Шымкент қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Бақытжан Байғозиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жасөспірімдерге қатысты құқықбұзушылықтар жөнінде статистикалық мәліметтерді баяндады. Ол биыл 11 айда мегаполисте жасөспірімдер жасаған қылмыс саны азайып, кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны өскенін айтты.
Заң өкілі мәлімдегендей, шаһарда қала прокуроры өкімімен мобильді топтар құрылған. Олардың қызметі – жасөспірімдерге қатысты заңбұзушылықтың алдын алу әрі олармен күресу. Мобильді топтар жыл басынан бері жүздеген түнгі рейд ұйымдастырып, балаларын қадағаламаған ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қылмыс жасайтын жасөспірімдер негізінен толық емес, тұрмысы төмен отбасынан шығады. Прокуратура 1 300 осындай отбасын зерделеп, 500-ге жуығына әлеуметтік көмек көрсетуге атсалысты.
Шымкентте 237 мектеп, 36 колледж, 7 университет бар. Прокуратура тиісті сала өкілдерімен осы білім беру ұйымдарында іс-шаралар өткізіп, оқушы, студенттердің құқықтық сауатын ашты. Қадалағаушы орган мектеп, колледждегі психолог мамандардың жұмысын тексеру барысында психолог-педагогтерге тапшылық барын, біліктілігінің төмен екенін анықтаған. Осыған орай және басқа да құқықбұзушылық бойынша мектеп, колледж директорларына әкімшілік жауапкершілік жазасы қарастырылды. «Киберқадағалау» бірге жасөспірімдерді суицидке итермелейтін сайттар мен компьютерлік ойындарды бұғаттады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға көмек көрсету мақсатында прокуратура жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығында арнайы жобаны қолға алды. Соның нәтижесінде, тұрмыстық кикілжіңнен шаршаған отбасы мүшелеріне мамандар психологиялық көмектер ұсынды. Әсіресе мамандар ата-аналар мен балалардың арасын жақындастыру, ерлі-зайыпты азаматтарды бір-бірімен жарастыру бағытында көп жұмыс атқарды. 11 айда отбасы шырқын бұзған 5 600 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 4 800 тұлғаға қатысты «қорғау нұсқамасы» шығарылды. Оны бұзған 363 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратураның мәліметінше, биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша анықталған деректер саны 32-ден 146-ға бір-ақ өскен. Заң өкілі Б.Байғозиевтің айтуынша, мұның басты себебі отбасылық құқықбұзушылық пен қылмысқа қатысты заңнаманың биыл күшейтілуіне байланысты болған.
Сонымен қатар Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб басшысы Дәурен Тұрғынбай атқарылған жұмысқа қатысты есеп берді. Маман мәлімдегендей, департаменттің әуелгі жұмысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге арнайы меморандум түзді. Соның аясында дөңгелек үстел мәжілістері, жеке қабылдау ұйымдастырылды. Осы күнге дейін кәсіпкерлер палатасында 9 жиналыс өткізілді. Онда бизнес өкілдерінің құқықтары қаралып, заң тұрғысынан кеңес берілді. Сондай-ақ 10 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 20 кәсіпкердің арыз-шағымы қаралды.
Департамент шешкен мәселелерге келсек, азық-түлік саласында қызмет ететін кәсіпкердің электр энергиясына төлейтін тариф құны 41 теңгеден 31 теңгеге төмендетілді. Шаһарда балалар жаялығының жалған көшірмесін жасаған алаяқтар ұсталып, олардың ісі сотқа жолданды. Осындай дерекпен тұрмыстық химияның контрафактілік түрлерін шығарған топ анықталып, 25 млн теңгеден аса келтірілген залал шығыны өндірілді. Департамент халық көп шоғырланатын аймақтарда әр тоқсан сайын ұйымдастырылатын «Халық заңгері» акциясына қатысып, тұрғындарға керекті заңгерлік кеңестер беріп келеді. 11 айда тергеп-тексеру органы 133 арыз-шағым қарап, 100-ден астамы оң нәтижемен шешілді. «Бизнесті қорғау» жобасы аясында департамент табалдырығын тоздыратын кәсіпкерлер саны күрт азайған.
Аталған заң мекемесінде бүгінде бірнеше ілкімді бастама қолға алынған. Біріншіден, тергеу әрекеттері бейнежазба арқылы жүргізіледі. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға көмектеседі. Екіншіден, барлық экономикалық іс негізінен электрондық форматта тіркеледі. Үшіншіден, тергеу рәсімінен тыс кәсіпкерлерден құжаттар сұратуға тыйым салынды. Төртіншіден, тергеу процесіне шақыру екі есеге қысқарды. Осындай реформалардың нәтижесінде, сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тартылған кәсіпкерлер саны 90 пайызға азайды. Қазір олар салықтық әкімшіліктендіру аясында тергеліп жатыр.
«Біз анықтаған құқықбұзушылықтың құрылымына қарасақ, қозғалған істің 80 пайызға жуығы «обнал» фирмаларға, қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушыларға, заңсыз ойын бизнесіне, заңсыз алкоголь өнімдерін өндірушілерге, контрафактілік өнімдерді жасаушыларға қатысты тергеулерден тұрады. Бұл субъектілерді бизнесмендер қатарына жатқызуға болмайды. Өйткені олар не салық төлемейді, не әлеуметтік міндеттемелерді орындамайды. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – заңсыз әрекетке баратын осындай топтарды анықтау», деді Д.Тұрғынбай.
Маманның айтуынша, департамент қаланы жылумен қамтамасыз етуші «Қуатжылуорталық-3» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны басшыларының бюджет ақшасын жымқыру деректерін анықтаған. Олар құрылыстың смета құнын әдейі өсіріп, істелмеген жұмысты істедік деп шаһардың жылу мен электр желілерін ауыстыруға бөлінген 1,1 млрд теңге қазына қаржысын жеп қойған. Лауазымды тұлғалар қаражатты жылыстату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобымен ауыз жаласқан. Бұл топ 7 пайыз ақшалай сыйақыға 24 кәсіпорын арқылы шот-фактура секілді жалған құжаттар ұсынған. Осы алаяқтық әрекетті іске асырғандар Астана мен Шымкент қалаларынан жеке үй мен пәтерлер, басқа да жылжымайтын мүліктер сатып алып, банк шоттарына 50 млн теңге салған. Олардың барлық қылмысы әшкере болып, энергетика басқармасының лауазымды тұлғалары, коммуналды кәсіпорын мен жеткізуші мекемелердің басшылары 2 жылдан 7,5 жыл мерзімге сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.
Жалпы, бюджет саласында жыл басынан 12 қылмыстық іс анықталып, олардың жетеуі сотқа жолданса, қалған бесеуі – өндірісте.
ШЫМКЕНТ