Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері 2024 жылы атқарылған жұмысты қорытындылау шарасы басталар алдында халық қалаулылары Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, барлық қажетті көмек ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Бүгін бауырлас Әзербайжан елінің жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бұл қаралы хабар баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Жолаушылар арасында Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстан азаматтары бар. Осыған байланысты, Мәжіліс депутаттары қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Ал зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілейміз. «AMANAT» партиясы аман қалғандар мен олардың жақындарына қолдау көрсетеді. Қажет болған жағдайда донорлық қан тапсыру жұмысын ұйымдастыруға дайын», деді ол.
Мәжілістің баспасөз қызметінің мәлім етуінше отырыс барысында халық қалаулылары биыл атқарылған жұмысты қорытындылады. Заң шығару жұмысында депутаттар мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін, оның ішінде жалақы мен зейнетақыны индекстеу, жәрдемақы мөлшерін арттыру, медициналық көмекті қамтамасыз ету және өзге де басымдықтарды орындауға баса назар аударды. Нашақорлық пен лудомания сияқты қоғам дертімен күресуді көздейтін заңдар әзірленгенін ерекше атап өткен жөн. Соңғы үш сессияда барлығы 247 заң жобасы қаралды. Оның 169-ы мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Бұл ретте, аталған құжаттардың 59-ына «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері бастамашылық етті. Сондай-ақ, депутаттар заң жобаларына 3,5 мың өзгеріс пен түзету енгізді. Сонымен қатар, пленарлық отырыстарда 460 депутаттық сауал жолданды.
«Президент Жолдауларында және оның сайлауалды бағдарламасында қамтылған міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен барлық деңгейдегі депутаттар форумында «AMANAT» партиясының қызметіне жоғары баға берді. Жыл басында Премьер-Министрдің кандидатурасын бекіту рәсімінде де Мәжіліске арнайы риза екенін білдірді. Бұл жетістіктер – депутаттардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. «AMANAT» фракциясы – Мәжілістегі негізгі саяси күш. Біз билік пен халық арасындағы көпірміз. Азаматтардың сенім үдесінен шығып, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру маңызды», деді Ерлан Қошанов.
«AMANAT» партиясының Төрағасы мәслихат депутаттарымен және ауыл әкімдерімен жүйелі және дәйекті бірлескен жұмыс жүргізудің маңызына тоқталды. Себебі олардың басым көпшілігі – партия өкілдері. Мәжіліс жанындағы заң шығару жұмысына тартылатын мәслихат депутаттарының белсенділігін арттыру маңызды. Сондай-ақ, ауыл әкімдерінің жұмысын күшейту үшін «AMANAT» фракциясы бірқатар ұсыныс әзірледі.
Жиын соңында Мәжіліс Спикері парламентшілердің алдағы уақытта өңірлерге жасайтын сапары кезінде депутаттарға жүктелетін бірқатар міндетті айқындап берді. Келер жылы қаңтарда депутаттардың сайлаушылармен дәстүрлі кездесулері басталады. Сапар барысында мәжілісмендер өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен жүздеседі. Сондай-ақ азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізеді. Ерлан Қошанов азаматтармен кездесулер жергілікті жерлердегі нақты мәселелерді талқылай отырып, ашық пікірталас форматында өтуге тиіс екенін ерекше атап өтті.