• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:50

Тасқынды көп болып еңсердік

28 рет
көрсетілді

Биыл көктемде күн райының күрт өзгеруіне байланыс­ты еліміздің біраз аумағында ағыны қатты өзендер арнасынан асып, су қоймалары әдеттегіден ерте толды. Сөйтіп, он облыстың аумағын су басып, төтенше жағдай жарияланды. Беріктік пен бірлік сынға түскен тасқын кезінде ІІМ, ТЖМ, басқа да мемлекеттік органдардың күш-қуаты апаттық-құтқару жұмыстарын жедел жүргізуге жұмылдырылды. Сонымен бірге бұл сынақ ел мен еріктілердің басын біріктірді.

Қызметкерлер мен ерік­ті­лер­дің ерлігі мен кә­сіпқой­лығының арқа­сында адам өмірін сақтау, мал-мүлікті қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілді. Су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі іс-шаралар да абыроймен атқа­рылды. Соның нәтижесінде қираған бас­па­налардың орнына жаңа үйлер салынды. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға барлық қа­жетті көмек көрсетіліп, үйі­нен айы­рылғандар жаңа баспа­наның кілтіне ие болды.

Елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат. Құтқарушылар мен күштік құрылымдар, еріктілер мен жергілікті жұртшылық ел болып жұмыла кіріскен жұ­мыстың нәтижесінде бірқатар елді ме­кендердің су басуын алдын алу мүмкін болды. Табиғи апаттың алғашқы күндерінен бастап Ұлттық еріктілер же­лісі белсенділік танытты, 50 мың­­­­нан астам ерікті азамат қайы­­­­­рымдылық керуендерін ұйым­­­­дастыруға белсене атсалыс­ты.

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының «Жүректен жүрекке» акциясы қайырымдылық кө­мек­ке ерекше үлес қосты. Forbes тізіміне енген 18-ге жуық ірі компаниялар мен кәсіпкер­лер бұзылған-бүлінген үйлер­ді, биз­несті қалпына келтіру жұ­мыс­­тарын жүргізуге кіріс­ті. Со­ны­мен қатар олар зар­дап ше­к­­­­кендерге көмек көрсе­ту мақ­­­са­­тында әр өңірге жұмыл­ды­рыл­ды.

Үкімет шілде айында алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлікке қатысты шығындарын өтеуге өз резервінен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы қаулы қабылдады.

Ресми дерекке сәйкес, елде болған ауқымды су тасқынынан зардап шеккен 7 393 отбасы бас­паналы болды. Оның ішінде 5 313 нысан сатып алынды, 2 080 үй жаңадан салынды. 9 147 өті­ніш берушіге жалпы кө­ле­мі 53,5 млрд теңге тұр­ғын үйді жөн­деуге, қайта қалпы­на кел­­­тіруге өтемақы берілді. Со­­ны­­мен қатар 34 247 отбасына 12 627,7 млн теңге 100 АЕК мөл­шерінде біржолғы өтем­ақы төленді. Су шайып кеткен тұрмысқа қажетті заттарын сатып алуға 21 880 отбасына 150 АЕК көлемінде, 9 994 млн теңге қосым­ша төлем жасалды.

Су тасқынынан кейін салада көптеген өзгеріс болды. Мәселен, биыл еліміздің су ресурстарын басқару жүйесін реформалауда елеулі қадам жасалды. Бұл өзгерістер суды тұрақты, тиімді пайдалануға, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды. Еліміздің су ша­руашылығы нысандары суды өткізу міндетін ойдағыдай орындады. Суды экожүйелер мен ауыл шаруашылығына бағыт­тай отырып, су қоймаларын толты­руға мүмкіндік берді. Егер өткен жылы су қоймаларынан жалпы су жіберу бүкіл су тасқы­ны кезеңінде шамамен 13 млрд текше метрді құраса, биыл 1 айда су қоймаларынан жалпы су жіберу көлемі 36 млрд текше метрді құрады. Бұл да болса су тасқынының ауқымдылығын көрсетеді. Биыл елімізде тұңғыш рет Мәжіліс жаңа Су кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Құжатқа судың зиянды әсерінің алдын алуға, оның ішінде жерүсті су нысандарын қалпына келтіруге, су тасқы­нынан қорғаудың инженерлік жүйелерін құруға бағытталған нормалар енгізіледі. Кодекс 121 баптан, 14 тараудан, 6 бөлімнен тұрады. Осы заңнама жобасы аясында 4 кодекске, 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ресми мәліметке сәйкес, су тасқыны басталғаннан бері барлығы 12 086 тұрғын үй мен 22 723 саяжай су астында қалды. Бұған қоса мал-мүлкі суға кетіп, бизнесі зардап шеккендер де бар. Дегенмен орнында бар оңалды. Үкімет халыққа берген уәдесі толықтай орындалды деу­ге негіз бар. Қыркүйек-қазан айларына дейін барлық зардап шеккен тұрғындар қалып­ты тірліктеріне қайта оралды. Қиындық артта қалды. Тек мұның салдары сабақ болып, сақтық, алдын алу амалдары жетілдіріле беруі керек.