқарудың негізгі құралы бола алады. Бұл ережелер ресурстар бағасының өзгеруінен туындайтын қатерлердің алдын алу арқылы қаржыны орнықты басқаруға ықпал етеді. Мысалы, мұнай бағасы төмен болған кезеңдерде контрциклдік фискалдық саясатқа сай Ұлттық қордан бюджетке қаражат көбірек бөлінуі мүмкін. Керісінше баға тиімді болған кезеңдерде қорда көбірек қаражат жинақтауымыз керек, яғни резервтер беру арқылы ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылыққа жол ашуы мүмкін. Чили, Норвегия және Ресейдің тәжірибесіне қарасақ «бюджет ережелері» табиғи ресурстарға бай елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің тиімді құралы бола алатынын көреміз. Бұл ережелер мемлекеттік қарыз бен инфляцияның шамадан тыс өсуіне тосқауыл болады, сонымен қатар инвестиция мен экономикалық өсуге ықпал етеді», дейді экономист Аягөз Ханет.
Еліміз 2005 жылдан бастап бірнеше бюджет ережесін қабылдады. Бірақ ойдағыдай орындала қойған жоқ. Қаржыгер Андрей Чеботарев бюджетке түсетін ақшаның аз-кемдігі келесі жылы да болады дейді.
Андрей Чеботарев
«Ресми деректерге сүйенсек, негізгі кедергі – импорттың төмендігі. Әрі кейбір экспорттық тауарларымыздың бағасын тым жоғары көтердік. Ал негізінен, мәселе – нашар жоспарлауда. Жалпы, бюджет қалай жоспарланады? Соған мән берейікші. Әуелі өткен жылға зер салып, талдау жүргізіледі. Содан былтырғы мөлшерге шамамен 15% ақша қосылады. Яғни келер жылдың әл-ауқатын шамалайды. Көрпеге қарай көсіледі. Бірақ қазіргі геосаяси жағдайда бұл ереже жұмыс істемейді. Себебі аумалы-төкпелі заманда аяқ асты не болатынын, қандай өзгеріс болатынын ешкім білмейді. Сондықтан үш-төрт қадамды алға басып, біршама қор жинауымыз керек. Енді біздің биылғы жағдайымызға келейік, әрине, дұрыс жоспар жасалмаған. Себебі былтыр да осындай импорт көлемі болған. Кіріс аз, шығыс көп. Мынадан осыншама ақша келеді деп күту де бар. Бұл – қауіпті. Жағдай келесі жылы да болады, өйткені бюджет тағдыры үш жылмен жазылады. Содан кейін түзетіледі. Келесі жылы ғайыптан тайып, басқаша болып кетпесе», дейді қаржыгер.