Былтыр балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткені белгілі. Қонаев қаласында ұлы тұлғаның есімі әлі де ұлықталып жатыр. Жаңа жылда орталық саябаққа жазушы Б.Соқпақбаевтың есімі берілді.
Бұл саябақ екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген еді. Жалпы аумағы 8 гектар жерді алып жатқан саябақта субұрқақтар, сахна, көрермен орны, дүңгіршектер, түрлі шағын сәулеттік нысандар қойылып, заманауи стильдегі жабдықтармен жабдықталған. Оның қатарында орындықтар, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері бар. Сондай-ақ күрделі жөндеуден өткенде парк аумағына 584 түп ағаш егілген. Қала тұрғындары мен қонақтарға қолайлы саябаққа спорт алаңы мен футбол алаңы да салынған.
Өткен жылдың соңында орталық саябақта Б.Соқпақбаев пен оның танымал туындысы «Менің атым Қожаның» шағын сәулеттік нысаны ашылса, 11 қаңтар күні мұз айдыны қолданысқа берілмек. Сонымен қатар қаладағы Центральная көшесі қазақ әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаевтың есімімен аталғанын айрықша атағымыз келеді.
Алматы облысы