• RUB:
    5.05
  • USD:
    527.23
  • EUR:
    544.05
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Тозығы жеткен желілер: Руслан Берденов Оралдағы ЖЭО-ның негізгі мәселелерін көтерді

34 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысына сапары барысында Respublica партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаты Руслан Берденов «Жайықжылуэнерго» АҚ инфрақұрылымын жаңарту қажет екенін айтты, деп жазады Egemen.kz. 

Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, 64 мыңнан астам жеке және 2 мыңға жуық заңды тұлғаларды жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіпорынның алдында шешуді қажет ететін күрделі мәселелер бар.

Олардың негізгісі – тозығы жеткен желілер, ішкі жүйелерді жөндеуге қаржының жеткіліксіздігі және кадр тапшылығы. Жыл сайын кәсіпорын есебінен екі-үш қондырғы күрделі жөндеуден өткізіледі. Бірақ соған қарамастан инфрақұрылым ауқымды жаңғыртуды қажет етеді. Оған қоса, жылу электр станциясының жауапкершілік аймағынан тыс орналасқан үйішілік желілердің проблемалары көрсетілетін қызметтердің сапасын төмендетеді.

Кәсіпорын қызметкерлерімен кездесу барысында сондай-ақ стратегиялық нысандарға мемлекеттік сатып алудың ерекшеліктеріне қатысты да маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, қажетті қосалқы бөлшектер Ресейден жеткізіледі. Бірақ қазіргі сатып алу жүйесі оған жөн-жосықсыз жеткізушілердің де қатысуына мүмкіндік береді. Бұл жеткізу уақытын ұзартады, қолайсыздықтар тудырады және жылыту жұмыстарының бұзылу қаупін арттырады.

Сонымен қатар қызметкерлерді басқа ұйымдар арқылы медициналық тексеруден өткізу мәселесі де сөз болды. Ол мемлекетке 60 млн теңге шығын әкеледі. Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы ережелеріне сәйкес, кәсіпорындарға медициналық тексеруді өздігінен жүргізуге рұқсат етілмейді, бұл процесті едәуір қиындатады.

Тағы бір маңызды мәселе – нысандарды күзету. Күзет тарифтері біржақты тәртіппен көтерілді, бұл кәсіпорынға қосымша қаржылық қысым келтіреді.

«Орал ЖЭО мыңдаған адамның әл-ауқатына ықпал ететін   стратегиялық нысан. Бүгінгі таңда кәсіпорынның қазіргі ресурстары қордаланған мәселелерді толықтай шешуге жеткіліксіз. Сондықтан барлық деңгейде кешенді жаңғырту мен қолдау жолдарын іздестіру қажет», деді Руслан Берденов.

Депутат жылу электр орталығынан бөлек, Ресеймен шекарадағы «Сырым» бақылау-өткізу бекетінде болып, шекаралық инфрақұрылымды жақсарту мәселелерін талқылады. 

Сондай-ақ ол облыс басшылығымен, кәсіпкерлермен және белсенді жастармен кездесулер өткізіп, өңір тұрғындарының өзекті проблемаларымен танысты.

«Өңірдегі мәселелерді шешу жергілікті билік, бизнес және республикалық құрылымдардың қатысуымен жүйелі әрекет ету тәсілін талап етеді. Батыс Қазақстан облысының әлеуеті зор және біздің мақсатымыз - оны толық көлемде пайдалануға көмектесу», деді депутат.