Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғыны Бақыт Бекниязова үш жыл бұрын мемлекеттен жалдамалы үй алған еді. Алайда оның бұл қуанышы ұзаққа бармады. Пәтерге кірісімен әжетханасы кәріз суына тола бастады. Мәселе әлі күнге дейін шешілмеген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Б.Бекниязованың айтуынша, Байғанин ауданы Аэропорт көшесіндегі екі қабатты үй осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген.
«Үй ішіндегі әжетхананы кәріз суы басқан. Сүртіп, кептіріп қоямын, қайта толып қалады. Кейін әкімдікке барып көмек сұрадым. Олар кәріз құбыры бітеліп қалғанын айтады. Бірақ қазір лас су құбырдан ғана емес, едендегі қыш тақтайшаларының арасынан да кіріп жатыр. Бізге көмек керек», деді ауыл тұрғыны Бақыт Бекниязова.
Дәл осы үйдің тұрғыны Гүлзат Есенбаева да үйдің сапасына көңілі толмайтынын айтты. Терезесінен жел соғатын болған соң амалдап, скочпен бітеп қойған. Сонымен бірге қабырғасында жарық бар көрінеді.
Тұрғындар жіберген видеодан пәтер ішінен бөлек ортақ дәлізге де кәріз суы кіріп жатқанын көруге болады. Бұл бір ғана отбасының емес, бірінші қабаттағы тұрғындардың ортақ проблемасы. Олардың ойынша, жер астында құбыр жарылған болуы мүмкін.
Бұл мәселеге Байғанин аудандық әкімдігі өз жауабын берді. Әкімдік тұрғындардың өзіне кінә артып отыр.
«Бұл үй 2021 жылы осал топтағы адамдарға пайдалануға берілді. Үйдің кәріз құбыры түрлі тұрмыстық заттармен бітеліп қала береді. Құбыр бітелген сайын тіркеп отырамыз. Тұрғындардың ешқайсысы мойнына алмайды. Мұнда 16 пәтер бар. Әрқайсысымен жеке-жеке жиналыс өткізілді. Еш нәтиже бермей отыр. Жанында өзге де екі қабатты үйлер бар. Оларда ешқандай мәселе жоқ, мәселе тек осы үйде болып тұр. Келісімшарт бойынша адамдар өздері күтіп ұстауы тиіс», деді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушанов.