Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ақтауда әзербайжандық «Azerbaijan Airlines» ұшағы апатқа ұшыраған кезде батылдық, кәсібилік пен жауапкершілік танытқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттап, Президенттің Алғыс хатын табыстады.
Ескі жылды қорытар тұста Ақтау қаласы маңында болған ұшақ апаты дүйім елді дүр сілкіндірді. Әуе кемесі апатынан 30-ға тарта жолаушының тірі қалуы – алдымен тағдырдың сыйы, сосын ұшқыштардың шеберлігі мен ерлігінің нәтижесі болса, жерге құлаған сәттен бастап жанқиярлықпен жәрдем қолын созған маңғыстаулықтардың еңбегінің жемісі. Жол бойындағы жолаушыдан бастап сол маңда жұмыс істеп жүрген мекемелер, медицина, төтенше жағдай, жедел жәрдем, әуежай қызметкерлері жұдырықтай жұмылды. Тірі қалған адамдардың барлығы аман-сау елдеріне жіберілді. Мейірімді, ұйымшыл қазақтың, киелі Маңғыстаудың даңқы әлемге жайылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде зардап шеккен азаматтарды құтқарып, көмек көрсеткен азаматтардың жанқиярлық әрекетін айрықша атады. «Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды», деді Президент.
Салтанатты шара барысында Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен «ҚР Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысының полиция департаменті» ММ маман-криминалисі Айбек Әлібаев марапатталды. Криминалист А.Әлібаев оқиға барысында қаза тапқан жандардың денелерін танып, туыстарына тапсыру жұмысымен айналысты.
– Қаза тапқан 38 адамның туыстары әр елден келіп, таныту жұмыстары жүргізілді. Түрлерінен анықтау мүмкін болмады. Сондықтан туыстарынан сұрай отырып, денелеріндегі ерекше белгілермен іздей бастадық. Көпшілігі меңіне, тыртығына, татуировкасына, алтын тісіне қарап таныды. Туыстарына өте ауыр болды. Тану кезінде жүрегі шыдамағандарға біздің медицина мамандарымыз көмек көрсетті, – деді Айбек Тахирұлы.
Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы Олжас Байтөре, Қорғаныс министрлігі 30153 әскери бөлімі алыс радиомаркерлік пунктінің бөлімше бастығы Ботағарин Нұрлан, Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті Басқұдық ауылы №2 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Серіболат Оңғар, Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Мәрлен Сәркенов марапатталды. «Құрмет» ордені «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ медициналық пунктінің меңгерушісі Ирина Кочергинаға, «Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы» МКК орталығының меңгерушісі Бақытжан Қойбековке табысталды.
– Қайғылы оқиға кезінде қол қусырып қарап отырмай, көмек көрсетуге жұмылдық. Алған марапатым – тиісті орындар азаматтарымен бірге аман қалғандарды құтқарып, олардың өз елдеріне оралуына еңбегі сіңгендердің арасында болғаныма жасалған құрмет, берілген сый. Президентке, облыс басшылығына, барша құтқарушыларға алғыс айтамын, – деді И.Кочергина.
Жалпы, 70-ке жуық азамат түрлі марапаттарға ие болды. Олардың ішінде жарақаттанғандарға ота жасаған дәрігер Б.Қойбековтің, психологиялық көмек көрсеткен «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының психологі Ж.Есеннің еңбектері ерен.
Сондай-ақ өңірде оқиға кезінде әр салада еңбек еткен мамандарға, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкіліне Маңғыстау облысы әкімінің марапаттары табысталды.
Маңғыстау облысы