Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай елорда жастарымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу жастардың мемлекеттік қызметке келуіне жасалған мүмкіндіктерді түсіндіру, оларға әділеттілік пен адалдық, азаматтық сана құндылықтарын, отансүйгіштік қасиеттерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға өңірлердегі жастар бейнеконференцбайланыс арқылы Академия филиалдарынан қосылды және мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері, «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің» тыңдаушылары қатысты.
Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет саласын дамыту жұмыстары шеңберінде «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидаттарына сәйкес ашықтық, әділдік, отансүйгіштік қасиеттерге баса көңіл бөлініп отырғанына тоқталды.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» деген болатын. Еңбекқор, отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – ел дамуының қозғаушы күші. Халқымыз қашан да жастарға үлкен үміт артқан. Агенттік дарынды, білімді, бастамашыл жастарды мемлекеттік қызметке тартуды тұрақты жолға қойып отыр. Сол арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастырудамыз. Жастардың бойындағы күш-қуат пен қабілетті елге қызмет етуге бағыттау біздің басты мақсатымыз. Болашақта мемлекеттік қызметке қызығушылық танытып, осы жолды таңдасаңдар туған отанымыз Қазақстанды көркейтуге тікелей үлес қоса аласыңдар», деді Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай.
Агенттік заман талабына сай цифрландыру арқылы кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қалыптастыру мақсатында «eQyzmet.gov.kz» сайтында мемлекеттік қызметке қабылдаудың онлайн жүйесін енгізген.
Соңғы өзгерістерге сәйкес жоғары оқу орындарын жақсы көрсеткішпен (GPA 3,33-тен жоғары) бітірген 430-дан астам түлек аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданды. Аймақтарда мемлекеттік қызметші болуға ынталы жастарды анықтау, оларға мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру және қызығушылығын арттыру жұмыстарын жүргізетін жас мемлекеттік қызметшілердің мектептері жұмыс жасап жатыр.
Мемлекеттік аппаратқа қажетті дарынды жастарды іріктеу үшін Президенттік жастар кадр резерві және Өңірлік кадр резерві қалыптастырылды.
Іс-шара барысында жастар 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы шеңберінде салаға қажетті жас таланттарды ынталандыруды көздейтін, мектеп және университет деңгейінде ерте кәсіптік бағдарлау институтын құру бастамасына қызығушылық танытты.
Жастар Агенттік төрағасына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Дархан Жазықбай «Адал азамат» идеалына тән қасиеттердің жастарымыз үшін маңыздылығына тоқталып, оларға мемлекетшіл болудың, отан алдындағы жауапкершілік пен парыздың қашанда биік тұру қажеттілігін айтты.
Іс-шара барысында жастарға Академияда экскурсия жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға арналған цифрлық коворкинг залы, медиа-студия, ақпаратты 3D-голограмма, мұражай және кітапхана жұмысы таныстырылды.