• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қаржы Кеше

«Пошташы» жобасы баспаналы болуға бастайды

31 рет
көрсетілді

Жыл басында «Отбасы банк» АҚ мен «Қазпошта» АҚ бірлескен ортақ жобаны қолға алған еді. «Пошташы» деп аталатын бұл жоба ауылдағы ағайынға аудан немесе облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті пошта қызметкерлерінің көмегімен депозит ашуға көмектеседі. Бүгінде аталған бастаманың игілігін көріп отырған адамдар аз емес.

Мәселен, Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылының тұрғындары – Байма­хановтар отбасы таяуда жергілікті пошташы Ақнұр Аблайқызының көме­гімен төрт баласына да «Отбасы банкте» депозит ашты. Енді әр баланың жинақ қар­­жысы бар. Отағасы Бахытбек Қуандықұлы сол арқылы бала­ла­ры­ның болашағын ойластырып, олардың алаңсыз білім алуына жағдай жасауды көздейді.

«Бүгінгі жаһандану заманында әрі нарық билеген уақытта әр ата-ана бала­сы­ның ертеңін ойлап, олардың келешегінің қамын қазірден-ақ қолға алса, артық болмас. Сондықтан Ақнұр Аблайқызының көмегімен төрт балама арнайы шот аштым. Әрқайсысына ай сайын шама-шар­қы­мызға қарай қаржы аударуды әдетке айналдыра бастадық. «Ең құнды инвестиция – балаға құйылған қаржы» деп тегін айтылмаса керек. Бүгінде мектепте оқып жүр­ген ұл-қыз­дарымыз көзді ашып-жұмғанша оқу орнымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады. Сол тұста ата-анасының бүгіннен бас­тап тірнектеп жинап жүрген қаржысы тірек болса екен деймін», дейді Бахытбек Қуандықұлы.

Сөйтіп, Баймахановтар отбасы 12, 10, 8 және 6 жастағы балалары – Айханым, Нұржұма, Зере мен Жаухарға депозиттік шот ашып қойды. Салымды да уақтылы, тұ­рақ­ты түрде жасап отыр. Сол арқылы олар­дың ер­теңгі өмірінің кірпішін қалап келе­ді.

«Балаларға депозит ашпас бұрын нарықтағы жағдайды біраз зерделедік. Нәтижесінде, таң­дауымыз «Отбасы банк» АҚ ұсынған өнімдерге түсті. Бұл банктің де­позитке аударылатын пайыздық мөл­шерлемесі өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары. Жыл соңында берілетін 20 па­йыздық мемлекеттік сый­лық­ақы тағы бар. Депозитті ауылымыздан шықпай-ақ, жергі­­лік­ті пошта бөлімшесіне барып аштық. Бұл да ыңғайлы. Енді мобильді қосымша арқылы кез келген уақытта қалаған сомамызды аудара аламыз. Тиімді тұсының тағы бірі – осы. Қыс­­қа­сы, барлық талап-шарт көңілі­мізден шықты. Болашақта бала­ларым жинақ қаржысын өз игіліктеріне қалауына қарай жұмсай алады», дейді Бахытбек Қуандықұлы.

Баймахановтар әулетінің жоспарын жүзеге асыруға ықпал етіп, отбасылық пакет ашуға көмектескен оператор-кеңесші Ақнұр Аблаевна – өз ісінің маманы. Ұзақ жыл бойы Мәдениет ауылында пошта бөлімшесінің меңгерушісі болып еңбек етіп жүрген ол жыл басында «Отбасы банк» АҚ оператор-кеңесші ретінде де жұмысын жалғастырды. Осылайша, «Пош­ташы» жобасының аясында қос қызметті қатарынан сәтті атқарып келеді.

«Ауылдастарым мені пошташы ретінде біледі. Жыл басында «Отбасы банк» пен «Қазпоштаның» бірлескен жобасы – «Пошташы» басталған соң жергілікті жұртшылыққа қар­жылай кеңес қызметін көр­сетуге де көштім. Яғни енді мен ауылдағы ағайынға тек хат-хабар жеткізуде емес, қаржылық мәселелерді шешуде де көмектесе аламын. Бұл ретте біздің басты миссиямыз – депозиттер ашып, оны толықтыруға көмектесу, кеңес беру, ипотекалық несие рәсімдеуде бағыт-бағдар көр­сету», дейді білікті маман.

Бүгінде Мәдениет ауылында 2 мыңға жуық адам тұрады. Олардың басым бө­лігі осы уақытқа дейін «Отбасы банкте» депозиттік шот ашып, кейбірі баспаналы болып та үлгерген екен. «Пошташы» жобасы аясында Ақнұр Аблайқызы тағы 30-ға жуық адамға депозиттің жай-жапсарын түсіндіріп, басым тұстарын айтып, шот ашуына қолұшын созды.

«Мен пошташы ретінде қызмет көр­сетумен қатар, оператор-кеңесші ре­тінде тұр­ғын­дардың қаржылық сауат­ты­лығының артуына, қаражат жинау мәдениетін қалып­тастыруына ықпал ете алатыным үшін қуаныштымын. Бұл өз кезегінде ауылдастарымның болашаққа деген сенімін ны­ғайтып, олардың арман-мақсат­тарының жүзеге асуына оң әсер береді деп ойлаймын. Біздің бұл бағыттағы еңбегіміз еш кетіп жат­қан жоқ. Баспаналы болудың ал­ғаш­қы қазығы қағылып жа­тыр. Сонымен қатар осы бағыттағы жұмысымыз «Отбасы банк» тарапынан бағаланады. Әр ашылған, толық­тырылған депозит, рәсімделген несие үшін бонус­тар мен сыйақылар қарас­тырылған. Мұндай ынталандыру біздің клиенттермен жұмыс істеуге деген ниеті­­міз­ді арттырып, жігерлендіре түседі. Өзімізді өзгеше бағытта сынап көруге, жаңа бағыт­­ты тануға кө­мектеседі. Банктік қызмет көр­сету бойынша білімімізді толық­тырып, біліктілігімізді же­тілдіруге де мүмкіндік бар. Бұл ретте «Отбасы банктің» негізгі қызметкерлері тәжірибесімен бөлісіп, біл­ме­генімізді үйретіп оты­­рады», дейді Ақнұр Аблайқызы.

Байқағанымыздай, «Пош­ташы» жоба­сы­ның бере­рі мол. Ол еліміздің шалғай­дағы ауыл­да­рының тұр­ғын­да­рына де­позиттік шоттың маңыз­ды­лы­ғын көрсетіп, банктік қызметтер алудағы уақытты айтар­лықтай үнемдейді. Ақнұр Аблайқызы атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыс жұртшылықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, табысын тір­нек­теп жинап, бас­паналы болуына кө­мектеседі. Сондықтан аталған жобаны осы жылдың маңызды әрі нәтижелі бастамасы деп айтуға толық негіз бар. Оған пошта бөлімшесіне ай са­йын келіп немесе мобильді қосымшаны пай­даланып, депозиттік шотты белгілі бір сомаға толтыруды игі дәстүрге айналдырған азаматтар да айғақ бола алады.