• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Желтоқсан, 2024

Шетелдегі қазақтармен байланыс: 2024 жылғы басты жетістіктер

41 рет
көрсетілді

2024 жыл шетелдегі қазақтармен байланысты жаңа деңгейге көтерген жыл болды. Миллиондаған қандастарымыз тұратын елдерде түрлі іс-шаралар өткізіліп, қазақ тілін, дәстүрін және руханиятын жандандыру бағытында айрықша жұмыстар жүзеге асырылды. Әлемнің әр түкпіріндегі қандастар ұлттық дәстүрлермен қайта қауышып, тарихи Отанына деген сүйіспеншіліктерін арттырды.

«Отандастар қоры» бұл жылы не істеді?

Жүздеген мәдени іс-шаралар, диаспорамен ынтымақтастық бойынша халықаралық келісімдер, қандастарға арналған арнайы білім беру бағдарламалары – мұның бәрі 2024 жылды Қордың ерекше белсенділігімен есте қалдырды. Ұлттық мұраларды сақтау мен шетелдегі қандастардың қазақ болмысын дәріптеу жолындағы ауқымды шаралар қандастарымызды біріктіруге, олардың Атамекенге деген қызығушылығын оятуға бағытталды.

Бұл мақалада «Отандастар қорының» (бұдан әрі – Қоғам) 2024 жылы жүзеге асырған жұмыстарының нақты нәтижелері мен бағыттары егжей-тегжейлі баяндалады. Қоғам қалай қазақтың бай мәдениетін әлемдік аренаға шығарды? Қандай маңызды жобалар іске асырылды? Ендеше, бірге білейік!

Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарымен байланыс: 2024 жылдың маңызды жетістіктері

2024 жылы шетелдегі қазақ мәдени орталықтары тек қазақ халқының мәдениетін сақтау алаңы ғана емес, сонымен қатар әлемдік қауымдастыққа қазақтың бай тарихы мен рухани құндылықтарын танытудың белсенді ортасына айналды. Бұл орталықтарда ұйымдастырылған кездесулер, көрмелер мен концерттер тек қандастарға ғана емес, шетелдік қауымға да қазақ мәдениетін насихаттауға қызмет етті.

«Отандастар қоры» әлемнің 40-қа жуық елінде орналасқан 200-ден астам қазақ мәдени орталығымен тығыз әрі тұрақты байланыс орнатқан. Бұл бағыттағы жұмыстар қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін дәріптеу, қандастардың рухани байланысын нығайту және олардың тарихи Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жүзеге асып жатыр. Бір жыл ішінде осы бағытта көптеген маңызды шаралар өтті.

Қоғам 2024 жылы мамыр айында Мәскеуде, маусымда Ыстанбұл, Конья және Анкарада, тамыз айында Бейжің мен Үрімшіде, қазанда Франкфурт, Залах және Венада, қарашада Сингапур, Сеул, Инчхон, Токио және Йокогама қалаларында тұратын отандастарымызбен кездесулер өткізіп, қазақ халқының рухани құндылықтарын танытып, бірлік пен ынтымақтастықтың алтын көпірін орнатуға бағытталған маңызды байланыстарды орнатты. 11-12 қарашада Малайзияда Оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың тұңғыш құрылтайы ұйымдастырылып, оған Малайзия, Оңтүстік Корея, Сингапурдан 100-ден аса отандасымыз қатысты. Қазақ мәдениеті мен іскерлігінің символына айналған «Abai Úiı» мәдени-іскерлік үйлері желісі Түркияның Конья қаласында ашылды. Бұл бастама қазақ диаспорасының мәдени дамуын ғана емес, сонымен қатар экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етті. Аталған шаралар қазақ мәдениетінің шетелдегі мәртебесін арттырумен қатар, отандастарымыздың өз ұлттық болмысына деген мақтанышын күшейтті.

Қазақ мәдениеті мен тілін шетелдегі қандастар арасында насихаттаудың тағы бір маңызды қадамы – «Әр қазаққа – бір кітап!» акциясы болды. Акция аясында Өзбекстан, Моңғолия және Ресей елдеріне 3 мыңнан астам кітап жіберілді. Бұл туындылар қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін, тілін, тарихын және ұлттық болмысын қамтыды. Шетелдегі қандастар үшін бұл бастама қазақ тілінде оқу мәдениетін жандандыруға және ұлттық әдебиетімізбен жақынырақ танысуға зор мүмкіндік берді. Бастаманың арқасында шетелдегі этникалық қазақтардың өз тілі мен дәстүріне деген қызығушылығы артты.

Қандастарды қолдау:  Қоныс аудару және кәсіпкерлікті дамытуға көмек

Шетелдегі этникалық қазақтар мен Қазақстанға қоныс аударған қандастарды қолдау «Отандастар қорының» басты бағыттарының бірі болып қала береді. 2024 жылы бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, қандастардың бейімделуі мен жаңа өмірге қадам басуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.

Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы 2024 жылы 20-дан астам елден және Қазақстанның барлық өңірлерінен 6100 өтініш қабылдап, оларды шешу бойынша жұмыс жүргізді. Өтініштердің басым бөлігі Өзбекстан, Моңғолия, Қытай және Ресей елдерінен түсті. Орталық қандастарға көші-қон, бейімделу, тұрғын үй, жұмысқа орналасу және кәсіпкерлікті бастау бойынша жан-жақты кеңес берді.

Аймақтар арасында өтініштер саны бойынша Алматы қаласы және Алматы облысы алда тұрса, Қызылорда және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш аз болды. Бұл деректер қандастардың қоныс аудару үрдісінде қай өңірлерге көбірек қызығушылық танытатынын көрсетеді.

«Erulik.kz» веб-платформасы шетелдегі қандастардың Қазақстанға қоныс аударуын жеңілдету мақсатында іске қосылған ерекше бастама болды. Платформа Қазақстанның әр өңірінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы ақпарат берді. Қоныс аударушыларға құжат рәсімдеу, балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру, медициналық қызметтер алу және кәсіп бастау бойынша нақты нұсқаулықтар ұсынады. Қандастарға бос жұмыс орындары, тұрғын үй және аймақтың экономикалық мүмкіндіктері туралы толыққанды мәлімет береді. Бұл платформа арқылы қоныс аударушылар өздері үшін қолайлы өңірді таңдауға мүмкіндік алды. 2024 жылы платформаны мыңдаған қандас қолданды.

«Отандастар бизнес форумы»: Кәсіпкерлікті дамытуға арналған алаң

2024 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстанда шетелдегі қандастардың кәсіпкерлік әлеуетін дамыту мақсатында «Отандастар Бизнес Форумы» өткізілді. Бұл форум қандастарды ел экономикасына тартуға бағытталған маңызды қадам болды. Форумның мақсаты – әлемнің әр түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кәсіпкерлік идеяларын ортаға салып, Қазақстанның дамуына үлес қосу мүмкіндігін арттыру. Форумға 12 елден 50 қандас кәсіпкер мен Қазақстанда табысты бизнес жүргізіп отырған 100-ден астам қандас қатысты. Қатысушылар қатарында Еуропа, Түркия, Қытай және ТМД елдерінен келген бизнесмендер болды. Қатысушылар өз салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту жолдары туралы пікір алмасты. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері Қазақстан нарығына шығудың мүмкіндіктері мен кедергілері туралы талқылады. Форум барысында қандастар арасындағы кәсіпкерлік желіні қалыптастыру үшін арнайы нетворкинг шаралары ұйымдастырылды. Шетелдік қандастар Қазақстан кәсіпкерлерімен ынтымақтастық келісімдер жасады. Қазақстанның әр өңірінде инвестицияға мұқтаж стартап жобалар таныстырылды. Форум нәтижесінде бірнеше стартап жобасына шетелдік қандастар қаржы салуға қызығушылық танытты. Форумның маңызды нәтижелері: Түркиядан келген қандас кәсіпкерлермен Қазақстанда бірлескен сауда және логистика орталығын құру туралы келісімдер жасалды. Германиядағы қандастар IT саласындағы жетістіктерімен бөлісіп, Big Data және жасанды интеллект жобаларын Қазақстанға енгізу туралы ұсыныстар жасады. Қытайдан келген кәсіпкерлер экспорттық өнімдерді ілгерілету бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспорттау бойынша бірлескен кәсіпорын құруға дайын екенін мәлімдеді.

Халықаралық ынтымақтастық: Шетелдік серіктестермен өзара тиімді байланыс

2024 жылы «Отандастар қоры» халықаралық ынтымақтастықты нығайту, шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды кеңейту және қазақ диаспорасын қолдау бойынша жаһандық деңгейде маңызды қадамдар жасады. Әлемнің түкпір-түкпірінде өткен кездесулер мен келіссөздер қандастармен байланысты нығайтуға, олардың әлеуетін Қазақстанның дамуына тартуға бағытталған көптеген маңызды бастамаларға негіз болды.

23 мамырда Қоғам президенті Данияр Қадыров Мәскеу қаласында РФ Шетелде тұратын отандастар және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі федералдық агенттік (Россотрудничество) басшылығымен кездесті.  Аталмыш шараға Россотрудничество басшысы Евгений Примаков және ҚР Ресей Федарциясындағы Елшілігінің дипломаттары қатысты.  Кездесу барысында тараптар қол қоюға әзірленіп жатқан, өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандум жобасы бойынша өз пікірлерін білдіріп, бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеуге уағдаласты.

1 шілдеде Қоғам президенті Данияр Қадыров Анкара қаласында Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқарма (YTB) басшысы Абдуллах Еренмен, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) басшысы Серкан Каялармен, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшы орынбасары Сайыт Юсуфпен кездесті.  Кездесу барысында Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқарма (YTB), Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA), Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымдары бірлескен мәдени-гуманитарлық жобалар мен бастамаларды одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін айтты. 

8 тамызда Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің елімізге мемлекеттік сапары аясында Қоғам мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар жөніндегі комитеті арасындағы өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды.

26-29 тамызда Қытайға іссапар жасап, Ұлттар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Пань Юэ, Комитеттің халықаралық қатынастар және ынтымақтастық департаментінің басшысы Вэй Госюн,  Үрімшіде Аймақтық ШҰАР партком мүшесі, аймақтың «Біріккен майдан» бөлімінің басшысы, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ильзат Ахматжан, аймақтық Ұлттар мемлекеттік комитет департамент басшысы Касым Махмудұлы және шетелдегі қытай диаспорасымен айналысатын аймақтық мекемелер басшыларының қатысуымен кездесу өтіп, өзара байланысты нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) диаспора істеріне жауапты министрлері мен мекеме басшыларының 6-шы кездесуі 2024 жылғы 18 қарашада Ташкент қаласында өтті. Алқалы жиын Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлттар арасындағы қарым-қатынастар және шет мемлекеттермен достық комитетінің ұйымдастыруымен өткізілді.

2024 жылдың 25-29 қарашасында Қазақстан Республикасының Жапониядағы және Корея Республикасындағы Елшіліктерінің қолдауымен «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров бастаған делегация Жапония және Оңтүстік Кореяда диаспора істерімен айналысатын мекемелермен байланыс орнату, олардың жұмыс тәжірибесімен танысу және сол елдердегі қазақ мәдени ұйымдары өкілдерімен кездесу мақсатында іссапар өтті.

Жапонияда, Иокогама қаласында JICA (Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігі) Латын Америкасы және Кариб аймағындағы жобалау мен Никкей қауымдастығы департаментінің басшысы Наоко Иагомен, Nikkei & Japanese Abroad қауымдастығының атқарушы директоры Катсуюки Танакамен кездесулер өтті. Оңтүстік Кореяда Шетелдік корейлердің Агенттігі (Оverses Koreans Agency) вице-комиссары Бюн  Byun Chul-hwan, директордың орынбасары Kwak Samju мен   кездесу өтті.

Аталған кездесулер барысында жапондық және корейлік әріптестер Қоғам қызметіне, әріптес мекемелер арасында ынтымақтастық пен байланыстарды нығайтуға өз қызығушылықтарын танытты. Алдағы уақытта өзара түсіністік туралы құжаттарды ресми арналар арқылы жолдау туралы уағдаласты.

«Отандастар қорының» халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмысы шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау және олардың әлеуетін дамыту тұрғысынан табысты болды. 2024 жылы жасалған келісімдер мен меморандумдар тек шетелдегі қандастармен байланысты нығайтып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға да ықпал етті. Бұл ынтымақтастық алдағы жылдары жаңа жобалар мен бастамалар арқылы өз жалғасын табатынына сенімдіміз.

Шетелдегі қазақ жастарына арналған жазғы лагерьлер: Болашаққа бағытталған бастама

Шетелдегі қазақ диаспорасы балаларының тарихи Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру және ұлттық құндылықтарға баулу мақсатында ұйымдастырылатын жазғы білім беру және танымдық лагерлер – «Отандастар қорының» ең маңызды бастамаларының бірі. Бұл лагерлер жастардың этникалық бірегейлігін нығайтуға және олардың тарихи тамырларымен байланысын күшейтуге бағытталған. Жазғы лагерлер бағдарламасы қазақ халқының бай мәдениетін, дәстүрін және өнерін үйренуге бағытталған. Балалар 2 аптада қазақ тілі мен тарихын үйренеді, киіз үй тігу, садақ ату, атқа міну, домбыра тарту, қазақ әндері мен билерін орындау, қолөнер бұйымдарын жасау арқылы ұлттық құндылықтарды бойға сіңірді.

Осы шаралар балаларға қазақ мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды ұлттық рухпен сусындатты. Қатысушылардың пікірінше, лагерь олар үшін тарихи Отанына деген ерекше сезім сыйлап, өз мәдениетіне деген құрметін арттырды.

Лагердің танымалдылығы жыл сайын артып келеді. Егер 2019 жылы бұл жобаға 150 бала қатысса, 2024 жылы олардың саны 250-ге жетті. Бұл көрсеткіш «Отандастар қоры» ұйымдастырған лагерьлердің тиімділігін және шетелдегі қандастардың осындай жобаларға деген сұранысын айқын көрсетеді.

Лагерь бағдарламасының қатысушылар үшін маңыздылығы зор. Олар ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызын түсініп, өздері де қазақ мәдениетін насихаттауға ынта танытуда. Осы жобаның арқасында жүздеген бала тарихи Отанымен байланысын нығайтып, қазақ халқының дәстүрлері мен өнеріне жақын болу мүмкіндігіне ие болды.

Қазақ тілін насихаттау және білім беру: Жаңа мүмкіндіктер

Қазақ тілін насихаттау мен білім беру «Отандастар қорының» басты бағыттарының бірі. 2024 жылы бұл бағытта бірнеше маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. Қордың бастамалары шетелдегі қандастардың ана тілін меңгеруін жеңілдетіп, олардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырды.

2024 жылы қазақ тілінен 600-ден аса онлайн сабақ өткізілді. Бұл курстар қазақ-орыс, қазақ-ағылшын, қазақ-парсы және қазақ-түрік тілдерінде ұйымдастырылып, 1300-ден астам қандасқа тіл үйренуге мүмкіндік берді. Деңгей бойынша бөлінген курстар әртүрлі жас топтарына, қажеттіліктеріне және тілдік деңгейлеріне бейімделген.

Этникалық қазақтарға арналған BILIMLAND платформасы шетелде тұратын балалардың қазақ тілінде мектеп пәндерін оқып, Қазақстанның білім беру жүйесімен танысуына мүмкіндік берді. 2024 жылы бұл платформада 1000-нан астам қолданушы тіркеліп, оқу процесіне белсене қатысты. Платформа қазақ тілін үйрену үшін тиімді құралға айналды.

2024 жылы қол жеткізген ең басты жаңалық – Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсуге арналған ҰБТ тапсыру талаптары қандастар үшін жеңілдетілді. Нақтырақ айтқанда, қандастар үшін шектік балл талабы алынып тасталды және олар енді тек 3 пәннен тестілеу тапсырады.

Бұл өзгерістер қандастардың жоғары білім алу мүмкіндігін арттырып, олардың тарихи Отанына оралуына және білімін осында жалғастыруына қолайлы жағдай жасады. Нәтижесінде, 2024 жылы 4% мемлекеттік квотамен оқуға түскен қандастардың саны 2 есеге өсті.

Шетелде тұратын қазақ мектеп оқушыларына арналған білім көрмелері – жастарды Қазақстанның білім беру мүмкіндіктерімен таныстыратын маңызды жоба. Көрмелерде гранттық бағдарламалар, ҰБТ туралы ақпарат, дайындық бөлімдері мен үздік университеттер туралы толық мәлімет берілді. Бұл бастама қандастар арасында үлкен қызығушылық туғызып, елге білім алу үшін келетін жастар санын жыл сайын арттыруда.

Ақпараттық қолдау. Қоғам өзінің басты міндеттерінің бірі ретінде халықты, соның ішінде шетелдік және отандық аудиторияны өз қызметі, жобалары және мақсаттары туралы ақпараттандыруды қарастырады. Бұл жұмыс аясында Қоғам түрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен (БАҚ) және сандық коммуникация арналарымен тығыз байланыс орнатуда.

Қоғам ақпараттық-насихат жұмыстарын ресми сайты, әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы жүргізеді. Бүгінде әлеуметтік парақшаларға 110 мыңнан аса адам тіркелген. Ал жалпы Қоғам таратқан ақпараттардың қамту көрсеткіші 2.5 миллион адамды құраған.

Бүгінде Қоғам жанынан құрылған Шетелдегі қазақ тілді БАҚ Ассоциациясы (бұдан әрі – Ассоциация) жұмыс істейді. Оның құрамына Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Иран, Түркиядағы қазақ тілінде ақпарат тарататын БАҚ өкілдері кіреді. Қоғамның қолдауымен Ассоциация мүшелері отандық медиа байқауларға қатысуға мүмкіндік алды.

«Үркер 2024» ұлттық бәйгесінде «Халықаралық БАҚ-та жарияланған үздік материал» номинациясы бойынша Ассоциация мүшесі, «Омбы қазақтары» аймақтық газетінің бас редакторы Торғын Ашенова жеңімпаз атанып, 1 000 000 теңге сыйақыға ие болды. Бұған дейін «Үркер» марапатын Түркиядағы «Қазақ елі» журналы (2023 жылы), Моңғолиядағы «kaznews.mn» ақпараттық порталы (2020 жылы) жеңіп алған болатын.

«Тіл-қазына» ҰҒПО ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында Ассоциация мүшесі, өзбекстандық Балнұр Алибековаға арнайы марапат пен 100 000 теңге сыйақы табысталды.

Қорыта келгенде, аяқталуына санаулы күндері қалған ағымдағы жыл шетелдегі қандастарымызбен жан-жақты байланыстарды нығайту, оларға мәдени-гуманитарлық қолдау көрсету, Қазақстанға оралуға ниеттенген этникалық қазақтарға толыққанды консультациялар беру тұрғысынан алғанда айтарлықтай жемісті болды деп айтуға болады. Келер жыл бұдан да табысты өтеді деген зор сенімдеміз.

 

Данияр ҚАДЫРОВ

«Отандастар қоры» КЕАҚ

Президенті