• RUB:
    5.12
  • USD:
    524.75
  • EUR:
    540.6
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 08:38

Сала үздіктеріне құрмет

27 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кәсіби борышын орындау кезінде көрсеткен қайсарлығы мен батылдығы үшін жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандарын марапаттады.

Министрлікте өткен салтанатта екі фельдшер «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін өңіріне тақса, төрт фельдшер Құрмет грамотасын алды. Барлық алты фельдшер де Жедел медициналық жәрдем қауымдастығының «Үздік қызметкер» төсбелгісімен марапатталды. Кездесуде А.Әлназарова салада іске асып жатқан ауқымды жоба-жоспарлардың ретін баяндады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылғы 19 сәуірде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі енгізілді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге, заңгерлік, қаржылық жағынан қорғауға бағытталған маңызды заңға қол қойылды. Әлеуметтік қолдауға басымдық берілді. Ел көлемінде жедел медициналық жәрдем қызметін 20 дербес станса, 98 қалалық кіші станса, 232 аудандық бөлімше көрсетеді. Олар өткен жылы 7 миллионнан астам шақыртуға барған. Облыстық, қалалық жедел жәрдем стансаларында бір ауысымда 1 491 көшпелі бригада жұмыс істейді. Жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсету ұйымдарының жанындағы ЖМЖ бөлімшелерінде 446 бригада бар. Жедел жәрдем бригадаларының тиісті құрал жабдығын түгендеуге көңіл бөлініп келеді. Жергілікті атқарушы органдар 150-ге жуық медициналық санитарлық көлік сатып алды. Биыл 350-ге жуық көлік жедел жәрдем қызметіне беріледі. Жедел жәрдемнің сапалы қызмет көрсетуі үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп, тариф мәселесін қайта қарап, ынталандыру жұмыстарына қатысты шараларды батыл қолға алдық, бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруды жос­парлап отырмыз», деді А.Әлназарова.

Министр су тасқыны кезінде, ақтүтек боранда, өрт сөндіру барысында төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен иық тіресе өз міндетін абыроймен атқарған фельдшерлерді құттықтап, жүрекжарды лебізін біл­дірді.

«Сіздер ылғи да батылдық пен қай­сар­лықтың үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Небір қиындықтарға қарамастан кәсі­би міндеттеріңізге адалдық танытасыздар. Тұрғындарды ауыр жағдайға қалдырмайтын нағыз батырсыздар. Ке­шегі Ақтау маңындағы ұшақ апатына да сақадай сайланып, жедел жеткен әріптестеріміз өз міндеттерін абыройлы орындап, нағыз білікті мамандар екенін көрсетті. Еліміздің барлық аймағында өздеріңіз секілді мінсіз еңбек етіп жүрген жедел жәрдем қызметкерлеріне алғысымды білдіремін», деп түйіндеді министр.

 Марапатталған фельдшерлердің ішінде Қарқаралы ауданындағы дала өрті кезінде тұрғындарға медициналық, эво­куа­циялық көмек көрсетіп, ерлік танытқан Гүлназ Боранбайқызы, пациент­­ке жету үшін мұздай суға түсуден тайын­баған Қамысты жедел жәрдем стан­са­сы­ның фельдшері Сергей Волков, боранды күні босанатын әйелге жетуге асыққан Мәдина Ахметжанова бар. Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған маманның бірі – Әнел Баймырзина. Ол қызмет барысында науқастың туыстарынан соққыға жығылып, қазір стационарлық ем алып жатқан соң, кездесуге келе алмады.

Өткен жылы Мемлекет басшысының баста­масымен үш дәрігер «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын алды. Оларға 1000 еселенген АЕК мөл­ше­рін­де біржолғы ынталандыру сыйлығы берілді.

Жақында медицина, фармацевтика қызметкерлерінің арасында өткен «Кәсібінің үздігі» республикалық кон­кур­сының жеңімпаздары анықталды. Үздік деп танылған 16 номинацияның жеңімпазы 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алды.