«Ауыл» партиясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган – республикалық «Мейірім құшағы» әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі комиссиясының, партияның облыстық филиалының ұйытқы болуымен «Жаңа Қазақстанның жасампаз әйелдері» тақырыбында Ұлытау облысының әйелдер форумы өтті.

Облыстың барлық аудан, қаласынан жиналған делегаттар негізінен ұрпақ тәрбиесі, кәсіпкерлікті дамыту туралы пікір алмасты. Бесік пен әлемді қатар тербететін нәзік жүрек иелері арасында өз ісінің майталмандары жетерлік. Олар қоғам өмірінің барлық саласында еселі еңбек етіп жүр. Шағын және орта бизнес саласында қыз-келіншектердің қатары жыл санап өсіп келе жатыр. Форумда негізінен әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған нақты жобалар мен бастамалардың ортаға салынуы да сондықтан. Осы салада жақсы жетістіктерге жеткен қыз-келіншектер партияның Алғыс хатымен марапатталды.
Форум аясында ұлттық салт-дәстүр дәріптеліп, қайырымдылық, мейірімділік шаралары да өткізілді. «Ауыл» партиясының белсенді мүшесі Ерден Сатыбалдин «Харекет» қорының атынан көпбалалы мұқтаж отбасына пәтер кілтін табыстады.
«Ұлытау облысының әйелдер форумы мәнімен де, сәнімен де зор әсерге бөледі. Жиын жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыра білген Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты, облыстық «Мейірім құшағы» комиссиясының төрағасы Әлия Аяпбергенованың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Біз мұндай бастамаларды әрқашан қолдаймыз», деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы Ақылбекова.
Жезқазған қаласы