ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысы әкімінің өкімімен Естібаев Асқар Сұлтанұлы Түлкібас ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа әкімді аудан активіне таныстырды.
Естеріңізге сала кетейік, Түлкібас ауданының әкімі қызметін атқарып келген Ізтілеуов Нұржан Жақсылықұлы басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылды.
«Ауданның жаңа әкімі депутаттармен бірлесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға, Президентіміздің саясатын жүйелі түрде іске асыруға бар күш-жігерін жұмсайды деп сенемін. Бағыт айқын – инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын көтеру», деді Дархан Сатыбалды.
Асқар Естібаев 1974 жылы 18 шілдеде Түлкібас ауданында дүниеге келген, білімі жоғары. «Заңгер», «экономика» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1998 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының приставы болып бастаған.
2022 жылдың қазан айынан осы уақытқа дейін Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болған.