• RUB:
    4.95
  • USD:
    527.3
  • EUR:
    544.86
Басты сайтқа өту
Әскер 05 Қаңтар, 2025

Әуе апатында зардап шеккендерді құтқарған әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталды

45 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Жарлығымен төтенше жағдай кезінде шешуші әрекетке барғаны үшін Қорғаныс министрлігі 30153 әскери бөлімінің алыс радиомаркер пункті бөлімшесінің бастығы Нұрлан Ботағарин Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 

Ақтауда кіші сержант Нұрлан Ботағаринге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай лайықты марапатын салтанатты түрде табыс етті.  

Сөз кезегі Нұрлан Ботағаринге келгенде, ол ұшақ апатынан қаза тапқан адамдардың туған-туыстарына көңіл айтты. Марапатқа алғысын білдірген әскери қызметші өзін батырмын деп санамайтынын алға тартты. 

«Менің орнымда кез келген адам осылай әрекет етер еді.  Сол сәтте менің ойымда өмір мен өлімнің арасында қалған жандарды арашалап алып қалу ғана болды», деді ол.

Фотоға түсіп қалған әскери адамның кескіні – Ақтау маңына әзербайжандық Аzal авиакомпаниясының ұшағы құлаған жерде кіші сержант Нұрлан Ботағариннің болғанының дәлелі.

Апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларын құтқарғаны туралы Қорғаныс министрлігі 30153 әскери бөлімінің алыс радиомаркер пункті бөлімшесінің бастығы кіші сержант Нұрлан Ботағарин үнсіз қалуды жөн көрді. 

Дегенмен БАҚ-та жарияланған суреттерде жауынгерді Сайын Шапағатов ауылының тұрғындары таныды. Бірте-бірте оқиға орнында алғашқы болып жеткен адам ҚР Әскери-әуе күштері авиациялық базасының әскери қызметшісі кіші сержант Нұрлан Ботағарин екені белгілі болды. 

Көлікпен бір шақырым қашықтықты жүріп өтіп, ол әуе кемесі апатқа ұшырағаннан сәтте бірден оқиға орнына жетеді.

Қайғылы жағдай орын алған күнін еске қайта түсіру қиын. Оның есінде далада ақ күртеше киген қыздың бейнесі қалып қойған. Осы кезде ол бірден аман қалғандар бар-ау деп ойлайды. Қыздың аман-сау екеніне көз жеткізген соң оны жақындап келе жатқан көліктерге жібереді де Нұрлан Ботағарин қираған әуе кемесінің екінші бөлігіне қарай жүгіреді. Төңкерілген авиалайнердің корпусына көтеріліп, ол ішке кіреді. 

Көргенді сөзбен жеткізу қиын әрине, ауыр жарақаттары бар, ашық сынықтары бар адамдар ыңырсып, есеңгіреп жатты. 

Бірінші сәтте Нұрлан Ботағарин оларға зиян келтірмей қалай көмектесуге болатынын ойладым дейді. Алайда бірте-бірте зардап шеккендерді шығарып алып, оларды Маңғыстау электр желілік компаниясының қызметкерлеріне бере бастады. Осылайша ол салоннан он шақты жолаушыны шығарады.