• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Тұлға Кеше

Темірқазығы – Махамбет, Шолпан жұлдызы – Сара...

149 рет
көрсетілді

Өлең мен ақын. Ақын мен заман. Ақын мен қоғам. Бұл ұғымдар байланысының мәні тереңде. Дәуірден озатын өлең бар. Заманнан озатын ақын бар. Қоғамды, ортасын өзіне тәнті ететін де ақын. Қазақ өлеңінің сан ғасырлық бітімі ақын-жыраулардың сөз бастаған әрі қол бастаған қалпымен айшықталатыны ақиқат. Осы санатта халқына барынша танымал, сүйікті, өлеңдегі ағаға қадірлі қарындас, құрдасқа адал дос, кішіге қамқор бола білген Фариза Оңғарсынованы айрықша атауға болады.

Поэзия сарайына асқақтай ба­сып кірген Фаризаның ақын­дық болмысын даралаған мі­нез­ді де тегеурінді әрі сыршыл өлең­дері болса, азаматтық болмысын айқында­ған – айналасындағы жақын да, жат та жандарға қамқорлығы еді. Ол – Оңғарсын әулетінің ғана жел жағындағы панасы, ық жағындағы саясы болған жоқ, қазақ елінің қарапайым перзенттеріне, әдебиет әлемі­не қадам басқан буыны қатпаған әрбір жас­қа мейірімін сыйлап, оларды қолтығынан ­демеген даладай дарқан жүректің иесі.

Бала күнімде үйде «Шілде» деген тысы қоңыр кітап болды. Сол кітапта алғы­сөз орнына «Сырымды саған айтам...» деп аталатын жазба ұсынылған. Ол жазбаны ақынның кімге, қай досына арнап жазғанын білгім келгені, «Неге ол жан досының атын атамаған?» деп ойлағаным есімде. Тағы бір кітапты қызыға оқы­дым, аты – «Арулар отты жылдарда», мұның да тысы қоңыр. Бұл екі кітаптан да көргенім – Фариза Оңғарсынованың аты-жөні. «Арулар отты жылдарда» деген кітаптың құрастырушысы, «Шілде» кітабының авторы. Әуелгіде көбірек, қайталай оқыға­ным – Оңғарсынованың құрастыруындағы кітап. Қазақтың қаһарман арулары Мәншүк пен Әлияның, майдан кешкен басқа да нәзік жандардың тағдыр талайы арқау болған бұл кітаптың маған әсері ерекше болды.

Кейіннен Алматыдағы Қазақ универ­ситетінде студент болып жүргенде арман­дай болған айрықша адаммен таны­су­дың сәті түсті. Басылымдар үйіндегі «Пионер» журналының редакциясына, ақын ағам Светқали Нұржанға жары Бибай­ша екеуіміз, тағы да бір-екі адам бар­дық. Фариза апайды түрлі поэзиялық кештерден көріп жүргенімізбен, барып амандасуға батылымыз жетпейтін. Редакцияның қабылдау бөлмесінде тұрғанымызда редактордың кабинетінен Мейірхан аға Ақдәулет пен Светқали аға шықты. Олармен бірге Фариза апай да шығып келеді екен. Түрі сұсты жанның адамды ықтырып тұратын бір айбары бар еді. Мұқағалидай нар ақын құрмет тұтып, жыр арнаған Фаризамен жақын жүздесу сол кезде жиырмаға енді жеткен мен үшін қаншалықты маңызды оқиға екенін қалам ұстаған әр адам сезінер.

Бибайшаның сәлемін алған соң, жігіт­терге зілді сөйлеп, зекігендей болған ақын апам маған бұрылып: «Мына бала кім?» деп жұп-жұмсақ үн қатты. Жөпелдемеде ештеңе дей алмадым. Сасқалақтағаным болар: «Светқали ағаға келіп едік», деппін. Фариза апамыз жылы жымиды. «Бұл қызыңыз өлең жазады. Бұйырса ақын болмақ», деп Светқали аға таныстырып жатыр. «Өзі бір жапырақ, өлең қай жерінен шығады мына баланың?» деп апам тағы да жып-жылы сөйледі. Қор­қынышым сейіліп, қысылған қалыптан еркіндеу алаңға қарай шыққандай болдым. Фариза апай осыдан соң бірнеше өлеңімді «Пионер журналының айқарма бетіне жариялаған еді. Сол өлеңдермен қоса берілген суретімді редакцияға арнайы шақырып, фотографқа түсіртті.

Оқу бітіріп, «Желтоқсан желінің» ек­пі­німен ауыл жаққа кеттім. 1990 жылдың жазында сіңлім Ләззат екеуіміз Алма­ты­ға қыдырып келдік. Алматыға, ҚазМУ қалашығына аңсарымыз ауып тұрушы еді. Арнайылап Фариза апайға бардым. Кабинетінде Әбиірбек Тінәлиев (алғаш көруім), тағы басқа біраз жастар отыр екен. Әбиірбек ағаның Мұқағалидың сөзіне жазылған «Фаризаға» әнін тұңғыш осы жерде тыңдадым. Апай халімді, қай­да жүргенімді сұрастырып жатыр. «Өлеңдерің бар ма қолыңда?» деп сұрады. Ақ параққа қолмен жазып дайындап әкелген бірнеше өлеңімді алды. «Бүгін жақсы бір кеш болады. Соған міндетті түрде қатыс», деді. Бұл кеште Табылды Досымов ән салды. Өлең оқылды. Әбиірбек манағы біз тыңдаған «Фаризаға» әнін орындағанда зал дүр сілкінгендей болды. Әннің сахнада алғаш орындалуы екен. Кеш аяқталған соң, қоштасарда Фариза апай: «Жоғалып кетпе, өзіңді жоғалтып алма! Хабарласып тұр», деді шегелеп.

Ауылда ол кезде радио хабарлардың таралуы өте жақсы деңгейде. Арада ай өтпей өлеңдерім радиодан оқылды. Пошта арқылы әжептәуір көлемде қаламақысы да келді. Фариза апайға редакция телефонына хабарласқанымда «Өлеңдеріңді тыңдадың ба? Қаламақыңды алдың ба?» деп сұрады. «Иә, апай» деймін. «Өлең­нен қол үзбе. Күйбең тірлікке бағынып кет­пе!» дейді апайым.

Арада біраз уақыт өткенде, 1999 жылдың жазында Фариза апаймен Аста­нада жолықтық. Баяғы жылы сөз, қам­қор­лық, «айналайын» деген еміреніс. «Өлеңіңді «Қазақ әдебиетінен» оқыдым. Өзіңді жоғалтпағаныңа ризамын», дейді. Төбем көкке тигендей мәз болдым.

Астанаға қоныс аударғаннан кейін Фариза апаймен жиірек жүздесіп тұр­дық. Ол кісі Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүрген кезі. Астанаға елі­міздің әр тарапынан жас ақындар ке­ліп, «Шабыт» шығармашыл жастар фес­ти­валіне қатысып жатқан. Апай маған сол ақындарды ұйымдастырып, бір дәмхана­ға өзінің атынан шақыруды тапсыр­ды. Жас­тар бұл шақыруға барынша қуанды. Фариза апай он бестей жас ақынды қонақ етіп, әдемі бір отырыс өткізді. Бұл – екі мыңыншы жылдардың басы. Кейіннен бірнеше жыл қатарынан фестивальдың «Поэзия» аталымы бойынша қазылар алқасының төрағасы болды. Жүлделі орындар, атаулы сыйлықтарды «Талантты жастар көп екен, тағы да бөлсеңіздер», деп ұйымдастырушыларға беделін салып жүріп алғанына куә болдық.

Біз, өзінен кейінгі жастар, өлеңдегі сіңлілері Фариза апайды барынша жақ­сы көрдік. Талай рет үйінде болып, дас­тарқанынан дәм таттым. Бауырсағын пісіріп, шайды баптап өзі құятын. Шай үс­тіндегі әңгімесі өлең, жастар поэзиясы туралы болатын. Фариза апайдың адам­гершілік бейнесі, қайраткерлік тұлғасы қалың қазаққа барынша белгілі. Өйткені ол үнемі халықтың ортасында жүрді. Мен өзіме қатысты бар болғаны бірді-екілі оқиғаны ғана баян еттім. Ақын апайымның мұндай қамқорлықтарын әлі де тізбелеп айта беруге болады.

Ф.Оңғарсынованың ақындық болмысы мен қайраткерлік тұлғасы оның өмірдегі өзіндік айрықша бейнесін даралады. Егер ол баяғы амазонкалар дәуірінде өмір сүрген болса, сөзсіз олардың патшайымына айналар еді. Өйткені оның өр де қайсар болмысы қаһарлы жаудан қаймықпай қаһармандық салтпен өмір сүрген ержүрек аруларға көсем болуға әбден лайық.

Ақындық ғұмыр алаңында өткен мен бүгін, бүгін мен болашақ тоғысады. Ізгілік пен зұлымдықтың мәңгілік күресі жүріп, Абайша айтқанда «махаббат пен ғадауат» майдандасады. Осы мәңгілік майданның бірегей жауынгері бола білген Фариза жырларының айшығы мінез еді.

ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақ поэзиясына тың серпін, жаңа леп әкелген ақындар шоғырының ішінде Фариза Оңғарсынованың есімі ерекше аталатыны белгілі. Оның поэзиясы қазақ өлеңінің көкжиегін жаңа бояу­мен түрлендіріп, оқырман жүрегіне жол тапқан туындылардан түзілген. Ақын лирикасы адамның көңіл күй құбы­лы­сын, жан сырын, өмірдің әр алуан сәт­терін, ізгілік, жақсылық, мейірім сияқты адами құндылықтарды арқау етуімен ерек­шеленеді. Он алты-он жеті жастағы бойжеткен «Ұнатып ем» өлеңінде:

«Жасымнан ұнатып ем бір жігітті,

Сүюдің қиындығын кім біліпті.

Көз қырын тастамай ол өте берді,

Жүрекке арқалатып нұрлы үмітті.

Әдейі оны күнде жанап өтем,

Ойпыр-ай, ғашық болған жаман екен,

Көңілдің жайлауында сайран салып,

Жаныңды талай күйге салады екен.

Сол жігіт білсең атын өлең деген,

Жымияр: «Саған оңай көнем бе мен!» –

Ерте-кеш болса да бір естір ме екем

Бір сөзін «Сені жақсы көрем!» деген», –

деп өзінің өлең атты тылсым әлемге іңкәр­лігін сыршылдықпен бейнелейді. Өлеңге іңкәр болмысты жігітке ғашық болған балауса бойжеткен түрінде суреттеу – Фаризадай болашақ талантты ақынның тегеурінін танытса, жылдар жылжып, шеберлік шыңдалып, кемелдік артқан шақтағы туындылары ұлт поэзиясының көркемдік деңгейінің биіктеуіне үлес қосқан айтулы өлеңдер болып шумақталды. «Дара күндері мен нала түндерінің» серігі болған өлең ақын үшін тірі рух, шыны мен сырын, қуанышы мен қайғысын бөлісер өзінің екінші сыңары іспеттес. Өлеңге мінез, сол мінезді танытатын тереңдік пен биіктік керек десек, ол Фариза өлеңдеріне тән сипат. Ақын мұрасына үңілгенде өлең сөздің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезініп, оған бар ықыласымен құлаған ақынның өзі өлеңге айналып кеткендей сезінесіз. Өлеңді рухани серігі әрі демеушісі еткен ақын:

«Күлкімді, жайлы күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды

Өзіммен бөліскенің үшін

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау тағдырым болып

О баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем!» –

деп өзінің өлеңмен тұтасқан тағдырына бас иеді.

Нарынның құмы, Ақжайықтың жағасы, көгалға тігілген киіз үй, жүйтки шапқан жүйрік, үлкен өмірге балаң көзбен қараған балауса қыз, бойжеткеннің аласұрған жүрегі мен жан дүниесін шарпыған ғашықтық сезім, бозбаланың ғашық халі – Фариза ақынның көркемдік қуаты мол өлеңдерінің шырайын айшықтаған мотивтер. Сондай-ақ ел мен жер тарихы, айтары көп аңыздар, қайшылыққа толы оқиғалар – ақын шабытына нәр беріп, қуат сыйлар қайнар көз. Махамбеттей адуынды, жалаң қылыш ақынның жырларындағы ерлік пен елдік мұраты Фариза өлеңдерінің өзегіне сіңген. «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» өлеңінде рух жақындығын ақын көрген түстегі кездесу мотивімен бейнелейді. Түсінде Махамбет толғаған сыр, айтар арман, қояр талап:

«Перзенті ем аңғал даланың,

Жыр-семсер жалғыз жарағым,

Жымиып келген жылпостар

Асырды менен амалын:

Жүруге батпай ығымнан,

Сұсымнан қорқып тығылған

Жансыздар мені жайратып,

«Қаройда» солай жығылғам...

Өлмесін жерде ғұмырлы ән,

Отты жыр өргін мұңымнан.

Үмітім сенсің, жас құсым,

Түлеп ұшатын тұғырдан.

Тек шындық күтем мен сенің

Ақ алмас жүзді жырыңнан!» –

деп беріледі. Ақындық асыл мұрат, үзілмес дәстүр сабақтастығы, азаматтық позиция Фариза жырлауында осылайша Махамбет рухымен суарылады. Поэзия – ақиқаттың қайнар бұлағы десек, ақынның ақынға аманат еткені сол ақиқатты айнымас ұстанымына айналдыру. Өршіл сарынның өктемдікке емес, азаматтық парасат биігіне нұсқауы – Фариза ақын өлеңдеріндегі лейтмотив. Ол – ерлік пен қайсарлықты, ізгілік пен адамгершілікті, сұлулық пен нәзіктікті шебер үйлестіруімен ерекшеленетін суреткер. Махамбеттей аруағы асқан батырмен бірге ерекше тағдырлы, нәзік болмысты жандардың да ақын өлеңінің кейіпкерлеріне айналуы – осыған дәлел.

Маңғыстау түбегіне аңыз болып тараған Қайып пен Ақбөбектің мұңлы махаббатын ақын Фариза тебірене жырға қосады. Ақбөбекті лирикалық кейіпкер ете отырып, арманды арудың жан сезімін тереңнен танытады. Ақбөбектей аяулы ару қыздың аңсарын арқау еткен поэтика­лық тіркестердің соншалық­ты шынайылы­ғын әрі көркемдік қуатын сезінгіңіз келсе, осы циклдегі мына жолдарды қайталап оқыңыз:

«Елестейді жанбаған бағым әлі,

Сорлы жүрек сол күнді сағынады...

...Ақбөбек пен Қайыптың қызығы деп

Тойлы ауылға кәрі-жас ағылады.

Балалар мәз. Думанға күлкі ұласып,

Жаңа жерді жатсынып, жылқы қашып...

Көк шалғынға көміліп жас құлындар

Жатса-ау, шіркін, желіде шұрқырасып!»

Ақбөбектің монологінде арудың арманы жадағай айтылмайды, қазақ дала­сындағы салтанатты тойдың қалпымен тұ­тастырылады. Ақынның ұлттық салт-дәс­түрді барынша қастер тұтып, жадында жаттағаны көркем бейнелеулерден айқын аңғарылады. Ару қыздың қиялы­мен берілген той суреті кілт бұрылып, бас­қа қалыпқа ауысады:

«Қол жетпеске талпынар көңіл деген,

Аңсауменен бұл күнді өмірде мен

Өтемін ғой, құдай-ай, құсалықтан

Жалғыз тамшы жас қалмай төгілмеген»...

Ақбөбектің орындалмаған арманы алдыңғы екі жолға арқау болса, ауыр қасі­реті соңғы екі тармақты бар салмағымен қайыстыра жаншып тұр. Ақынның талант қуаты мен суреткерлік шеберлігі әр шумақтағы осындай оқырманын үйіріп әкететін суреттеулерден түзілген.

Ақбөбек тағдыры – Фариза ақынның жадында сақталып, жүрегін толқытқан шынайы махаббаттың қадірі мен қасиетін, мұңы мен қасіретін сезіндірген оқиға. Фариза апай бірде Ақбөбекке ғұмыр бойы ғашық боп өткен, артына махабба­ттың қайғысын шерткен тамаша ән қалдыр­ған әйгілі Қайыптың баласымен кездеске­нін айтқан еді. Апайдың айтып берген әңгімесінің ұзын-ырғасы: «Шымкент­ке барған бір сапарымда Қайыптың баласымен таныстым. Еңгезердей қарт адам келіп амандасып: «Фариза, мен бая­ғы Қайыптың баласымын, атым Сақы­бер­ген», деді. Біраз әңгімелестік. Ол кісі: «Әкей Маңғыстаудан кеткеннен кейін көп жерде сая таппай, Тәжікстан жағына тұрақтаған. Сонда шешемізбен бас қосып, біз дүниеге келдік. Әкей әнші, домбырашы әрі шебер кісі еді. Ара-тұра теріс қарап, бүк түсіп жатып қалатын дерті болатын. Ондайда шешеміз: «Дабырламаңдар, қатты сөйлемей, ақырын жүріңдер. Әкелерің жасында Ақбөбек деген әйгілі сұлуға ғашық болып, екеуі бір-бірін сүйсе де қосыла алмай қалған. Содан осылай қайғыдан құса болып, ара-тұра сол құсасы күшейіп кетеді», деп ескертетін, әкейдің мазасын алмауымызды қатаң қадағалайтын», деп әңгіме шерткенде мен махаббаттың, ғашықтықтың осындай шынайы құдіретіне әрі қосағын түсіне білген қазақ әйеліне барынша сүйсіндім». Қайыптың кейінгі бұл қосағы – Адайдан шыққан Ақыл палуанның қызы Қалия деген анамыз екен.

Фариза апайдың «Ақбөбек жырлары» осындай өлмес, өшпес шынайы сүйіс­пен­шілікке өлеңнен қойылған ескерткіш.

Қазақ аруларының сұлулығы мен айнымас адалдығы, өнері, өрлігі мен ерлігі ақынның поэтикалық кеңістігінде алуан түрлі бейнелеулермен астасып, әрқай­­сы­сы өзіндік қайталанбас болмысымен көрі­неді. «Сайраған Жетісудың бұлбұлы­мын» цикліндегі Сара ақынның бей­несі ақын қаламында жаңаша түрленеді. Бұл топтаманың «Арнау» атты кіріспесін­де Фариза ақынның Сара ақынды барынша құрметтеп, «Темірқазығым – Махамбет болғанда, Шолпан жұлдызым – өзіңсің» деуі, Сара тағдырымен өз тағдырын ұқсас­тыруы жайдан-жай емес.

«Ақын Сара, саңлағы жыр-жарыстың,

Шашылғандай бейуақта шыңнан ұшқын,

Арманшылдау жанымды алау шарпып,

Қанатымды жырыңа шыңдап ұштым.

Арман – жолда

Шың-құздар өріндегі

Адастырмай албырттау көңіл мені –

Жалқы Темірқазығым – Махамбет те,

Жыр-Шолпаным – өзіңсің көгімдегі!

Жыр-əлемде жолдар аз таң нұрындай,

Зулап өтер дауылға, шаңға ұрынбай,

Бұралаң жол, бұрқасын өткелімен

Сендік тағдыр менің де тағдырымдай...

Бас тарттым да басқаның соқпағынан,

Жол таңдадым жел ұрып, шоқ қарыған.

Адасайын, адассам,

Шағылысқан

Темірқазық, Шолпанның оттарынан!»

Сара Тастанбекқызы – қазақ өнері тари­хындағы айтулы өнерпаз тұлға болумен бірге, тіріде басы қаншалықта дауға қалса, ақындық мәңгі ғұмырында да сол дауы арылмаған күрделі тағдыр иесі. Сараның ақындығына күмән келтірген жел сөздерге Фариза ақынның «көзіңді ашып қара» деп қамшымен осып жібергендей серпіні қуатты осы жыр жолдары үлкен тосқауыл болады.

2013 жылдың қаңтарында «Алтын қы­­ран» қайырымдылық қорының қолда­уымен (президенті – қазақ әдебиеті мен өне­рінің жанашыры Исламбек Салжа­нов) «Сара саңлақ» атты кітап жарық көрді. Кітапты әзірлеген белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова еді. Сәл бұрынырақ Шәрбану апайдың өтінішімен кітаптың алғысөзін Фариза апай жазды. Алғысөз «Менің Шолпан жұлдызым» деп аталады. Осы жазбасында мынадай жолдар бар: «...Кейде Сара ақынды түсімде көретінмін: үстіне етегі кең ақ көйлек, басына үкісі бұлғақтаған тақия киген сұңғақ бойлы бей­несі анандай жерден елестейтін. Содан бері Сара ақын менің Жыр-Шолпаным бо­лып қалды. Мені ақындыққа талпындыр­­ған және жазғыш ер-азаматтардан қалыс­­пауға үйреткен – Сара апамыздың тағ­­дыры, шығармашылығы. Әдебиеттің бір шетін­де жүрген мен үшін Сара апамның сонау ­бала кезімде елестеп, биіктерге жол сілте­ген жарқын бейнесі әлі күнге дейін бір сәт көмескіленбей, Шолпан жұлдызым болып алдымнан сәуле шашып тұрған­дай сезінемін». Бұл жолдарды оқып оты­рып Фариза ақынның бұрынғы өткен өнер­паз аруларға деген ерекше құрметіне тәнті боласыз.

Қан майданда от кешіп, қыршын кеткен Мәншүк пен Әлиядай арулардың аңсары мен арманы ақын өлеңінде тірі­лерге тіл қату түрінде жырланады. «Тың­даңдар, тірі адамдар!» деген қос арудың бүгінгі ұрпаққа айтар сөзі – ақын сезінген, ұғынған, жүрегіне сіңірген аңсарлы арман, аяулы аманат.

Фариза ақынның бұла мінезді, буыр­қанған асау жырлары кейде көз алдымызға тұяғымен жер тарпып аспанға атылған арғымақты елестетеді.

«Менде бір толғаныс бар

(Кейде өзім де түсінбеймін),

Дауыл күнгі дарияның күшіндей бір.

Сонау біздің қырдағы тұяқ тілген

Бәйге алаңы секілді дүсірлеймін...» –

деп тебіренген ақынның мазасыз жүрегі енді бірде кең даладағы шексіз еркіндікті аңсайды: «Арғымақтары қайда екен бұ да­ла­ның // Бәйге алаңын көргенде шы­да­мадым» деп аласұрған ақын енді бір­де «Мүлгіген меңіреу тыныштықты тал­қан етер ақ дауылға» айналғысы келеді. Осын­шалық буырқанған екпінге толы ақын жаны оқырманын енді бірде терең сыр­шылдыққа қарай тартып әкетеді. Қат-қабат сырға толы адам болмысын, оның мұңы мен қуанышын, жүрегінде тай­талас­қан сезімдер қақтығысын, ұлттық, ел­дік, ерлік, адамгершілік мұраттарды шына­йылықпен, сезімталдықпен бейнелеген өлеңдер – Фариза ақынның поэзиядағы айрықша тұлғасын айшықтаған рухани мұрамыз.

Ақын поэзиясының мәні мен мазмұ­нын, тереңдігі мен биіктігін, шынайылығы мен сыршылдығын, шиыршық атқан тартысты зерттеп-зерделеу әлі өз деңгейін­де толық жүзеге асқан жоқ. Біз әлі сырттай қызықтау мен сипаттаудан аса алмай жүрген сияқты сезінемін кейде.

Таяуда ақын­ның туған жері Атырауда, ақынның көзі тірі­сінде өзі бастап берген «Фариза және оның ақын сіңлілері» атты жыр мерекесі өтті. Ақынның құрметіне ұйымдастырылған іс-шара конференцияға жалғасты. Еңселі ескерткішке гүл қою рәсімінде ақын­ның екі ұлы – Айбар мен Алмас, сіңлісі Алмагүлдің қасында тұрдық. Айбардың анасын сағынғанын көзіне іркілген жас­тан сезіндік. Апаймен құрдас бір замандасы сөз сөйлегенде Алмас: «Мамам тірі болса осылай жүрер еді ғой», деп қалды. Біздің де көкейімізге іркілген сөз еді бұл, Жазмыштан озмыш жоқ деген...

Ақын ғұмыры – мәңгілік. Қазақ деген ел барда Фариза да жасай береді. Рух өлмейді, рухтың тынысы болған поэзияның ғұмыры мәңгілік. Біз осыған сенеміз, осылай көңіл жұбатамыз.

 

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор