Ульсан ұлттық ғылым және технология институтының ғалымдары электрлік резонансқа негізделген сымсыз қуаттау технологиясын ойлап тапты.
Бұл технология мобильді құрылғыларды екі метрге дейінгі қашықтықта, 50 Вт-тық электрмен 46 пайызға дейін қуаттауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бірнеше құрылғыны бір мезетте қуаттай алады. Инженелер ашық бифилярлық катушканы қолдану арқылы осы нәтижеге қол жеткізген. Ғалымдар бұл технологияны ақылды өндірістерде, логистикалық роботтарды қуаттауда, құрылғыларды автоматты түрде қуаттай алатын жүйелерде қолдануға болатынын атап өтті.
Дәрі жеткізетін робот
Калифорния ғалымдары дене ішінде дәріні дәл ауру ошағына жеткізетін шағын микророботтар жасап шығарды.
Роботтар сынақ барысында дәріні жеткізіп, тышқандардың ісік ауруларын азайтуға көмектескен. Роботтардың диаметрі небәрі 30 микрометр. Сыртқы беті суға тартылады, ал ішкі беті судан қорғайды. Бұл құрылым ауа көпіршіктерін ұстап, қозғалыс кезінде жабыспауға мүмкіндік береді. Магнит нанобөлшектерімен жабдықталған роботтар сыртқы магнит өрісі арқылы қажетті жерге бағытталады. Дәрі сол жерде қалып, біртіндеп таралады.
Қатерлі ісікті емдеудің жаңа түрі
Кореяның алдыңғы қатарлы ғылым және технология институтының (KAIST) зерттеушілері рак жасушаларын сау күйіне қайтаратын жаңа технология ойлап тапты.
Профессор Кван-Хён Чо бастаған зерттеушілер гендік желінің цифрлық үлгісін жасап, рак жасушаларын қалыпты күйге қайтаруға мүмкіндік беретін негізгі молекулаларды анықтады. Бұл әдіс жануарларға жасалған сынақтан сәтті өтті. Ғалымдар бұл тәсілді басқа қатерлі дерт түрлеріне де қолдануға болады деп отыр.