• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:40

Кәріз суы өзенге құйылып жатыр

31 рет
көрсетілді

Абай облысы Курчатов қаласынан ағып шығатын қалдық сулар Ертіс өзеніне толассыз құйылып жатыр. Шаһардағы кә­різ құбырлары әбден тозып, апаттық жағдайға ұшыра­ған. Ахуал Ертістің суын тұтынатын Павлодар, Қараған­ды облыстарының халқына айтарлықтай қауіп төндіріп тұр.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ре­сурс­тары басқармасы Кур­ча­­тов қаласының кәріз сула­ры Ер­тіс өзеніне құйылып жат­қанын рас­тады. «Курчатов Водо­ка­нал» мекемесіне қарасты кә­різ жүйе­сінің жерастындағы құбыр­лары жарылып, салдарынан қалдық су өзенге толассыз ағып кетіп жатыр.

«Курчатов қаласынан Ертіс өзеніне ағынды сулардың ағуы жөніндегі бейнематериал де­рек­те­рін анықтау мақсатында Абай облысы экология де­пар­та­ментінің мамандары шы­ғарындылар орнына арнайы барды. Ағынды суларды ағызу дерегі расталды. Осыған орай «Курчатов Водоканал» ШЖҚ КМК-ға қатысты тексеріс жүргізі­летін болады», деп хабарлады басқармадан.

Павлодар қалалық сани­тар­лық-эпидемиоло­гиялық бақы­лау басқармасы Ертіс өзенінен химиялық, бактериологиялық, паразитологиялық көрсеткіш­тері бойынша су сынамаларын алды. Талдау нәтижелері ал­да­ғы уа­қытта белгілі болады. Де­пар­­тамент мамандары Ер­тіс өзе­­ніне кәріздің қалдық сула­рын толассыз жібе­ріп жат­­қан Кур­чатов қаласының ком­му­нал­­дық мекемесі бұған дейін де бір­неше мәрте жауап­кер­ші­лік­­ке тартылғанын мәлім­деп отыр. Жыл басынан кә­сіп­орын экологиялық заңна­ма­лар­ды бұзғаны үшін 10 млн теңгеден астам айыппұл төле­ген. «Курчатов Водоканал» меке­месіне бірнеше мәрте жоспар­лы тексеру жүргізіліп, бірқа­тар заң бұзушылық анықтал­ған. Бірін­ші тексерісте кәріз жүйесін­дегі суды тазарт­қыш­тар биология­лық тазарту­ды жет­кі­лікті дең­гейде жүргіз­бейті­ні мәлім бол­ған. Экология ко­дексінің 90-бабы бойынша әкімшілік іс қоз­ғалып, ұйымға 258 440 теңге айып­пұл салынған. Келесі кезекті тексерісте Шығыс Қазақстан облысы эко­логия департаментінің зерт­ха­налық-талдау бақылау бөлі­мінің мамандары ағынды суларды Ертіске жіберетін №2 құ­быр­да кәріз қалдықтарының мөлшері өте көп екенін анық­таған. Ондағы қалдық мөлшері экологиялық рұқсат шегінде белгіленетін қоршаған ортаға эмиссиялар нормасынан асып түскен. Осыған орай кәсіпорын 9 817 439 теңге айыппұл төлеген. Қазірде Абай облысындағы экология департаментінің мамандары «Курчатов Водоканал» мекемесіне қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындап, бас­тағалы отыр.

Ертістің суын ауызсу ретін­де Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларымен қоса, Қарағанды облысы да пайдаланып отыр. Сәтбаев атындағы канал арқы­лы ағатын өзен суы жақын жылда­ры Астана қаласына дейін же­теді деген жоспар бар. Сон­дық­т­ан бұл мәселе экологиялық апат ретінде бағаланып, дабыл қағылуы керек деп ойлаймыз.

 

Павлодар облысы