7 қаңтардың түнінде Жалағаш ауданы полиция бөліміне 64 жастағы малшының жоғалғандығы туралы хабар түседі. Осы аудандағы Жаңадария ауылының «Құмжарған» учаскесінде фазендадан таңертең мал айдап шыққан азамат кешке оралмаған. Дауылды күні жоғалған ер адамды әуелі шаруа қожалығындағы малшылар өздері іздепті. Одан нәтиже шықпағасын полицияға жүгінуге тура келген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Адам жоғалу дерегі Жалағаш аудандық полиция бөліміне тіркеліп, қажетті шаралар жүргізілді. Полицейлер, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден арнайы топ құрылып, барлық ауылдар, далалық жолдар түгел қамтылды. Осының нәтижесінде жоғалған малшы түнгі 02:00 шамасында аман-есен табылды. Қожалық иесі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне әлеуметтік желі арқылы алғыс айтты.
Полиция қызметкерлері дауылды ескерту жарияланған уақытта алыс сапарға шықпау керектігін ескертеді. Ал жылдың қай мезгілінде де қауырт жұмыс жасайтын шаруа қожалығындағы қызметкерлер қыстаулар мен жайылымдардан алыс кетпеуге тырысқаны жөн.