• RUB:
    4.95
  • USD:
    527.3
  • EUR:
    544.86
Басты сайтқа өту
Мектеп 05 Қаңтар, 2025

Астанада 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады

93 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Павел Казанцев, Самат Нұртаза және Нартай Сәрсенғалиев Астана қаласы Үркер тұрғын алабындағы жаңа жайлы мектептің алдағы жұмысқа дайындығымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үркер тұрғын алабында мектептердегі орын тапшылығы мәселесі жергілікті тұрғындарды жылдар бойы толғандырып келді. Осылайша, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа үлгідегі мектеп салынып, азаматтарды алаңдатқан мәселе өз шешімін тапты. 9 қаңтарда аталған білім ордасы 2 мың оқушыны қабылдайды.

Нысанды аралау барысында Павел Казанцев Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының маңызды басымдығының бірі  - отандық тауарлар мен қызмет көрсетушілерді қолдау екеніне назар аударды. Атап айтқанда, нысанды салушыларға қойылатын басты талап – жергілікті қамту үлесі кемінде 70 пайыз болуы.

«Реттелетін жиһаз, жабдық, құрылыс материалдары – толық дерлік отандық өнім. Яғни, 90 пайызы – Қазақстанда жасалған. Мұндай тәсіл стратегиялық тұрғыда маңызды дер едім. Себебі Қазақстанда өндірілген өнімді пайдалану ұлттық экономиканың өсіміне ықпал етеді. Бұл – біздің жұмыс орындарымыз, экономика, қаржы айналымы, оның бәрі осында», деді Павел Казанцев.

Өз кезегінде Самат Нұртаза еліміздегі демографиялық өсім қарқыны білім беру жүйесі үшін елеулі салмақ салатынына мән берді. Тиісінше, мектептердегі орын тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.

«Бұл №33 мектеп әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың есімімен аталады. Ғимаратта оқушылар қауіпсіздігіне ерекше назар аударылғанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба аясында мұндай мектептер еліміздің шалғай елді мекендерінде де салынады», деді депутат.

Бүгінге дейін Астанада бас-аяғы 11 жайлы мектеп ашылды. Жалпы, елордада ұлттық жоба аясында 90 мың оқушыға арналған жаңа үлгідегі 24 мектеп салынады.