Қоғам 25 Желтоқсан, 2024

Ұлы Қаныш маңдайынан сипаған

135 рет
көрсетілді

Аз да, көп те деп айтуға болмас, келер көктемде, Орынбасар әже Құдай қаласа, 90 жасқа толады екен. Көпті көргені рас. Замандастары тәрізді ерте есейгендердің бірі болды. Бес-алты жасында әкесінің қасында жүріп, егін жинауға көмектесті. Бүгінгілерді сендіру қиын болса да, өмірдің ақиқаты сондай еді. Он бес-он алтыға келгенде, «Артельге» ресми түрде «Тігіншінің үйренушісі» болып жұмысқа орналасты. Содан қашан заңды еңбек демалысына шыққанша тыным тапқан жоқ.

Жиырмаға жете бергенде Омарғали есімді азаматпен қосылып, келін атанды. Он баланы дүниеге әкелді, үшеуі қайтыс болып кетті. Қазір 20-ның үстінде немере, 30-дан астам шөбере сүйген бақытты Орынбасар әже Мизамбаеваның өмірде ұмытылмас сәттерінің бірі – Қаныш Сәтбаевты көзі көргені ғана емес, сол ұлы адамның аялы алақанымен өзінің маңдайынан сипап, батасын бергені. Бұл былай болған еді.

«Тоғыз-он жастағы кезім еді. Үйі­міз Жездіде тұратын. Өйткені марганец кені табылып, жақын маңдағы ауылдардың адамдары кенішке жұмысқа тұрып жатты. Соның бірі – біздің үй. Қаныш ағаны күн сайын көріп тұратын едік. Бірде мен ол кісіге минералдар салатын шағын қалта тігіп апарып бердім. Керемет риза болып қалды. «Өркенің өссін, айналайын!» деп маңдайымнан сипап, батасын берді. Ал мұндай сәт ұмытыла ма?» дейді Орынбасар әжей.

Кейін әженің қосағы Омар­ғали аға Қанекең басқаратын геологиялық партияда шаруа­шылық меңгерушісі болып еңбек етті. «Сол шақтарда Қаныш Иман­­­тайұлы, Әлкей Марғұлан тәрізді ұлты­мыздың ұлы адамдары шаңы­рағымызға жиі келетін, дастарқанымыздан дәм тататын. Мен бір баламды Әлкей ата­мыз келгенде босанып, сол кісінің құрметіне Марғұлан деп атаған­мын» деп еске алады әжей.

Қазір сол Марғұланның қо­лында тұратын Орынбасар әжей­ге мектеп оқушылары жиі қонақ болып келеді. Өйткені олар әже­­­лерінен кешегі күндердің та­­рихына қатысты естеліктерін тың­дайды.

Жақында әжейге «№6 тірек мек­тебі ресурстық орталығы» ж­а­­­нындағы «Мұрагер» өлке­тану му­зейінің жетекшісі Гүл­жанат Абы­лаева бастаған «Жас зерт­теушілер» клубының мүшелері қонаққа келді. Олар әжәйге кейін­гі жылдары жарық көрген «Өз­бек­әлі және мә­дени майдан», «Қа­ныш және ғы­лыми майдан» кітаптарын сыйға тартты. Бала­лардың мұн­дай сыйлығын әжей қуана қа­был­дады.

«Әзір көзімнен қала қойған жоқпын, жақсы кітаптар әкеліп­сіңдер, рахмет айналайындар. Ұлы тұлғалардың өмір жолдарын үлгі тұтыңдар, білімге ұмтылыңдар», деген әжей балаларға батасын берді.

Ұлы Қаныш Сәтбаевтың батасы дарыған, өсіп-өнген, үлгілі шаңырақтың отанасы атанған әженің батасын иелену де біле білгенге зор бақыт емес пе? Әсіресе Қаныш аталарының биылғыдай мерейтойы тұсында...

 

Ұлытау облысы