Қазақстан энергетикалық әлеуеті жоғары елдердің қатарына кіреді. Осының нәтижесінде, мемлекет энергия көздерін әртараптандыруға және экологиялық таза технологияларды енгізуге үлкен назар аударады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанын ескере отырып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керегіне тоқталған еді.
Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі сонау өткен ғасырдың 90-жылдарынан көтеріліп, ақшаның жетіспеуінен тоқтап қалып, тек кейінгі үш-төрт жылда белсенді түрде қайтадан талқыға түсе бастады. АЭС туралы халық арасында әртүрлі пікір айтылып та жүр, ел ішінде оның құрылысына күмән келтіріп жатқандар да жоқ емес.
Дегенмен, осы тұста Қазақстанның дүние жүзіндегі атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі бар 27 мемлекеттің арасына қосылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2022 жылдың соңында елімізде уран өндіру көлемі 21,3 мың тоннаны құраса, бұл көрсеткіш Канадада – 7,4 мың тонна, Намибияда – 5,6 мың тонна, Аустралияда – 4,6 мың тонна, Өзбекстанда – 3,3 мың тонна, Ресейде – 2,5 мың тонна, Нигерде – 2 мың тонна, Қытайда – 1,7 мың тонна деңгейінде болған көрінеді. Сөйтіп, дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметінше, уран сатуда еліміз бірінші орынға шықты.
Қазақстанның энергия тұтынуы жылдан-жылға өсіп келеді. Сонымен қатар, елдің энергетикалық құрылымында көмірдің үлесі басым болғандықтан, экологиялық проблемалар да артып келеді. Қазақстан әлемде көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларынан шығатын зиянды заттар мен көмірқышқыл газын шығару жағынан алдыңғы қатарда тұр. АЭС салу осы мәселені шешуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында 6 қазанда атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін мәлімдеген еді.
Референдумның қорытындысына сәйкес, халықтың 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдады. Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құраған. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 миллион 820 мың 204 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66% құрады. Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% құрады.
Президенттің Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендіру, атом электр станциясының қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілген.
Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды.
АЭС салудың пайдасы мен артықшылықтары
Энергия қауіпсіздігі. АЭС Қазақстанның энергия тәуелсіздігін арттыруға көмектеседі, бұл өз кезегінде елдің экономикалық тұрақтылығына оң әсер етеді. Экологиялық таза энергия. Ядролық энергия көмір мен мұнайдан әлдеқайда аз зиянды заттар шығарады, бұл Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Энергетикалық әртараптандыру. Қазақстанның қазіргі уақытта энергетикалық балансында көмірдің үлесі жоғары. АЭС құрылысын жүзеге асыру бұл тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Экономикалық тиімділік. АЭС ұзақ мерзімді перспективада энергия өндіруге тиімді болып саналады, өйткені отынның өзіндік құны төмен, ал құрылыс пен қызмет көрсету шығындары басқа энергия көздеріне қарағанда аз. АЭС құрылысына қатысты тәуекелдер мен қауіп-қатерлерАЭС құрылысы экологиялық, әлеуметтік және техникалық тәуекелдермен байланысты болуы мүмкін. Кейбір маңызды тәуекелдер мыналар:
Ядролық қауіпсіздік. АЭС қауіпсіздігі – ең басты мәселе. Әлемдегі ірі ядролық апаттар (Чернобыль, Фукусима) халықтың ядролық энергетикаға деген сенімін әлсіретті. Қазақстанда атом энергетикасының дамуы үшін тиімді қауіпсіздік шаралары мен халықаралық стандарттарды енгізу маңызды. Радиациялық қауіп. АЭС жұмыс істегенде радиациялық ақаулар мен апаттар болуы мүмкін. Осы қауіптерді болдырмау үшін заманауи қауіпсіздік жүйелерін енгізу қажет. Қоғамдық қабылдау. АЭС құрылысы мен жұмысына қоғамның толық қолдауы қажет. Жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы мен қарсылығы құрылыстың кейінгі кезеңдерінде қиындықтар туғызуы мүмкін. Қоршаған ортаға әсер. АЭС құрылыс кезінде табиғатқа зиян келтірмеу үшін экологиялық тұрғыдан мұқият жоспарлау қажет. Сонымен қатар, ядролық қалдықтарды сақтау мен өңдеу мәселелері де маңызды. Қазақстанның АЭС құрылысындағы халықаралық ынтымақтастықҚазақстан халықаралық қауымдастықпен тығыз ынтымақтасады. АЭС құрылысына халықаралық ұйымдар мен сарапшылар кеңес береді.
Әлемде АЭС-тің көбі, әрине, дамыған елдерде салынған. Көш басында АҚШ, Франция, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея тұр. Қазақстан АЭС салуда 4 елдің технологиясын қарастырып отыр. Біреуі – Ресейдің «Росатом» корпорациясы болса, екіншісі – Қытайдың China National Nuclear Corporation, үшіншісі – Француздың Électricité de France, төртіншісі – Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power кәсіпорындары. Америка мен Жапониядан түскен техникалық ұсыныстар кіші модульді реакторлар салумен байланысты. Алайда болашақта, яғни 2035 жылға қарай елімізде энергия тапшылығы қатты сезілетіні болжанып отырғандықтан, бірден үлкен реакторлы станса салу жөн саналады.
Қанша жұмыс орны құрылады?
АЭС құрылысының шарықтау кезеңінде нысанда ондаған мың адам жұмыс істейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жұмыс істеп тұрған АЭС-те бір жұмыс орта есеппен инфрақұрылымда және онымен байланысты салаларда 10 жұмыс орнын ашады.
Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) жаһандық энергетикалық жұмыспен қамту туралы есебі болашақта атом өнеркәсібі үшін білікті жұмысшылардың тапшылығы болатынын болжап отыр. Таза энергияға көшу бүкіл әлемде көбірек жұмыс орынын құруға мүмкіндік береді. Атом энергетикасы жергілікті және аймақтық экономикаға пайда әкелетін көптеген жұмыс орыны мен тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Бүкіл әлемде белсенді дамып келе жатқан ядролық медицина және басқа да технологиялық секторларда да жоғары білікті кадрлар қажет болады.
Айта кетейік, бүгінде 31 ел атом электр стансасын пайдаланады. Қазір әлемде 439 энергетикалық реактор жұмыс істейді. 19 ел 62 реактор салу сатысында. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының жалпы генерациясының 10%-ын құрайды. Еуроодақ атом энергетикасын «жасыл» технологияға теңестірді. Енді 15-20 жылда АЭС қызметі барынша жанданатыны күмән тудырмайды.
Қазақстандағы АЭС құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға, экологиялық таза энергия көздерін дамытуға және экономикаға пайда әкелуге мүмкіндік береді. Дегенмен, осы салада тәуекелдер мен қауіптерді ескере отырып, тиімді жоспарлау және халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастық жасау қажет. АЭС салу Қазақстанның болашақ энергетикалық саясатының маңызды бөлігі болып қалмақ.