• RUB:
    5.17
  • USD:
    529.7
  • EUR:
    545.96
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Желтоқсан, 2024

«Алқа» ұйымына – 100 жыл

39 рет
көрсетілді

Тұп-тура бір ғасыр бұрын Алаш қайраткерлерінің ұжымдық еңбегі нәтижесінде «Алқа» атты әдеби ұйым дүниеге келді. Бұл ХХ ғасыр басындағы рухани бұлағай шақта, әдебиеттің қай бағытта дамуы керек екендігі дүдәмал тұста жасалған қазақ қаламгерлерінің тұғырлы тұжырымдамасы. Мұнда ел зиялылары боз жусан болмысы бұлдырап, ұлттық келбеті айғыздала жаздап тұрған қазақ әдебиеті һәм мәдениетіне жаны ашитын қаламгерлерді бір мүддеге біріктіруді,  талантты жастарға байыпты бағдар көрсетуді мақсат тұтты. Алаш ардақтыларының осынау еңбегін зерделеп, ондағы түйткілді түйіндерді талқыға салу мақсатында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымның 100 жылдығына арналған ғылыми семиниар өтті.

Алғашқы баяндаманы алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы жасады. Ғалым ең алдымен ұйымның құрылу кезіндегі дәуір дидарына тоқталып, қазақ әдебиетінің сол жылдардағы рухани ахуалына сипаттама берді.

«Бұл шақта иманды жолы бұлдырлаған қазақ әдебиетіне қарлығаштың қанатымен су тасығандай жәрдем көрсетіп, жамандықтың алдын-алуға шақырған алаш зиялылары «Алқа» әдеби шығармашылық ұйымын құруды ұйғарғанда үлкен рухани тоқыраудың таянғанын сезген еді. Бұл кезде биліктің бар тұтқасын қолына алған большевиктік диктатура соғыс пен қырғыннан, босу мен шашыраңқылықтан әбден қалжыраған халыққа жөпелімде қалыптастырған өз идеологиясын таңумен болды. Оны әлгіндей бейшара халдегі жұрт оң-терісін айырмай сіңіре берді. Осылайша халықтың руханияты бодандықтың құрығына ілінді. «Алқа» ұйымы бағдарламасының бар қуаты осыған қарсы күресуге жұмсалды», деді Д. Қамзабекұлы. Бұдан кейін алаштанушы ғалым ұйымның тұжырымдамасын жасаған жалғыз Мағжан Жұмабаев деген кесімді пікір айтудан алшақ болуға шақырды.

«Еңбектің ұжымдық жұмыс екенін дәлелдейтін ой мәтіннің соңғы сөйлемінде тұр. Онда: «Шын әдебиетшіл, шын ақын болсаң, мынау «Алқа» – сенікі. «Алқаға» кір! Құшағымыз, қойнымыз ашық». Осы жердегі үндеу көпшіліктің атынан жасалып тұр. Бір дәуірдің ұғымын, ой-пікірін білдіретін құжатты бір адам дайындамайды. Бір адам даярлаған күннің өзінде басқа азаматтар пікір қосып, толықтырады. Сондықтан дәл осы ұжымдық еңбекті дербес тұлғаның жеке «көзқарасы» ретінде ғана қарап кетпеуіміз керек», деді ол. Сонымен қатар Дихан Қамзабекұлы тұжырымдаманың атауына қатысты ұстанымын жеткізді. Ғалым айқындаманың «Алқа»  атауы мен кіріспе ыңғайындағы «Табалдырық» сөзін қосарламау керектігін атап өтті.

Оқырман қауымға түсінікті болу үшін «Алқа» бағдарламасы жоғарыда сөз еткен кіріспе мен соңында айтылатын үндеулерден басқа бес бөлімнен тұратынын айтуды жөн көріп отырмыз. Олар: «Әдебиетіміз», «Бұл күнге шейін төңкеріс һәм әдебиетіміз», «Енді төңкеріс һәм әдебиетіміз», «Әдебиет не нәрсе? Әдебиеттің жалпы заңы», «Марксшілдік һәм әдебиет не жазуға» деп аталады.

Еңбекті оқып отырып даярлаушылардың кең ауқымдағы ізденіс іздері анық аңғарылады. Сұлулықтың, ғылыми тілмен айтсақ эстетиканың маңызды бөлшегі әдебиет өнерінің қыры мен сыры, бүгінгі жағдайы мен келешегі, қазақ қаламгерлерінің жаһан әдебиетінің өкілдерімен байланысы терең талданып, оқырман назарына ұсынылады.

Алғашқы бөлім К. Маркстың «әдебиеттің өзінше дәуірлеуі техника мәдениетінің дәуірлеуіне байланбайды», деген пікірінен бастау алып, қазақ әдебиетінің тарихы материалдық мәдениеттің қарыштап дамуынан бұрын да тереңге тамыр жайғаны сөз етіледі.

Ал  «Бұл күнге шейін төңкеріс һәм әдебиетіміз» атты бөлімде төңкерістің қазақ әдебиетіне қалай әсер еткендігі баяндалады. «Үстіміздегі зор төңкеріс – бізге тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатынасы болған таныс төңкеріс емес, Еуропа тудырған жат төңкеріс еді. Осы себептен біздің әдебиетіміз бастапқы жылдарда төңкеріс туралы қолға аларлық ешнәрсе болмағаны даусыз. ...Төңкеріспен қазақ төңкерісінің сырты ғана соқтыққан ғана болғанмен, санасы дағдылы жолмен келе жатты», делінеді мәтінде.

Қазақ әдебиетінің бағыты мен бағдары «Енді төңкеріс һәм әдебиетіміз» деп аталатын бөлімде кең баяндалады. Қазақ қаламгерлері Еуропаның пішіндік ерекшелігін ыңғайға икемдегенімен, өнеріміздің ұлттық төлтума өзегінен айрылып қалмау керектігі анық­-қанық айтылады. «Ойымызда, қиялымызда, әдебиетімізде қазақ исі, Азия исі шықпауы мүмкін емес» дей келе, «бағыттың бар екені даусыз болғанымен, пролетариаттың өз тарихының,  қайыс камзолының исі шықпауға, қазақтың мыңжылдық тарихының, елтірі тұмағының исі шықпауға мүмкін емес» делінеді бағдарламада.

Дүниеге пролетариаттық дүрбімен қарайын әпербақан әсемпаздарға «Әдебиет не нәрсе? Әдебиеттің жалпы заңы» және «Марксшілдік һәм әдебиет не жазуға» атты бөлімдерінде «Адам – әуелі адам, одан соң ғана таптың мүшесі» деп ұстанымын ашық білдіреді.

Келесі баяндаманы жасаған алаштанушы ғалым, тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жоғарыда айтылған әдебиеттің маңызды мәселелеріне тоқталып, қазіргі әдебиеттанудың жалпы жағдайына жеке пікірін білдірді.

«Ұраншылдық әдебиеттің қас жауы. Ұлт зиялылары «Алқа» бағдарламасын жасай отырып, шын өнерді төңкерісшіл топтардың зарарынан аман алып қалғысы келді. Ойларын дәлелді, теорияға сай етіп жеткізді. Философтардың концептуалды идеяларын негізге ала отырып, өнердің шын мағынасындағы мақсатын айқындап берді. Ал қазіргі әдебиеттану саласында жарық көріп жатқан еңбектер теориялық тұрғыда әлі де тереңдеп, нақтылануы керек деп айтқым келеді», деді Е.Тілешов.

Қазір Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алаш ардақтылары еңбегінің сабақтастығы ретінде «Алқа» әдеби-мәдени клубы жұмыс жасайды. Әдебиетке жаны жақын студенттер клубқа қосылып, шығармашылығын шыңдайды. Осы ретте алаштанушы ғалым, профессор, оқу ордасындағы «Алқа» клубының алғашқы жетекшілерінің бірі Рақымжан Тұрысбек жастардың әдеби даму үдерісі туралы сөз етті.

«Алқа» – қазақ зиялыларының азаттық бағытындағы ұстанымын, ұлт жазушыларының елдік мүдде жолындағы көзқарастарын айқындайтын темірқазығы болғаны анық. Бертінде, Әдеби бірлестіктерге жетекшілік жасаған тұста – «Алқа» мәніне кең түрде маңыз беріліп, кеш-кездесулер мен  сұхбат алаңдарында жүйелі сөз етілді. Бұл бағыт студент жастар, жас ғалымдар арқылы жалғасып келеді. Жастардың басым бөлігі Абайдың рухани әлеміне құштар. Алаш арыстары А. Байтұрсынұлының «Маса», «Қырық мысал», М. Дулатұлының «Оян, қазақ!» туындыларын жиі қолға алады. М. Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін», «Толқын», «Жұлдызды – жүзік, айды алқа ғып берейін», «Сен сұлу», «Шолпы», «Сүй, жан сәулем», С. Торыайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңдерін жатқа айтып, тақырыптық-көркемдік ерекшеліктеріне назар аударып, айшықты-нақышты  мәні мен терең иірімдеріне еркін енеді. Ж. Аймауытұлының «Мағжанның ақындығы туралы», «Ұлтты сүю», «Қазақтың өзгеше мінездері» ( М. Әуезовпен бірге) мақалаларына мән беріп, мазмұн-сырына ден қойып, елдік мүдде, ұлттық мұратқа қатысты маңызды тұстарына құштарлық танытады», дей келіп «Алқа» ұйымы ұстанған алашшыл бағыт, азаттық рухы қазіргі жастар бойында да бар екендігін жеткізді.

«Бұдан байқалатыны, Елдің амандығы, жердің бүтіндігі, тұтастық пен тыныштық миссиясы – жастар бойынан табылып, ұлтқа қызмет ету, білім-ғылымға, еңбекке, өмірге құштарлық сынды жауапкершілік жүгі терең танылады. Арғы арналардағы дәстүр тағылымы, аға ұрпақ өкілдерінің азат ел, ұлттық мемлекет құру, тәуелсіздік рухына қатысты көзқарас-ұстанымы жас ұрпақ бойында бары байқалып, жалғастық пен сабақтастық тапқаны көңіл қуантады. Ертеңге сенім ұлғайып, үміт арта түседі», дейді Р. Тұрысбек.

Қазір «Алқа» ұйымы қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, phd Жанбота Кәріпбаевтың жетекшілігімен қарыштап даму үстінде. Іс-шарада ұйым мүшелері Алаш қайраткерлерінің өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Ал мәдени мәжіліске арнайы шақырылған Қазақ ұлттық өнер университетінің 4 курс студенті, жыршы Ұлдана Нұртуғанқызы Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының үзіндісін Сыр мақамына салып, жырды жаңаша жаңғыртты.

Жиын соңында филология ғылымдарының кандидаты, сондай-ақ факультет деканы Серікзат Дүйсенғазы ғалымдар мен шәкірттерге алғысын айтып, «Алқа» ұйымының жұмысына сәттілік тіледі.