Мұнайлы шаһарда пәтер кезегінде тұрғандар аз емес. Олардың арасында түрлі санаттағы отбасылар бар. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің мәліметінше, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тұрған 550-ге жуық адам жаңа баспанаға ие болған.
«Қалада жаңадан салынған «Модерн» және «Латифа» тұрғын үй кешендерінен берілген жаңа пәтерлерге апатты үйлерді паналап келген, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен кезекте тұрған тұрғындар қоныстанды. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жемісі», дейді Ш.Кейкин.
Сондай-ақ Атырау қаласының маңындағы Дамбы және Аспа ауылдарынан бірнеше отбасы жаңа қонысқа көшірілді. Зарослый ауылындағы жаңадан салынған жеке үйге ие болғандардың қатарында Аспа елді мекенінің тұрғыны Дәрмия Шыңғалиева да бар. Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны кезінде аталған елді мекенге қауіп төнген.
Жаңа жыл таяған сәтте тағы 91 отбасы жаңа пәтерге ие болып, қуанышқа кенелді. Енді олар 2025 жылды жаңа қоныста қарсы алатын болды.
«Жаңа жыл қарсаңында 91 отбасына жаңа пәтер беріліп отыр. Жаңа қонысқа көшкендердің арасында әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырғандар бар. Ата-ана қамқорлығынан тыс қалған жастарға да пәтер берілді. Жергілікті әкімдік осындай санаттағы тұрғындардың тұрмысын жақсартуды жалғастыра береді», дейді Ш.Кейкин.
Жаңа баспана «Аягөз» және «Латифа» тұрғын үй кешенінен берілген. Екі және үш бөлмелі пәтерлер барлық заманауи талапқа сай салынған. Жаңа пәтерге ие болған тұрғынның бірі – Эльмира Садықова. Оның күйеуі мүмкіндігі шектеулілер санатындағы І топ мүгедегі.
«Біз бұл баспананы көп жыл күттік. Тұрғын үй кезегінде 10 жылдан бері тұрамыз. Сонда да үміт үзбедік. Міне, жаңа жыл қарсаңында сол үмітіміз ақталып, баспанаға қол жеткіздік», дейді Э.Садықова.
Атырау облысы